"Өзімнен 10 жас кіші": Актер Дәулет Бижанов жасырын түрде үйленіп алды
Актер, әзілкеш, бұрынғы жайдарманшы Дәулет Бижанов шаңырақ көтерді. Көпшілікке жар салмай жасырын ғана үйленген Дәулет оңтсүстік өңірдің қызын жар етті.
Бұл туралы "Опмай-опмай" бағдарламасында айтылды.
Дәулет Бижанов биылғы жылдың қыс айында отау құрды. 30-ға толған актер орда бұзар шақта ақ құсын қолына қондырды. Қалыңдығы өзінен 10 жас кіші.
"Мен ешкімге жар салып үйленетінімді де, үйленгенімді де айтқан жоқпын. Қыстың көзі қырауда үйленемін деп шештім. Бір айдың ішінде үйленіп кеттім. Ас та төк үлкен той болған жоқ. Тек ауыл той болды. Жақындарымыз арасында өтті. Өзіміз қанша халықтың тойында жүрсек те өз тойымыз осылай шағын өтті. Бірақ оған еш өкініш жоқ. Бәрі Алланың қалауымен болды", - деді ол.
Актердің қалыңдығы оңтүстік өңірдің тумасы. Мамандығы - медицина саласы. Өзінен он жас кіші арумен әзілкеш әлеуметтік желі арқылы танысқан.
"Мен оған әлеуметтік желі арқылы жаздым. "Сәлем" дедім. Бір айдан кейін жауап берді. "Бірақ сіз менен үлкен екенсіз, сөйлесе алмаймын" деді. Мен өзімнің он жыл бұрын туғаныма, ол он жыл кейін туғанынан кінәлі емес шығармыз деп жаздым. Солай әңгімеміз жарасты. Әзіл көп жерде көмектеседі ғой. Бұған дейін де қанша қызға сөз айтып, сөйлесіп көрдім. Өзімнен 1-2 жас кіші қыздар өзіңді ақымақ көреді. 5-6 жас кіші қыздар сәл ақымақтау деп ойлайды. Ал 10 жас кіші қыздар "сен ақылдысың" дейді. Сондықтан өзіме сай келгені сол болды. Оның үстіне, медицина маманы. Қартайғанда өзіме қарайды. Әзіл адамдары ақымақтау келеміз ғой. Менен бұрын 70-ке таяған әке-шешем қатты қуанды. Мені ұзатып жатқандай қуанды", -деді актер.
Әзілкеш бұл жаңалығын көпшілікке жар салып хабарлаған жоқ. Әлеуметтік желіге де той суретін жарияламады.
Пародист әрі тележүргізуші Дәулет Бижанов анасының өзіне оңтүстіктен келін әкелуді бұйырғанын айтқан еді.