Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғандық блогер алаяқтың әрекетін әшкерелмеймін деп айыппұл арқалады

Айдос Кертаев алаяқты әшкерелеймін деп айыппұл арқаладыФото: Айдос Кертаевтың парақшасынан

Талдықорғандық блогер Айдос Кертаев зейнеткерге көмектеспек болып түсірген бейнежазбасы арқылы Айнұр есімді әйелдің күмәнді әрекеттерін әшкерелеген еді. Белгілі болғандай әйел зейнеткердің сеніміне кіріп, халықтан жиналған ақшаны қолды еткен. Алайда артынша сол әйелдің шағымынан кейін блогердің өзіне "жалған ақпарат таратты" деген айып тағылып, сот айыппұл төлеуге міндеттеді. Енді бұл іске қатысты аппеляциялық шағым дайындалып жатыр. Осы ретте Stan.kz тілшісі блогермен байланысқа шығып, даудың басы неден басталғанын сұрап білді.

Мамыр айында блогер Айдос Кертаев жергілікті тұрғын Зейнегүл апайға көмек көрсету мақсатында бейнерепортаж түсіруге барған еді. Ол кісінің жағдайымен танысып, халықтан қолдау сұрау ниетімен барған кезде күтпеген жайттың беті ашылды. Зейнеткер Зейнегүл апай жиналып жатқан барлық ақшаның өзінде емес, Айнұр есімді әйелге жіберіліп жатқанын айтты.

Зейнеткердің айтуынша, бұл әйел оған пәтер алып беремін деп уәде етіп, алғашқы жарна үшін халықтан ақша жинап жүрген көрінеді. Бұдан кейін мәселе одан әрі ушыға түсті. 

Зейнеткердің смартфон мен қосымшаларды дұрыс түсінбейтінін білген Айнұр оның телефонын жиі пайдаланған. Артынша Зейнегүл апайдың атына 360 мың және 100 мың теңге көлемінде екі несие жасырын түрде рәсімделіп, ақша белгісіз есепшотқа аударылып кеткен. Жалпы есепте 1 миллионға жуық қары

"Кейін бір күні Зейнегүл апаймен банкоматқа барып, халықтан жиналған ақшадан 560 мың теңгені алған. Зейнегүл апай "дәл Айнұрдың қолына ұстатып бердім" деп отыр. Ал Айнұрдың сөзінше, "Зейнегүл апай мұндай қомақты соманы өзі жалғыз барып шешуге қорыққандықтан, бірге еріп барғанмын" дейді. Бұдан бөлек ол әйел жанымызда тағы екі куәгер болған деп айтты. Алайда Зейнегүл апай "жанымызда ешкім болған" деп жауап берді. Бұл туралы бейнежазба мен чектер де бар", – деді Айдос Кертаев.

Осы оқиғадан соң полицияға арыз түсірілген. Айдос Кертаев бұл туралы жазба жариялап, құқық қорғау органдарын әрекет етуге шақырды. Жазба жарияланған соң, бұл Айнұр есімді әйелге қатысты басқа да арызданушылар пайда бола бастады.

Айдос Кертаев желіге жариялағаннан кейін, артынша сол әйел блогердің үстінен арыз жазады. Арызында әйел ер адамға "жалған ақпарат таратты" деп шағымданған. Айдос Кертаевтың айтуынша, интернетте, соның ішінде әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандарға 30 айлық есептік көрсеткіш (117 960 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

15 шілдеде бұл іс бойынша сот өтті. Сот барысында оның адвокаты Айдос Кертаевтың Айнұрды нақты "алаяқ" деп атамағанын, жариялаған видеосында тек жәбірленушілердің сөзін келтіріп, қоғамға белгілі фактілерді ғана жеткізгенін дәлелдеп берді.

"Бұған қарамастан, сот менің "жалған ақпарат тараттым" деген шешім шығарды. Енді біз бұл шешімге шағым түсірмекпіз. Мүлдем әділдік жоқ. Судья Кальпебаева А.Т. "ең керемет жансыз". Айта кетейін, бұл Айнұр есімді әйелге басқа азаматтардың арызы негізінде Қылмыстық кодекстің 190-бабы "Алаяқтық" бабы бойынша іс қозғалған. Сонымен қатар Зейнегүл апай да оның үстінен дәл осы баппен арыз жазған. Адам ешкімді алдамаса, оған қарсы бірнеше арыз түспес еді, келісесіздер ғой?" – дейді Айдос Кертаев.

Айдос Кертаевтың айтуынша, алаяқтық жасады деп күдікке ілінген Айнұрға қатысты 18 шілдеде Қылмыстық іс қаралады. 

Бұған дейін Жетісу облысына қарасты Талдықорған қалалық полиция басқармасы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растаған еді. Тергеу амалдары жүргізілгенін хабарлады.

"Егер сіз де осы заңсыз әрекеттерден зардап шеккен болсаңыз, полицияға хабарласуыңызды сұраймыз", – деген еді полиция департаменті.
STAN.KZ
Сейсенбі, 15 Шілде, 2025 23:39
Талқылау