"Онлайн оқытуды ресми түрде заңдастырсын": Ақтөбелік орамалды оқушылардың ата-аналары билікке талап қойды
Ақтөбелік орамалды оқушылардың ата-аналары биліктен елімізде онлайн оқытуды ресми түрде заңдастыруды талап етті. Сөздерінше екі жылдан бері Ресейде білім алып жатқан балалары Қазақстанның емес Ресейдің тарихы мен мәдениетін үйреніп жатыр. Олар Білім министрлігі хиджаб киген оқушыларға мектепке баруға тыйым салғалы балалары мүжбүрлі түрде оқшауланып қалғанын айтты. Енді ата-аналар президент Қасым- Жомарт Тоқаев пен білім министрі Асхат Аймағамбетовке петиция жолдамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Гүлжанар Сәбенова Қазақстанда хиджаппен мектепке баруға тыйым салынғаннан бері екі қызын Ресейде қашықтан оқытып жатқанын айтады. Сөзінше, көршілес елдегі сабаққа айына 25 мың теңгеден және жылына бір рет болатын аттестацияға 80 мың теңгеден төлеп отыр. Еліміздегі қазіргі жағдайдан кейін ақыны төлеу тіпті қиындап кеткен екен. Онлайн оқытуға көшкен министрлік енді қашықтан оқытуды заңдастырса орамал дауы да шешілетін еді дейді.
"Біздер министрлікке қоямыз, президентке қоямыз. Біздің онлайн оқу жүйесі Қазақстанда заңдастырылсын. Орысша білмейтін балалардың өзі қиналып оқып жатыр. Ресейдің тарихын, әдебиетін, мәдениетін оқимыз. Неге сонда Қазақстанның тарихын оқи алмай тұрғанда, Ресейдің тарихын оқу керек" - деді Гүлжанар Сәбенова.
Алайда білім басқармасындағылар елімізде қашықтан оқыту заңдастырылмағанын, ал қазіргі жүріп жатқан онлайн сабақ уақытша екенін ғана айтады. Сонымен қатар, жауаптылар орамалдағы оқушылар сабаққа онлайн қатысатын болса да классикалық киім талап етілетінін айтады.
"Қазіргі таңда білім туралы заңында қашықтан оқытуға шетелде уақытша тұратын немесе уақытша білім алуға кеткендер ғана қатысуға және ерекше қажеттілігі бар балаларды үйде оқытуға арналған 27-ші бабы бар. Ал оны заңдастыру туралы әлі шешім қабылданған жоқ", - деді Ақтөбе облысы білім басқармасының бөлім басшысы Гүлназ Мырзағалиева.
Қазір бір Ақтөбеде Ресейдің онлайн мектебінде оқып жатқан 9 оқушы бар. Ал елдегі қашықтан оқытуды талап еткен ата-аналар президент Қасым- Жомарт Тоқаев пен білім министрі Асхат Аймағамбетовке петиция әзірлеп, қол жинап жатыр.