"Екінші Перизат Қайрат": Қазақстандық блогерге алданған 100-ден аса адам 1 миллиард теңгесін қайтара алмай жүр
Фото: Stan.kz/ Солдан оңға қарай күдікке ілінген блогер Алтынай Дидарқызы және Динара Сәтжан, Әсел Асқар, Жәния Джуринская
Танымал блогер Алтынай Дидарқызы ұйымдастырған қаржы схемасына 30-дан аса адам алданып, 1 миллиард теңгеден астам қаржысынан айырылды. Зардап шеккендердің айтуынша, курс сатып аламыз деп алданғандардың саны бұдан да көп. Wildberries жарнамасына сенуге Динара Сатжан, Әсел Асқар, Жәния Джуринская сынды белгілі тұлғалардың үгіті себеп болған көрінеді. Жәбірленушілер бұл істің артында Алтынайдың туыстары да тұрғанын айтып, тергеудің әділ жүруін талап етті. Осы ретте Stan.kz тілшісі 2023 жылдан бері ақшаларын қайтара алмай жүрген кәсіпкерлермен cөйлесті.
100-ден аса азамат блогер Алтынай Дидарқызының қаржы схемасына алданып, 1 миллиард теңгеден астам қаражатын жоғалтқан. Жәбірленушілердің айтуынша, "инвестиция", "оқыту", "тауар" деген желеумен жүргізілген жүйе Instagram арқылы кеңінен насихатталған.
Миллиондаған оқырманы бар танымал тұлғалар жарнамалаған соң, көп адам сеніп қалған. Жәбірленушілердің айтуынша, дәл сол жарнамаға сеніп, қаржы аударғандар аз болмаған. Сол жәбірленушілердің бірі – алматылық Медет. Ол кәсіпкер ретінде он жылдан аса тәжірибесі болса да, дәл алаяқтықтың құрбаны боламын деп ойламағанын айтады. Медеттің сөзінше, қазір тек 32 жәбірленушінің ісі қаралып жатыр екен. Қалған 100-ге жуығының арыз-шағымы әлі қаралмаған.
"Бұл алаяқтық ісі бұған дейін де тіркелген. Алайда 2024 жылдың тамызында Алтынайға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша іс қозғалып, кейін белгісіз себептермен тергеу тоқтатылған. Кейін сол жылдың қазан айында актриса Әсел Асқар жарнама жасап, тағы да адамдарды тартады. Блогерлерге ақша беріп, өзінің ісін айналдырып жүре берген. Полиция бірнеше уақыт бойы іс қозғамайды, созып жүре береді. Уақыт өте келе жәбірленушілердің саны да көбейе берді. Кейін тек 2025 жылдың қаңтарында үкім шығарады. Сол кезде Астанаға қашып кетеді. Кейін 21 наурызда осы Астанада ұсталып, оны Алматыдағы тергеу изоляторына қамайды. Осылайша оған қайтадан жаңа "Алаяқтық" бабы бойынша іс қозғайды", – деді Медет.
Медеттің айтуынша, бұлардың бәрін Алтынайдың өзі істеп отырған жоқ. Бұған оның сіңлісі мен әкесінің тікелей қатысы бар дейді ер адам.
"Себебі кейін барлық қаржыны сіңлісінің есепшотына аудардық. Бірақ оларды іске тартпай жатыр. Блогерлерден куәгерлік алынбады. Бұған дейін Алтынайдың анасы қызының бірінші істі жабу үшін тергеушілерге пара бергенін анық айтты. 40 миллион теңге берді деді. Кейін әке-шешісі тергеушілердің үстінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне арыз жаздық деп айтты. Алаяқ бізге ақшамызды қайтарып берудің орнына сол тергеушілермен әлек болып жүрген", – деді жәберленуші.
Фото: Жәбірленуші Медеттің жеке архивінен
Медеттің өзі бұл курсқа 22 миллион теңге салған. Оның жартысын 2024 жылдың желтоқсанында, қалған жартысын 2025 жылдың қаңтарында берген.
"Арызым бұл істе қазір ең соңғы эпизод болып тіркелді. Негізі бұл блогерді танымайтын едім. Кейін Әсел Асқардың жарнамасын көріп, сеніп кәсібімді дөңгелетемін деп жібердім. Wildberries қосымшасы арқылы сатуды үйренгіміз келді және осы платформаны таңдадық. Өйткені оны танымал қазақстандық блогерлер жарнамалады. Бұл сенім ұялатты. Бізді ешкім алдайды деген ой үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеді. Әсіресе, “Алтынай Дидарқызы өз ісінің маманы, оған сенуге болады” деп бірнеше рет айтқан Әсел Аскардың жарнамасы қатты әсер етті", – деді арызданушы Медет.
Медеттің айтуынша, қазір іс әлі Бостандық ауданында тұр. Медет өздерін алдап соққан қыздың 1998 жылғы екенін атап өтті. Олар қаржы мониторингі агенттігіне де ресми өтініш жолдағанымен, екі айдан бері ешқандай жауап келмегенін айтты.
"Тергеу барысында полиция жарнамаларда көрсетілген сән-салтанаттың жалған екенін анықтап берді. Мысалы, Жәниямен бірге түсірілген видеодағы "сыйлыққа берілетін үй" жалдамалы болып шықса, Әсел Асқар көрсеткен Land Cruiser көлігі де жалға алынғаны айтылды. Ал Алтынайдың атына тіркелген мүлік мүлде жоқ екен", – деді Медет.
Медет алданса да, отбасынан үлкен қолдау көріп отырғанын айтады. Әйелі бұл жағдайға түсіністікпен қарап, моральдық тұрғыда демеу көрсетіп жүр. Дегенмен ер адам басқа жәбірленушілердің жағдайы әлдеқайда ауыр екенін жеткізді.
"Кейбір отбасылар бұл оқиғадан кейін ажырасуға дейін барды. Әйелдердің полиция департаментінің алдында жылап, көз жасын төккен сәті жүрекке батады. Кейбіреуі, тіпті, 100 миллион теңгеден аса қаржы құйған. Мұндай жандардың қазіргі күйін сөзбен жеткізу мүмкін емес", – деп түсіндірді Медет.
Зардап шеккен азамат осы іс бойынша тергеудің әділ жүргізілуін, барлық қатысы бар тұлғалардың жауапқа тартылуын және мемлекет басшысының іске араласуын сұрап отыр.
Фото: Stan.kz
Жәбірленушілердің бірі Юлия Манюхина Wildberries платформасында сауда жасауды үйрену мақсатында курсты туысымен бірге оқыған. Оның айтуынша, туысы екеуі танымал блогер Әсел Асқардың жарнамасына сеніп, Алтынай Дидарқызымен серіктестікке барған.
Юлияның айтуынша, бастапқыда араларында сенімге құрылған қарым-қатынас болған. Алайда 2023 жылдың наурызында Қытайдан тауарға тапсырыс бергеннен кейін байланыс кенеттен үзілген. Алтынай қоңырауларға жауап бермей, Юлияның туысын барлық әлеуметтік желіде бұғаттаған. Содан бері олар не ақшаларын, не тауарларын ала алмаған. Жәбірленуші тараптың жалпы аударған сомасы 15 миллион теңгеге жеткен.
Тағы бір жәбірленуші, Арна Сейсенова, Алтынай Дидарқызына сеніп, 100 миллион теңге көлемінде қаражат аударған. Оның айтуынша, күдіктінің туыстары да бұл іске тікелей араласқан.
Арна тергеу барысында Алтынайдың әкесі кеңседе үнемі бірге жүргенін, әлеуметтік желілердегі видеолар мен стористерде де жиі көрінетінін атап өтті. Сонымен қатар оның сіңлісі, анасы және басқа қызметкерлері де белсенді қатысқанын айтты. Арнаның мәліметінше, қаражаттың басым бөлігі сол туыстарының есепшоттарына аударылған.
Осы мәселе бойынша курсты жарнамалаған танымал блогерлердің өзіне хабарласып, мән-жайды білуге тырыстық. Актриса Әсел Асқар толыққанды ақпаратты тек тергеу барысы аяқталған соң бере алатынын айтты. Ал Динара Сәтжан жарнаманы желідегі парақшасында жариялағанын растады. Бірақ оның алаяқ екенін білмегенін атап өтті.
“Алтынай Дидарқызы өткен күзде дүкеніме келіп, Wildberries-тегі курстары туралы, 10 миллион теңгеге жарықшамдарды қалай сатқаны туралы айтып берді. Алтынай Астанада Wildberries-де қалай сатуға болатыны туралы вебинар өткізбек болды. Мен және менің командам кім туралы айтқымыз келетіндердің бәрін мұқият тексереміз. Ашық дереккөздерде ол туралы жағымсыз ақпарат болған жоқ. Мен онымен сториз жаздым. Арада бір сағат өтпей оқырманым маған Алтынайдың біреуді алдағанын жазды. Мен Stories-ті бірден өшірдім. Менің ойымша, Алтынай – екінші Перизат Қайрат. Оны алаяқ деп ешкім ойлаған жоқ. Адамдар мен компанияларды тексеруге мүмкіндігіміз болғанын қалаймын. Wildberries курстары қылмыс емес сияқты, бірақ мұнда да алаяқтар бар”, – деп пікір білдірді Динара Сәтжан.
Ал актриса Жәния Джуринская түбегейлі пікір білдіруден бас тартты.

"Екінші Перизат Қайрат": Қазақстандық блогерге алданған 100-ден аса адам 1 миллиард теңгесін қайтара алмай жүр
