Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онлайн құрбандық - барып тұрған сорлылық": Танымал журналист биылғы Құрбан айт мерекесіне байланысты өз ойын айтты

Әлемдік пандемия адамзат тіршілігіне көп өзгерістер енгізді. Күллі мұсылман қауымына қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесінде құрбандыққа шалу онлайн өтетінін ҚМДБ мәлімдеген еді. Осыған байланысты онлайн құрбандыққа түбегейлі қарсы азаматтар мен онлайн құрбандыққа тапсырыс алып жатқан танымал тұлғалар бар. Stan.kz тілшісі сол кісілердің пікірін тыңдап көрді. 

нұрсейіт

Танымал журналист Нұрсейіт Жылқышыбай онлайн құрбандыққа мүлде қарсы екенін айтады. Оның ойынша, бұл ақылға қонымсыз дүние. Бұлай деуіне себебі де жоқ емес. 

"Онлайн құрбандыққа қарсымын. Онлайн құрбандық шалу - барып тұрған сорлылық. Мүлде дұрыс емес. Себебі, халық вирустан қырылып, даламыз қан сасып жатқан кезде онлайн құрбандық шалу деген барып тұрған ұят дүние. Біздің діни басқарма басшылары биылғы жылға құрбандық шалуды мүлде тоқтатуы керек еді. Біріншіден, мал саны көбейетін еді. Екіншіден, халықты бұлай әуре-сарсаңға салмайтын еді. Мысалы, интернет ұстамайтын жерде тұратындар не істейді? Ауылды жерде тұратындар қалай құрбандық шалады? Егер сіз қойыңызды сатып алып, үш-төрт адамды шақырып құрбандық берсеңіз ауылдың учаскелік полициясы келіп айыппұл жазып кетеді. Мұны болдырмас үшін полицейге ауызбастырық беріп шешеміз деп қалтасын қампайтамыз", - деген Нұрсейіт Жылқышыбай мұның арты жемқорлыққа апаратынын айтады. 

Журналистің сөзіне сүйенсек, қазір құрбандық шалатындай жағдай емес. Қаза болған жерде үш жылға дейін құрбандық шалынбай, той-томалақ болмауы керек екен. Қаншама отбасында адамдар қайтыс болып жатқанда онлайн құрбандық жайлы айтқанымыз, тіпті, өрескел деп пайымдайды ол. Онлайн құрбандықты шалған күннің өзінде күмәнмен қарайтын тұстары өте көп екенін де қоса айтты. 

"Жарайды, онлайн құрбандық шалсын. Мысалы, менің атымнан 50 мың теңгелік малды сойыңыздар деп ақшасын аударсам, олар маған 20 мың теңгелік 5 айлық қозыны сойып берсе қалай болмақ? Олар видео жібереді делік, бірақ басқа біреуге көрсеткен видеоны маған қайта жіберіп тұрса не болады? Одан кейін жыл сайын миллиондаған халқымыз құрбандық шалады. Осы жылы онлайн дегенді естіген олар ҚМДБ қызметкерлеріне онлайн құрбандық беруге ақша аударады. Миллиондаған халықтың тапсырысын ҚМДБ жасап үлегереді ме? Қасапшылар күніне көп дегенде 10 қой соя алады. Миллиондап тапсырыс түскенде қалай үлгереді? Біз бұл ісімізбен көрші елдерге күлкі болдық. Одан да бір жыл құрбандық шалмау керек еді", - дейді ол.

Нұрсейіт Жылқышыбайдың онлайн құрбандыққа тапсырыс қабылдап жүргендерге де айтар уәжі бар.

"Одан кейін қазір онлайн құрбандыққа тапсырыс қабылдап жатқан танымал тұлғалар бар. Олар соятын қойдың және өзінің сол жерде жүрген видеосын түсіріп жібереді. Бірақ бір қойды 5-6 адамға қайталып жіберіп отырмасына кім кепіл? Одан кейін жүз қойға тапсырыс алса, оның етін қайда, кімге таратады? Жетім-жесірлерге таратам деп айтуы мүмкін. Сонда жүз адамға таратқанда вирус жұқтырып алмай ма? Карантиндік режим қайда қалды сонда? Одан кейін құрбандыққа шалынатын қойды бауыздайтын кезде орындалатын рәсімдер, арнайы айтылатын сөздер бар, бағыштайтын әруақтардың аты аталуы керек. Осының бәрі орындалады ма?", - деп кесіп айтты журналист. Осынай түйіткілді сұрақтары бар Нұрсейіт Жылқышыбай онлайн құрбандық ақылға қонымсыз дүние деп топшалайды. 

Әріптесі Нұрсейіттің бұл сөздерімен отандық танымал журналист Жанат Бақыт келісе қоймасы анық. Өйткені ол осы жылы онлайн құрбандық шалу арқылы сауап алуға бекінген. Қолындағы 100 қойына тапсырысты түгел алып, сақадай сай отырған ол халық сенген соң осы істі қолға алғанын айтады. 

"Қазір тапсырыстар қабылдап жатырмыз. Қоғам қайраткерлері, танымал тұлғалар хабарласып 5-10 қойдан құрбандық шалуға  тапсырыс беріп жатыр. Оның барлығы маған сенгендіктен шығар. Жалпы тапсырыс берген кезде қойларды көрсетемін, олар таңдап алады, сосын бағыштайтын адамдар тізімін аламын. Ал бауыздайтын кезде бағыштап жатқанын, қол-аяғын байлап жатқанына дейін видеоға түсіріп жіберемін. Әйел адамы болған соң тек бауыздайтын кезде жанында болмаймын. Бүгінгі таңда 80 жуық қойға тапсырыс берілді", - деген ол Құрбан айт тұсында қой бағасын өсіріп жібертін саудагерлерге өкпелі.

"Біздегі қойдың бағасы: тоқтылар -36 мыңнан, ал ірі қойлар - 46 мыңнан. Бізде бұдан басқа баға жоқ. Өйткені талай алып сатарларды көрдік дәл осы құрбан айт кезінде бағаны екі-үш есе қымбаттатып жатыр. Олай істеуге болмайды. Оларға бағаны түсіріңдер деп те айтып жатырмын", - дейді Жанат Бақыт. 

Жұмысына сенімсіздік білдіргендермен жұмыс істемеуге тырысамын деген Жанат, ал өзіне сенім артқан жұрттың тілегін ақтаймын деп отыр. 

"Егер менің жұмысыма сенім білдірмесе, бірден маған тапсырыс бермеңіз деп айтамын. Онлайн-құрбандықтың қасында біраз ақша тұратын аппараттарды да таратып жүрдік. Тура Құрбан айт кезінде, Алла разылығы үшін қызмет етіп жатқанда ондай құйтырқылыққа бармаймын. Енді осынша тапсырыс қабылдағанда жігіттер қалай сойып үлгереді деген сұрақ туындайды. Менің қасымда намаз оқитын інілерім, туыстарым, достарым және күйеуім бірге жүр. Бас аяғы 5-6 жігіт бар. Бір өзі бір қойды 40 минуттан сойғанда бес жігіт еркін үлгереді деп ойлаймын", - дейді Жанат. 

Оның ендігі мақсаты-сойылған малдың етін қажетті орынға аман есен жеткізу. 

"Ендігі мәселе құрбандыққа шалынған қойдың етін мұқтаж жандарға қалай таратып беремін деген ой. Маған мүгедектерге қарайтын орталықтан 50-60 адамды қарап отырмыз, көмектесіңіз деп жазып жатыр. Одан кейін мешіттердің арнайы мұқтаж жандарға арналған тізімі бар екен. Мүмкін осы екі орынға етті бөліп беретін шығармын. Бірақ арнайы жеткізу құралдарымен жекелей мұқтаж отбасыларға да жібермін деп отырмын", - деген Жанат карантиндік талаптарға сай жұмыс істейтінін жеткізді. 

Қазіргідей індет өршіп тұрған кезде онлайнқұрбандық дұрыс екенін де қоса айтты.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау