Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Казиноларды бұзып, мешіт пен медресе салу қажет": Қонаев болып өзгерген Қапшағай қаласы туралы арнайы репортаж

16 наурыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының орталығы болған Қапшағай қаласын Дінмұхамед Қонаевтың есімімен атауды ұсынды. Мемлекет басшысының ұсынысы халықтың қолдауына лезде ие болған. Stan.kz тілшілері жаңа серпін алған қалаға барып, тұрғындармен тілдесіп, арнайы репортаж дайындап қайтты.

Конаев 2022

Қапшағайға барар жол мен менмұндалаған казинолар

Қапшағай қаласы Алматыдан 50 шақырым жерде орналасқан. Қалаға жету үшін күн сайын екі аралықта такси көліктері қатынайды. 

Біз отырған такси жүргізушісі екі қаланың арасында тұрғындарды ары-бері тасып нәпақасын тауып жүр екен. Әңгіме арасында біздің қаланы түсіру үшін келе жатқан журналистер екенімізді білгеннен кейін сөзін бастады.

"Екі қаланың ортасында күнделікті қатынаймын. Әр күні әртүрлі адамдар отырады. Олардың ішінде ойынханаларға келіп, уақыт өткізетіндер де табылады. Бірақ қазір білуімше, көп казинолардың тек санаулысы ғана жұмыс істеп тұр. Қалаға Қонаев атамыздың атын бергеніне өз басым қуаныштымын. Оның үстіне облыс орталығы болуы да біраз өзгерістерге жол бастайды деп сенемін", - дейді такси жүргізушісі.

Қалаға барар жолдың бойында түрлі жарнамалар ілінген үлкен билбордтар көп. Әр шақырым сайын қойылған жарнамалардан менмұндалаған казиноларды байқайсың. Көрсе көзді қыздыратын қызықты ойындар өзіне еріксіз тартатындай әсер береді.

Ойынханалардың барлығы қаланың кіреберіс бөлігінде орналасқан. Олардың "Flamingo", "Bombei", "Astoria casino", "Makao" секілді қойылған аттары өзге елде жүргендей сезіндіреді. Кейбір казиноларды күзетшілері нысанның жекеменшік екенін айтып, түсіруге тыйым жасады. 

Ал біз қаланың орталығына жету үшін жолдан тағы бір көлікке отырдық.

капшагай 2022 2

"Қала көз алдымызда көркейді": Қапшағайдың қазіргі жай-күйі тұрғындардың көзімен

Қапшағай қаласының аумағы онша үлкен емес. Соңғы мәліметтерге сәйкес қалада 62 мың тұрғын тұрады. Қалада су қоймасы орналасқан аймақтарда жағажайлар бар. Жазды күндері демалушылардың көбісі осы аймақтарға келеді.

Өзін Төлеген Қозбағаров деп таныстырған қала тұрғыны Қапшағайға 1999 жылы көшіп келген. Алакөл ауданынан қоныс аударып, содан бері осында тұрып жатырмын деген ол қалада болған өзгерістер туралы айтты.

"Біз келген жылдары Кеңес үкіметі кезінде құрылысы бітпеген ғимараттар бос тұрды. Менің жұмысым осы – адамдарды тасымалдаумен айналысамын. Ал тұрғындардың көпшілігі мемлекеттік қызметте және жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Оның ішінде Алматыға қатынап жұмыс істейтіндер де бар. Ал жастардың басым бөлігі жергілікті казиноларда – даяшы, диллер секілді жұмыстарда істейді", - дейді тұрғын.



 Айтуынша, қала халқының көпшілігі жалдамалы пәтерлерде тұрады. Ал үйлердің бағасы "облыс орталығы болады" деген жаңалықтан кейін көтеріліп кеткен. 

Қапшағайдың орталығында Дінмұхамед Қонаевтың аты берілген саябақ орналасқан. Саябақтың алдында ұлы тұлғаның үлкен ескерткіші тұр. Бізге жолыққан тұрғындардың барлығы қаланы Қонаев атына өзгертуге жылы лебіздерін білдіріп жатты. Солардың бірі Незкен Омарова есімді тұрғын бұл өзгеріс қала халқының ұзақ жылғы арманы болғанын айтады.

"Қаланың әрбір тұрғыны бұл жердің Қонаевтың арқасында салынғанын жақсы біледі. Бұған дейін халық онсыз да өздері ұсынып, мектеп пен орталық көшеге Қонаевтың атын берген. Сондықтан қала атауының өзгеруі ұзақ жылғы тұрғындардың тілегі екенін айтқанымыз дұрыс. Біз алғаш көшіп келген жылдары бұл жер жазық дала болатын. Қаламыз көз алдымызда өсіп, көркейді", - дейді зейнеттегі мұғалім.    

Қала тұрғыны сондай-ақ Қапшағайдың облыс орталықа айналуы көп тұрғындар үшін қолайлы болғанын айтады. Бұрын жұмыстарын бітіру үшін 200 шақырымда орналасқан Талдықорған қаласына баруы қажет болған тұрғындардың қазір уайымы азайғандай.

Тұрғындардың айтуынша, қалада екі ғана базар бар. Халықтың бір бөлігі осы базарларда сауда жасап, тіршілік жасайды екен. Қала орталығынан өте сирек жолыққан тұрғындар, базар маңайынан жиі ұшыраса бастады. Ескі контейнерде түрлі қажетті заттар сатып тұрған сатушылар алғашында сөйлесуден тартынғандай болды. Олар мұнда күні бойы тұрып, нәпақаларын табады екен.

"Қаламыз жақсы еді, енді бұдан да жақсы көркейеді деп үміттенеміз. Өзімізге ұнайды. Балаларымыз осында дүниеге келіп, өскеннен кейін біздің де туған жеріміздей болып кетті", - деді аты-жөнін атағысы келмеген әйел.

капшагай 2022 3

"Жұмыссыздық шешілсе екен": Қапшағайлықтар қаладағы мәселелер туралы

Қапшағай қаласында Іле өзені алқабындағы су қоймасы орналасқан. Қалаға жетер жолда зауыт пен фабрикалар жұмыс істеп тұр. Тұрғындардың сөзінше, бұрын қаладағы өндіріс орындарының көбісі Кеңес одағы ыдырағаннан кейін жұмыстарын тоқтатқан. Сондықтан қалада жұмыссыздық белең алған, дейді қала халқы.

Қаланың орталығынан жолыққан тағы бір тұрғын Нина Өтебекова Қапшағайға 1976 жылы көшіп келген. Өтебекова қазіргі уақытта қаланың климаты бұрынғымен салыстырғанда өзгергенін айтады. Сонымен қоса ол облыс орталығына айналған қалада өнеркәсіп орындары ашылса екен деген тілегін жеткізді.



"Біздің отбасымыз қалаға 1976 жыл қоныс аударған. Бұл қала құрылған алғашқы жылдардың бірі еді. Біз көшіп келген жылдары мұнда күн ара желді дауылдар мен борандар болып тұратын. Ол күндермен салыстырғанда қазір Қапшағай кішігірім оазиске айналған. Ал қаланың статусына байланысты жасалатын өзгерістер туралы айтатын болсақ, алдымен өнеркәсіптік орындар туралы айтуымыз қажет шығар. Себебі қаламызда соңғы жылдары мұндай даму жолға қойылған жоқ. Оның үстіне қаламызға келген ойынхана бизнестері де біздің сырт әлеммен байланысымызды үзіп тастағандай болды. Егер казинолар жұмысын тоқтататын болса, онда олардың орнына басқа жұмыс орындары ашылуы қажет", - дейді әйел.

Айта кетейік, қалада 54 өнеркәсіп кәсіпорны бар, оның 14-і ірі және орта кәсіпорын, олардың үлесіне жалпы өнім көлемінің 73,4% кіреді. 

Қала орталығында орналасқан мешіттің ауласында кезіккен ақсақал Сатыбалды Бесбаевтың қалада тұрып келе жатқанына 40 жылдан асқан. Қайта құру кезеңімен қатар жаңа Қазақстанның да құрылып жатқанын көрген қария қаладағы басты мәселе – жұмыссыздық екенін айтады.

"Жұмыс орындары ашылса екен деп ойлаймыз. Қалада жұмыс жоқ. Екі қолға бір күрек таппаған жастардың біразы басқа қалаларға кетіп жатса, екіншілері табылған жұмысты жасайды. Халықтың көбісі базарларда істейді. Шабашка (түрлі жұмыстар – ред.) жасайды", - дейді көпті көрген қария.

капшагай 2022 4

"Орнына мешіт пен медресе салу қажет": Қапшағайлықтардың казиноларға деген көзқарасы

Қазір Қапшағай қаласында тұрғындардың айтуы бойынша 20 шақты казино болса, олардың тек 5 ғана жұмыс жасап тұр. 2007 жылы Қазақстанда "Ойын бизнесі туралы" заң қабылданып, заңға сәйкес ойынханаларды Қапшағай мен Щучинск қалаларының аумағаны ауыстыруға шешім қабылданған еді.

Тұрғындар қалаға ерекше статустың берілуі казиноларға қатысты заңға да өзгеріс әкеледі деген үміттерін жасырмайды. Дегенмен олардың ойынханаларға деген көзқарастары екіге бөлінеді. Бірі олардан ешқандай зиян келіп тұрмағанын айтса, екіншілері ойынхана орындарын мүлдем жауып тастау қажеттігін айтады.

Тұрғын Незкен Омарова қала халқына казино орталықтарынан келетін зиян жоқ дейді.

"Олардың жұмыс істеп келе жатқанына 10 жылдан асып кетті. Осы уақыт ішінде қалада шу болып, олардың қатысуымен болған дау туралы естіген жоқпыз. Көпшілігі қаланың сыртында орналасқан. Қала халқы оларға бармайды да. Өздерімен өздері. Оған бару үшін қалтаңда әжептеуір ақша болу керек шығар, қарапайым халықта онда қаражат қайдан болсын. Бірақ әлбетте осы өзгерістерден кейін мүмкін оларды да көшіретін шығар. Ал мұны жақсы не жаман деп өзбасым айта алмаймын", - дейді Омарова.



Ал Хаджы Низамов есімді азамат казинолардың орнына мешіт пен медресе салу қажет деп санайтынын жеткізді. Тұрғынның сөзінше, казинолардың болуы қала жастарын бұзып, тәрбиесі мен өміріне әсер еткен. Қала халқының арасында ақшаларын сол жерге апарып, отбасын бұзатындар аз емес, дейді ол.

"Қалаға қазір ең қажеттісі – мешіт пен медреселер. Өздеріңіз көргендей қаланың орталығында бір ғана мешіт тұр. Ал бір аумақта 20-30 шақты казино бар. Әртүрлі ойынханалар жастардың тәрбиесін бұзып бітті. Сол жерге жұмыс істеймін деп барған олар өздері де қызығып, ойнап, қарызға батқандарын да білемін. Сондықтан егер облыс болғанымыз рас болса, осы құмар орталықтарын бұзып, оның орнына мешіт пен медресе салу қажет деп санаймын", - деді тұрғын.

капшагай 2022 5

"Ішкі туризмді дамытсақ": Қапшағайлықтар алдағы өзгерістерден не күтеді?

Біз тілдескен әрбір тұрғынның өз қаласын мақтан тұтатыны сөздері мен көздерінен көрініп тұрды. Қала халқының басым көпшілігі қаланың облыс орталығы болғанын гөрі қалаға Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілгеніне көбірек қуанатындай.

"Тек жақсылық күтеміз", - дейді зейнетке шыққан мұғалім Незкен Омарова. – Бізге басқа өлкедегі туыстарымыз хабарласып, "облыс болғандарың құтты болсын" деп құттықтап жатыр. Әлбетте мұның бәрінен бұрын қаланың қайтадан назарға алынғанына қуанамыз. Алдағы уақытта оң өзгерістер көп болады деген сеніміміз де бар", - дейді әйел.

Қала тұрғыны Нина Өтебекова қалаға жастар көбірек келіп, ішкі туризмді дамытсақ деген тілегін жеткізді.

"Жастардың ойын-сауық орталықтары көбірек ашылса дұрыс болады. Бұл жастарымызды спортқа баулуға жақсы әсер ететін еді. Сонымен қатар қазір қалаға оқуға немесе жұмысқа келетін жастар аз. Осы орайда жастарды тарту үшін жұмыс орындарын ашып, оларға жағдай жасаса. Жазды күндері жастардың көбісі жағажайларға барып, жұмыс істейді. Қалада керемет көліміз де бар, ол жерге демалып келетін адамдар да аз болмайды. Осыны пайдаланып туризм саласына серпін берілсе екен", - дейді қала тұрғыны.

Талқылау