"Ол үйленбей тұрып бай болған": Мәсімовтің Ресейде тұратын экс-күйеубаласы алданған ақшасын қайтара алмай, соттасып жүр
"Мемлекеттік төңкеріс жасамақ" болды деп айыпталып, қамауда отырған ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы Азамат Қапенов миллион доллар ақшасын қайтара алмай, соттасып жүр. Бұл туралы бейсенбі 28 сәуір күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Қазір Ресейде тұрып жатқан Қапеновтің заңгерлері оны алдап соққан досы жайында, сондай-ақ Қазақстан сотындағы әділетсіздік туралы айтты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Іс қалай басталған?
Заңгер Керимованың айтуынша Қапеновтің ақшасын алып, алдап соққан Серік Хасеновпен араларында достық қарым-қатынас болған. Бұрын ішкі істер органында қызмет еткен Хасенов Қапеновтің Қазақстандағы кәсіпкерлік жұмыстарын жүргізуге көмектескен.
"2021 жылдың 9 желтоқсанында Хасенов Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық сотының шешімімен 190-баптың 4-бөлігі бойынша (Ірі көлемде алаяқтық жасау) 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Хасенов қорғауымдағы азаматтың толық сеніміне ие болып, оны өзіне қарсы пайдаланған. Қапенов Мәскеу қаласында тұрып жатқандықтан, Хасеновке Қазақстандағы істерін жүргізуді сеніп тапсырған. Өзге компаниялардағы үлестерін тапсыру арқылы, Хасенов 1 512 575 доллар қаражатқа иелік еткен. Бұл ақшаны алғаннан кейін Хасенов өзі уәде еткен жұмыстарды атқармаған. Кейін белгілі болғандай, оның бұл жұмыстарды атқаруға мүмкіншілігі де болмаған", – дейді заңгер Керимова.
Заңгердің сөзінше, сотқа арыз түсіргеннен кейін Хасеновті тергеу жұмыстары аяқталғанша үш ай уақытқа қамауға алған. Үкім айыпталушының кінәсін толық мойындауынан кейін шыққан. Керимова сондай-ақ сотта Хасеновтің өз кінәсін толық мойындап, алған ақшаны толық қайтарып беруге уәде еткенін айтады.
"Хасенов барлық кінәні мойындап, ақшаны қайтаруға уәде бергеннен кейін Қапенов оның сөзіне сеніп, сотталғанын қаламады. Сот шешімі бойынша Хасенов заңсыз жолмен алған ақшаны қайтарып беруі қажет еді. Ол келтірген шығынды өтеу мақсатында, тергеу шаралары кезінде 600 мың АҚШ долларын қайтарды. Осы уақытта Хасеновтың ұлы Төкенов. Е. 225 млн долларды ҰҚК депозитіне салып қояды. Айта кететін бір жайт, Хасенов сот үкімі шыққан күні-ақ бостандыққа шыққан. Осылайша барлығы жақсы аяқталып келе жатқан, алайда осы уақытта қаңтар оқиғалары басталады", – дейді Керимова.
Бұл іске қаңтар оқиғасының қандай қатысы бар?
Азамат Қапеновтің қаңтар оқиғаларынан кейін ұсталған ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің үлкен қызы Тамила Кәрімнің бұрынғы күйеуі екені белгілі. Заңгер Керимованың айтуынша, дәл осы фактіні Серік Хасенов өз пайдасына жаратқан.
- "Енді заңды түрде жұмыс істеп жатырмыз": "Алтын Орда" базарында екі айда не өзгерді (фото)
- "Казиноларды бұзып, мешіт пен медресе салу қажет": Қонаев болып өзгерген Қапшағай қаласы туралы арнайы репортаж
"Хасенов қаңтар оқиғаларынан кейін Қапеновтің өмірбаяны туралы ақпарат таратып, соттың үкіміне шағым түсіреді. Онда өзіне қысым көрсетілгенін, барлық айыптауларға қысыммен көнгенін айтады. Осы ретте бізді таңғалдырған мына жәйт, сот Хасеновтың шағымын қанағаттандырып, істі қайта прокурорға жібереді. Яғни, іс бұрынғы қалпына оралады. Бірақ қызық мұнымен бітпейді. Арада біраз уақыт өткен соң, Қапеновтың ешқандай пікірінсіз, оны тіпті ескертпестен істі жауып тастайды", – дейді ол.
Іс 8 ақпан күні жабылған. Заңгердің сөзінше, Хасеновтың шағымынан кейін іс тоқтап, қайта шағым түсіру қиынға айналған. Ал Қапеновтің шотына бір тиын да түспеген.
Істің тоқтап қалуына Мәсімовтің қатысы қанша?
Сол уақытта ҰҚК басшысы болып тұрған Кәрім Мәсімов қаңтар оқиғаларынан кейін, 8 қаңтар күні ұсталған. Қазір оның үстінен қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қаралып жатыр.
Ал заңгер Рена Керимова істің тоқтап қалуына Мәсімовтің емес, үлкен сомадағы ақшаның қатысы бар болуы мүмкін екенін жасырмайды.
"Қапенов ҰҚК бұрынғы басшысының қызымен қаңтар оқиғасына дейін бірнеше жыл бұрын ажырасып кеткен. Қазір олар екі бөлек қала тұрмақ, екі бөлек елде тұрады. Қапенов шетелде болса да балаларымен жақсы қарым-қатынас ұстайды. Бұл іске Мәсімовтің тікелей қатысы бар деп айту қиын. Себебі бұл Қапеновтың үйленбей тұрып жинаған қаражаты. Ол Мәсімовтің қызына үйленбей тұрып-ақ бай болған. Бұл жерде сұрақ көбірек ішкі істер органдарына қатысты туындайды. Себебі 225 млн теңге аз қаражат емес. Олар ақшаны қайтарғысы келмеуі де мүмкін. Хасеновті де осындай шартпен босатуы ықтимал", – дейді ол.
- Кәрім Мәсімовтің ісі Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша тергеліп жатыр
- Кәрім Мәсімовтің інісі Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды
Қапеновтың заңгері Рена Керимова соттың шешімінің заңсыз екенін айтып, бұл істі соңына дейін жеткізетіндерін айтты.
Қапенов жайлы азды кем ақпарат
Ашық ақпарат деректеріне сүйенсек, Қапеновтің біреуді алаяқтыққа айыптаған кездері жалғыз бұл емес екенін аңғаруға болады. 2012 жылы ол бірінші әйелі - Алматының белгілі судьясы Лилия Көшербаеваның қызын 150 мың доллар ақшасын ұрлап кетті деп айыптайды. Алайда сотта ол жеңіліп, екеуі ажырасып кеткен.
Сонымен қатар 1996 жылдан бастап Қапенов түрлі кәсіпорындарда басшылық қызмет атқарған. Солардың бірі 2014 жылы сыбайлас жемқорлық дауына іліккен "Қазақстан темір жолы" АҚ. Бас прокуратура "Қазтеміртранс" – Қапенов басқаратын ҚТЖ-ның еншілес кәсіпорнын кейбір компаниялардың тарифтерін заңсыз көтеріп, ал кейбірін айтарлықтай төмендеткен деп айыптайды. Прокуратура мәліметінше, келтірілген шығын мөлшері миллиардтаған теңгеге жуық.
Осы іске қатысты тергеу шаралары жүргізіліп жатқанда Қапенов Ресейге көшіп кетеді. Сол жақта жүріп Кәрім Мәсімовтің қызымен танысып, кейіннен екеуі үйленеді. 2015 жылы Қапенов "Федералды жүк тасымалдау компаниясы" АҚ бас директорының ТМД және көршілес елдердегі бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Бұдан бөлек, "Открытое медиа" мәліметінше, Азамат Қапенов 2017 жылдың жазында Новосибирск көмір өндіруші Заречная компаниясының 64 пайызын сатып алған қазақстандық "Қазақстан көмірі" компаниясының иесі болған. Ал 2020 жылы Қапенов Мәскеудегі "Серебренный Борда" орналасқан үйін 13,332 миллион долларға (5 804 367 400 теңге) сатқан.