Өскемендіктер ауа ластануына байланысты шағымданған жоқ – Экология министрлігі
Экология министрлігінің өкілі Өскемен тұрғындарының ауа ластауына қатысты мемлекеттік органдарға шағымданбағанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сенат бір апта бұрын елдегі және ең алдымен Шығыс Қазақстан облысындағы экологиялық жағдайды бақылайтын комиссия құруды талап етті.
“Бүгінгі күнге дейін министрлікке де, әкімдікке де экологияға қатысты шағым-өтініштер түскен жоқ. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес белгілі бір елді мекенді экологиялық апат аймағы деп тану мәселесін зерттейтін арнайы комиссия құрылады. Бұл өте үлкен жұмыс”, – деді экология министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Ерболат Қожықов.
Шенеуніктің айтуынша, арнайы комиссия қыста ауадағы зиянды заттардың мөлшерін бақылап отыруы керек. Бұл мәселе бұған дейін парламентте көтерілген.
Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақстанның жарты миллионға жуық тұрғыны қолайсыз экологиялық жағдайда өмір сүріп жатқанын айтты. Қауіпті заттардың бірінің концентрациясы нормадан төрт еседен астамға асып кеткен. Депутат өнеркәсіп кәсіпорындарының иелеріне қойылатын талаптарды күшейтуге шақырды.
Еске салсақ, ШҚО әкімі Өскемен экологиялық апат аймағы деп танылмайтынын мәлімдеді. Айта кетейік, бұған дейін Өскеменде ауа ластануына байланысты мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшкені туралы жазған едік.