Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өңірлік алшақтықты жою – маңызды міндет": Құрылтай кандидаты Лаура Қарабасова "Әділет" партиясының басымдықтарын айтып берді

Әділет
Фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметі

"Әділет" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова "Әділетті болашақ үшін" сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Олардың қатарында ғылым мен білімді дамыту, өңірлер мен мегаполистер арасындағы алшақтықты қысқарту, сондай-ақ адами капиталға инвестиция салу бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Негізгі назар – теңсіздікті азайтуға бағытталған

Қарабасованың айтуынша, партия бағдарламасы Президенттің реформалар бағытын жалғастырып, жаңа Конституция қағидаттарын іске асырудың нақты тетіктерін ұсынады. Негізгі міндеттердің бірі – ғылым мен білім беру саласында қол жеткізілген нәтижелерді сақтап, олардың бүкіл ел бойынша одан әрі дамуына жағдай жасау.

"Ғылым мен білім әрі қарай да өзінің оң өзгерістерін сақтау үшін, жаңа дәуірге аяқ басу үшін, білім экономикасына көшу үшін, ғылым-білім саясатын жасау үшін партия мүшелігінде ғалымдардың да, білім саласындағы эксперттердің де болғаны маңызды. Мен өзімнің саламның, біріншіден, өңірлік жоғары оқу орнының, өңірлік ғылымның, сонымен қатар еліміздегі жалпы ғылыми қауымдастықтың мүддесін білдіре отырып, солардың ұсыныстарын ескере отырып, мен де өзімнің үлесімді қосқым келеді, – дейді Лаура Қарабасова.

"Әділет" бағдарламасында өңірлік теңсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылған. Қарабасованың айтуынша, бүгінде ғылыми инфрақұрылым мен білікті мамандардың едәуір бөлігі ірі қалаларда шоғырланған.

"Мысалы, менің салам – білім және ғылым саласы. Оның ішінде өңірлік алшақтықты жою – біздің партиямыздың өте маңызды бағыттарының бірі. Бізде мықты кадрлар да, мықты инфрақұрылым да, мүмкіндіктер де ірі қалаларда шоғырланған. Біз ауылды жерлерге жұмыс істеген сайын, енді бұл жерде ғылымда, өндіріс пен жұмыста барлығы қатар келіп отыратындай жағдай жасауымыз керек", – дейді ол. 

Сонымен қатар, бағдарламада адами капитал ұғымы тек білім мен ғылым салаларымен шектелмейді. Бұл бағыт денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және өмір бойы үздіксіз білім алу мәселелерін де қамтиды.

"Әділет" елімізде жақында қабылданған жаңа Конституцияның қағидаттарын нақты практикалық шаралардың арнасына бұруға бағытталған партия. Біздің бағдарламамыздың өзегі – адам, оның өмірі. Кез келген Қазақстан азаматы біздің партиямыздың бағдарламасын ашып қараса, міндетті түрде одан өзін көре алады деп ойлаймын. Ол еңбек адамы, дәрігер, жас, студент немесе зейнеткер болуы мүмкін. Кім біздің бағдарламамызды ашып қараса да, өзінің болашағына сеніммен қарай алатындай нақты ұсыныстарды көре алады", – дейді Құрылтай кандидаты. 

Партияның бағдарламасы азаматтардың ұсынысынан құралған

Кандидаттың айтуынша, партия бағдарламаны әзірлеу барысында ғылыми тәсілді басшылыққа алған. Ұсыныстар азаматтардан жиналып, сарапшылармен талқыланып, социологиялық зерттеулердің нәтижелерімен салыстырылған.

"Біздің партия жалпы ғылыми дәйектерді, сараптаманы негізге алды. Партияның бағдарламасы қалыптасқан кезде түрлі әдістер мен түрлі саладан мәлімет жиналды. Ең алғашқысы – QR-код арқылы. Сол арқылы еліміздің кез келген азаматы өзінің ұсынысын, басқа да көтеретін мәселелерін бізге тікелей, ешқандай кедергісіз партияға жіберді. Жалпы әрбір азаматтың үні, әрбір азаматтың ұсынысы ғылыми сараптамамен, дәйектемемен толықтырылу арқылы нақты бір бағдарламаның бағыттарына айналды. Сонымен қатар, біздің бағдарламаның он басым бағыты, жеті негізгі мақсаты бар", – дейді Лаура Қарабасова. 

Ал өзі депутат болған жағдайда, өңірлердегі ғылым мен білімді дамытуға және зерттеушілерді қолдауға баса назар аудармақ. Оның айтуынша, бұл мәселелерді ол қазірдің өзінде Ұлттық құрылтай алаңында және Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрамында көтеріп жүр.

"Әділет" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Лаура Қарабасованың толық сұхбатын мына жерден көре аласыздар.

"Әділет" партиясы" ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.

 

Айым Болатқызы
Жексенбі, 09 Тамыз, 2026 18:07