Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарақалпақтар қалай тұрып жатыр және олардың қазақтардан айырмашылығы неде?

Қарақалпақ ұлтының өкілі Тазабике Сәлиева жұбайымен бірге Қазақстанға жиырма жыл бұрын келген. Елге көшкен соң олар қарақалпақ ұлтының азаматтарымен бірге, бастама жасап “Жайхун” этно-мәдени бірлестігінің негізін қалайды. Қазіргі уақытта Тазабике Әлиқызы бұл орталықтың төрайымы. Онда қарақалпақ мәдениетін өзгелерге таныту мақсатында әртүрлі ұлттық шаралар өтеді. Қарақалпақтар дәстүрі мен мәдениеті, киім үлгілері мен қазақ халқының жоралғыларымен ұқсастығы жайлы бірлестік төрайымының сұрадық. Сондай-ақ, соңғы уақытта туған жері Нүкісте болып жатқан жағдайға қатысты пікірін білдік. 

Тазабике Әлиқызы, жеке архивтен

Тазабике Әлиқызы Нүкістегі Қараөзек ауданы Қарабұға ауылының тумасы. Нүкістік азаматқа тұрмысқа шыққан.

“Қазіргі уақытта ауылда әке-шешем тұрады. Қарабұғы ауылының ерекше тарихы бар. Сондай-ақ, бұл мекеннен Қарақалпақстанның шайырлары, жазушылары, ғалымдары көп шыққан. Ел ауылдарында қазіргі таңда бұл дәстүр, тыйымдардың барлығы бар, сақталған”, – дейді Тазабике Әлиқызы туған жері жайлы.

Сөзінше, 2018 жылғы статистика бойынша Қазақстанда азаматтық алған қарақалпақ саны 11 262 шамалас. Тұруға рұқсат қағазбен жүрген қарақалпақтардың саны нақты емес. Бірақ деректерге сүйенсек 60 мыңға шамалас екен.

Нүкістегі жағдай

Қарақалпақстанда қазіргі уақытта тұрақсыз жағдай орын алып жатқанына қатысты Тазабике Сәлиева пікірін сұрадық. Сөзінше, бұған арандатушылардың қатысы бар.

“Менің өзбекке, басқа ұлтқа өшпеншілігім жоқ. Біздің халықта да жоқ. Қазір көріп отырмыз, ештеңе лақтырма, сындырма деп айтып жатыр, олардың қолында ештеңе жоқ, мылтығы, тасы да жоқ.

Бірақ ішінде арандатушылар жүр. Оларға мойынсұнба, бір жаққа барайық десе барма деп олар да айтып жатыр. Осы жағдай дұрыс жағынан өзінің шешімін табады деп ойлаймын, соған тілектеспін”, – дейді Тазабике Әлиева. 

Қазақстанға көшуі

“2001 жылы Қазақстанға көшіп келдік. Жолдасым Алматы қаласында Чайковский атындағы музыкалық колледжді, кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған. Кейіннен Күлаш Байсейітова атындағы театр ашылғанда достары шақырып, осында көштік. Балаларды оқытып, азаматтық алып, елде тұрақтап қалдық. Еліміздің тарихын, мәдениетін басқа елдерге көрсету, таныту мақсатында “Жайхун” мәдени орталығын аштық”, – дейді Тазабике Сәлиева.

Тазабике Әлиқызы, жеке архивтен

Орталық 2016 жылдан бері министрліктің ресми түрде рұқсатымен қызмет атқарып келеді.

“Мұндай орталық ашылуы үшін бастаманы қарақалпақтар жасауы керек. Тек қана қарақалпақтар емес, кәрістер, орыстар, қазақтар, өзбектер де бар арамызда. Біз орталықты қарақалпақтар демей, қарақалпақстандықтар деп атаймыз.  Себебі олардың барлығы біздің ауылда туған, бәріміз бір жерден су ішіп, бір жерден нан жедік. Елдің дәстүрін жақсы білетін осы кісілер.

Ал атауына келсек, Жайхун – Әмударияның ескі аты. Жайхун деген атауы бар кезде бұл су қатты тасып тұрған көрінеді. Кейіннен Әмудария болып өзгерген соң суы азайып қалған.  “Жайхун жағасында өскен бәйтерек” деп басталатын қарақалпақтардың гимні де бар. Барлық нұсқаларды қарастырып, осы атауды қойдық”, – дейді ол орталық жайлы.

Сөзінше, мәдениетін дәріптейтін шараларды жиі ұйымдастырады. 

“Өткен жылы қарақалпақ фольклоры туралы конференция өткіздік. “Қарақалпақ қаhармандық” дастаны, “Қырық қыз дастаны” атты халықаралық қойылым өткіздік. Оған Қарақалпақстаннан адамдар қатысты. Пандемия уақыты болған соң онлайн түрде өтті”, – дейді Тазабике Әлиқызы.

Тілдік ұқсастықтар мен қазақ тілін үйренуі

Қазақ пен қарақалпақтардың бірінші жақындығы – тілінің ұқсастығы. Екі елдің тіліндегі кейбір ұқсас сөздерді қарақалпақ ұлтының өкілінен сұрадық. 

“Мәселен, сіздер “қыздар” дегенді біз “қызлар” дейміз, яғни жалғаулары ғана басқаша. Ал енді бір-біріне ұқсамайтын сөздер де бар, “күйді” бізде “нама” деп атайды”, – дейді Тазагүл Әлиева. 

“Қазақ тілін Қарақалпақстанда жүргенде сол жақтағы қазақтармен сөйлесіп үйрендім. Ол жерде тілге қатысты проблема жоқ. Қарақалпақстанда болғанда кітапханалар қазақ кітаптарына тола еді, оларды жақсылап оқушы едік. Қайын енем Мақатаевтың бір кітабын жатқа айтып береді”, – дейді ол.

Қалыңмал, айтыс, қарыншашу дәстүрлері

“Қазақтармен жақын дәстүрлері ішінде туғанда қырқынан шығару, тұсаукесер, сүндет той, бесікке салу, үйлену, қыз айттыру сияқты жоралғыларды атауға болады. Қалыңмалға келетін болсақ, бізде қыздардың өнеріне қарап қалыңмалдың мөлшері белгіленеді. Қыздардың қолы өнерлі болса, қалыңмал да көбірек беріледі. 

Ауылда бізде де қазақтар бар. Сыртта жүрген адамдар ұмытып кетпейін деп өзінің дәстүрін қатты сақтайды. Мәселен, тұрғындар ру-ру болып отырады. Ырғақлы руы, Қыпшақтың Жағалтайы, Қарамойын руы бөлек отырады”, – дейді Тазабике ханым.

Сондай-ақ,сөзінше, қарақалпақтар қол алысып көріседі, ал сонда тұратын қазақтар тізесіне қолын қойып сәлемдеседі. 



“Атты бәйгеге қосу, тойларда ат шаптыру, көкпар ойындары бізде де, қазақтарда да бар. Беташар, келінді шымылдыққа кіргізу, келіннің қолынан шәй ішу сияқты дәстүрді біз де ұстанамыз. Бір айта кететіні, келін екі айлық жүктілік кезінде ауыл әйелдерін жинап қарыншашу береді. Дартархан жайып, шашу береді. Кейін сол келін ауыл адамдарының үйінің жанынан өтіп бара жатса, міндетті түрде келінді шақырып тойдыру қажет. Келін бірнарсе сұрап баратын болса, міндетті түрде дастарқанға отырғызып дәм татқызады. Қазақтардан мұндай дәстүрді көрмедім.

Келін – ұрлап, тығылып ас ішпейді, қараңғыда, жасырып жемейді, ешкімнің бетінен алмау керек. Біздің түсінікте бала адамның ішінде жатқанда бойына тәрбиені сіңіреді. Яғни, осылардың барлығы анасына балаға жақсы қасиет өтсін деген түсінік. Ұрлап жесе – ұрлықшы, қараңғыда жесе – іші қараңғы, өтірік айтса – баласы да өтірікші болады. Бала ананың ішінде тәрбие алып шығады. Менің пайымдауымша, ең керемет дәстүр осы шығар. Дәстүр өзінен өзі пайда болмайды ғой, ол ғасырдан ғасырға жеткен, тәжірибе жүзінде тексерілген”, – дейді ол. 

Тағы бір ерекшесі, қарақалпақтар да бір рудан қыз алыспайды. Сондай-ақ, алыстан келген адаммен, өзге рулармен әзілдесіп, күліп, ойнауға болмайды. Жақын келген адаммен, нағашылар көбіне ғана рұқсат етіледі екен.

Бізде келін қайын жұртының есімдерін атамайды. Тіпті үлкен балаларының аттарын атамайды. Мәселен, бір атадан туған балалардың аттарын әке-шешесі “атасының баласы”, “атасының қызы” деп үлкенге құрмет көрсетеді.

Ұлттық киімдері мен мәдениеті

Мұндада да көбіне қыз бала, әйелдердің киім үлгілері ерекше.

“Қыздар келіншек болғанша, құлағының алдынан шашты өріп жүреді. Ол тұлымшақ деп аталады. Тұрмысқа шыққан соң үш күннен соң тұлымшақты шешу рәсімі болады. Оны шешім, арғы жағына қосып өреді. Бұл “сен енді осы үйдің келінісің, ана боласың, мойныңда басқа міндеттер бар” деген мағынаны білдіреді.

Киімдері жағынан әйелдердің тек беті көрініп тұрады, жеңі – саусақтың ұшынан 15-20 см ұзын болады. Себебі біз қол алысып көрісеміз. Ер адаммен амандасқан уақытта қолы жеңнің ішінде болады. Бұрындары ер адамдармен солай сәлемдескен. Мұрынға әрибе  тағады, оны 7-8 жасқа дейін мұрынды тесіп тағып қояды. Тұрмысқа шыққан уақыттан бастап, әрибе тағып жүреді, ол тұрмысқа шыққанның белгісі. Күйеу қайтыс болса, әрибені алып тастайды”, – дейді ол.

Сондай-ақ, бастарындағы орамалды тартудың өз алдына бөлек реті бар. Жас келіншек – сары орамал, күйеуі өлген келіншек – көк орамал тартады екен.

“Маңдайынан тартып, түйіншегін сол жағына қойса, келіншектің күйеуі қайтқан, бірақ тұрмысқа шығуына болады. Керісінше күйеуі қайтқанына жыл толмаған болса түйіншек оң жағында. Тақияның пөпегі сол жағына қаратып кисе тұрмыс құрмаған, оң жағына қаратып кисе тұрмыстағы қыз екенін білеміз. Бізде міндетті түрде ру сұрасады”, – дейді Тазабике Әлиқызы.

Қазақтардағыдай айтыс мұнда да бар.

“Бізде айтысты төкпешәр дейді “төгіп, суырып салма айтып кете беретін” шайырлар болған. Эпостарды, лирикалық дастандарды дударшылар айтса, ал домбырамен ән айтатын кісілерді бақсылар дейді. Майын тамызып айтып береді. Жаңалық оқудың қажеті жоқ, себебі мұнда саясат та, қоғам мәселесі де көтеріледі.

Қазірдің өзінде бақсылар танымалдылыққа ие. Мәселен, менің ағам бақсы, Нүкісте дастандарды, қарақалпақ ұлттық әндерін домбырамен айтады”, – деп қосты ол.

Талқылау