Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өлім көрсеткіші өте жоғары: ДДҰ құс тұмауының адамдар арасында таралу қаупін айтып, дабыл қақты

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы H5N1 құс тұмауының таралуына алаңдаушылық білдірді. Себебі бұл ауру адам өліміне әкеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The Guardian сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

құс тұмауы

Фото: Pexels

2020 жылы басталған індет ондаған миллион құстың қырылуына әкелді. Жақында вирустың бірнеше сүтқоректі түрлерінің, соның ішінде Америка Құрама Штаттарындағы малдың арасында таралуы вирустың адамдарға таралу қаупін арттырды.

"Бұл үлкен алаңдаушылық тудырады", – деді БҰҰ денсаулық сақтау агенттігінің бас ғалымы Джереми Фаррар.

Өткен айда сиырлар мен ешкілер де құс тұмауын жұқтырды. Бұл сарапшыларды таңғалдырды, өйткені олар малдың тұмаудың бұл түріне иммунитеті бар деп ойлады. Сәуір айында АҚШ билігі Техас штатының бір тұрғыны ірі қара малдан вирус жұқтырып, кейін айығып кеткенін хабарлады. Американың алты штатында 16 табынның жұқтырғаны атап өтілді. Жануарлар жабайы құстардан жұқтырған деген болжам бар.

"Үйректер мен тауықтар, содан кейін сүтқоректілер жұқтырғаннан кейін бұл вирус қазір дамып, адамдарға да жұқтыруы мүмкін", –  деп қосты ғалым.

H5N1 індетінің адамдар арасында тарайтыны туралы әзірге ешқандай дәлел жоқ.

"Бірақ кейінгі 20 жылда жануарлардан жұқтырған жүздеген жағдайларда өлім көрсеткіші өте жоғары, өйткені адамдарда вирусқа табиғи иммунитет жоқ", – деді Фаррар.

ДДҰ деректері бойынша 2003 жылдан 2024 жылға дейін 23 елде H5N1 вирусынан 889 жағдай және 463 өлім тіркелді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазір бүкіл әлемде H5N1-ге қарсы вакциналар мен препараттарды әзірлеу бойынша күш-жігердің жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Бұған дейін қазақстандық мамандар да құс тұмауының адамдар үшін қаупін айтып дабыл қаққан еді. 

Талқылау