Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстанда қарақалпақстандық белсенді Дәулетмұрат Тәжімұратов қамауға алынды

Өзбекстанның конституциялық құрылысына қол сұғушылық ісі бойынша 14 адамнан жауап алынып жатыр. Көпшілігі автономияны сақтауды жақтайтын қарақалпақ ұлтының өкілдері. Makan.uz сайтының негізін қалаушы Лалагүл Қаллыханова да ұсталған. Ол "қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғу" қылмысы үшін күдікке ілінген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Даулетмурат

"Атап айтқанда, Тәжімұратов Д.М. және Тұрданов А.Т. Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша айып тағылды. Оларға қатысты сот шешімімен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қаллыханова Л.О.-ның әрекеттерінен қоғамдық қауіпсіздікке қол сұғатын қылмыстардың белгілері анықталды. Ол іс бойынша күдікті ретінде тартылып, процессуалдық қамауға алынды, - деп мәлімдеді Өзбекстан прокуратурасы.

Сонымен бірге, Өзбекстан билігі күдіктілерге зорлық-зомбылық пен азаптау болмайтынына уәде беріп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанның құрамындағы ел Қарақалпақстанда Конституцияға енгізілген өзгерістерге қатысты халық алаңға шығып, наразылықтарын білдірген.

Дәулетмұрат Тәжімұратов облыс тұрғындарына сөз сөйлеп, түзетулердің қабылдануына жол бермеуге шақырған. Митингтен кейін қауіпсіздік күштері оның үйіне басып кіріп, белгісіз бағытқа алып кеткен. Жергілікті тұрғындар жаппай шерулерге Тәжімұратовтың ұсталуы себеп болғанын айтады.



Сенбі күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Нүкүске келіп, Қарақалпақстанда автономияны сақтап қалуды ұсынды. Ол сондай-ақ 2 тамызға дейін Қарақалпақстанда төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізді.

Жұма күні Қарақалпақстан автономиялық республикасында автономия аймағының айырылып қалу қаупі мен Өзбекстаннан шығу құқығына байланысты толқулар басталды. Кейін Нүкүстегі тәртіпті полиция күшімен орнатқаны белгілі болды. Өзбекстан ІІМ Қарақалпақстанда қылмыстық топтың мемлекеттік билік органдарын басып алу әрекеті тоқтатылғанын хабарлады.

Қарақалпақстандағы толқулар кезінде Ташкенттің мәліметі бойынша 18 адам қаза тапты: оның ішінде 14 бейбіт тұрғын және 4 қауіпсіздік қызметкері бар. Алайда бейресми мәлімет бойынша, қаза тапқандар әлдеқайда көп, жараланғандар саны жүзден асады. Қарақалпақстанда наразылықтар басталғаннан кейін интернетке кіруге шектеу қойылды, өзбек оппозиционерлерінің айтуынша, жаппай қуғын-сүргін жүріп жатыр.

2 миллионға жуық халқы бар Қарақалпақстан автономиялық республикасы Өзбекстанның солтүстік-батысында орналасқан. 1990 жылдары елдің референдум негізінде шығу құқығымен және екі тілде – қарақалпақ және өзбек тілдерінде Өзбекстан құрамына егеменді республика ретінде кіруі туралы шартқа қол қойылған.

Талқылау