"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
Фото: Іnstagram.com/a_lbeen_a
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы, Алғабас ауылының тумасы Альбина Чандлер – қазір Норвегияның батысындағы Ставангер қаласының жергілікті тұрғыны. Даррен Чандлер есімді ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы шетелдік жігіттердің бәрін “жігіттің серісі” деп ойлау қате екенін айтты. Альбина Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Норвегиядағы өмірге бейімделу туралы айтты және тіл үйрену қиынға соққанын жасырмады.
Альбина мен Даррен батыс Қазақстандағы мұнай-газ өндіретін бірлескен кәсіпорын “Теңізшевройл” компаниясында бірге қызмет етіп жүріп, танысқан. Норвегияға күйеуінің жұмыс бабына байланысты көшіп кеткен.
“Күйеуіммен 2008 жылы қызметтес болып жүріп, таныстық. Ол 50 шақты елде қызмет көрсететін халықаралық мекемеде жұмыс істейді. Жолдасымды жұмысқа шақырып, 2021 жылы Норвегияға көшіп келдік. Соңғы 4 жыл Норвегияның батысындағы Ставангер қаласында тұрамыз. Күйеуімнің сыпайылығы, адамгершілігі және әзілге жақындығы мені бірден баурады. Тұрмыс құрмас бұрын 4-5 жылдай Атырауда бірге тұрдық. Даррен қазақтармен өте жақын араласты, дәстүрлерді жақсы біледі және құрметтейді. Жолдасым өте әдепті, сыпайы азамат. Ол менің анаммен, бауырларыммен тез тіл табысып кетті, ал менің бауырларым мен туыстарым оны ешқашан шеттеткен жоқ”, – дейді отандасымыз.
Ерлі-зайыптының жас айырмашылығы – 13 жас.
Дарренді қазақша “Дарын” деп атайды
Альбина да, оның желідегі оқырмандары да Дарренді қазақша “Дарын” деп атайды. Ағылшын азаматы қазақ тілін жақсы меңгерген. Сондықтан болар желі қолданушылары Дарренді бірі “жезде”, енді бірі “күйеу бала” деп жақын тартады.
Қазақ қызына басқа елге көшу, жаңа ортаға бейімделу қиынға соққан.
“Көшіп келгенде өте қиын болды. Мұншалықты қиын болады деп ойламадым. 3 жылдай жұмыс таба алмадым, сондықтан да тұрақты түрде араласатын орта болмады. Бірақ қайырымдылық ұйымдарда ерікті болып жүріп, көп жақсы адамдармен таныстым. Бағыма қарай, бұл жерде қазақтар көп екен, жерлестеріммен өте жақын араласып кеттік. Тіл үйрену де оңай емес екен. Норвег тілін үйрету әдісі де өзгеше екен, алайда маған ұнамады. Бірақ бұл елде көбі ағылшын тілін біледі, сондықтан үйде де, жұмыста да ағылшынша сөйлеймін. Үйде күйеуіміз екеуіміз болғандықтан көбіне ағылшын тілінде сөйлесеміз. Ал анаммен, бауырларыммен және қызыммен қазақша сөйлесемін”, – дейді Альбина Чандлер.
Фото: Іnstagram.com/a_lbeen_a
“Қазақ тілін жақсы көремін, себебі ол – менің әйелімнің тілі”
Оның айтуынша, Даррен қазақ тілін ерекше құрметтейді.
“Жолдасым менің қазақша сөйлегенімді өте ұнатады. Үйде қазақша ән тыңдаймыз, оның жақсы көретін әндері де бар. Жүйелі түрде қазақ тілінен сабақ алып жүрген жоқ. Өкінішке қарай, ол Қазақстанда 7 жыл жұмыс істеп жүргенде “кәсіп тілі – орыс тілі” деген ұғым болғандықтан, қазақ тілін үйренуге көп көңіл бөлген жоқ. Неге екенін білмеймін, бірақ шетелдікті көргенде көпшілік бірден орыс тілінде сөйлеп кетеді. Қазір қазақ тілінде сөйлеудің трендке айналғаны қатты қуантады. Жолдасым "Мен қазақ тілін жақсы көремін, себебі ол менің әйелімнің тілі" деп айтады. Шетел азаматтарының бәрі бірдей жігіттің серісі емес, олардың да арасында нашар адамдар бар. Жар таңдағанда ұлтына емес, адамгершілігіне, өмірге деген ынтасына, жауапкершілігіне қарау керек. Ең алдымен әр қыз-келіншекке жүрегі қалаған адаммен бақытты болуын тілеймін”, – дейді Альбина.
“Азық-түліктің бағасы өте жоғары, бірақ тұрақты”
Кейіпкеріміз Норвегияда мұғалім болып жұмыс істейді.
“Соңғы алты ай халықаралық мектепте мұғалім болып істедім. Әр мектепте қосымша мұғалім деген қызмет бар, мұғалім жетіспей қалған кезде немесе мұғалім ауырып қалған кезде сабақ өткіземін. Жалақым шамамен сағатына 300 крон (15 мың теңге). Айлық істеген сағатыңа байланысты шығады және 25% салық ұсталады. Үй мен азық-түліктің бағасы өте жоғары, бірақ тұрақты, орташа немесе орташадан жоғары жалақы алсаңыз, бір үйде екі адам жұмыс жасаса, отбасын қамтуға жетеді”, – дейді отандасымыз.
Альбинаның айтуынша, үйде тамақ істеу Дарренның мойнында. Бұл оның хоббиі дейді кейіпкеріміз. Оны әлеуметтік желідегі видеолардан байқауға болады. Сондай-ақ ерлі-зайыпты бірге саяхаттағанды ұнатады.
“Күйеуіміз екеуіміз де жаңа адамдармен танысқанды, ел көріп, қыдырғанды қатты ұнатамыз. Басқа елдің адамдарымен танысып, олардың өмір салтын көрген сайын жер бетіндегі адамдардың ұлтына, дініне, түр-келбетіне қарамастан бәріміз бірдей екенімізді түсіндім. Адамдардың бәрі бақытты өмір сүргісі келеді. Ешкімді менен артық не кем деп ойланбауды үйренесің. Мерекелерді ұлт немесе елге бөлмейміз. Мереке тойлауды, қонақ шақырғанды жақсы көреміз, сондықтан бәрін бірдей тойлаймыз”, – дейді ол шетелге көшкеннен кейін көзқарасы өзгергенін айтып.
@albina.chandler7 Таңғы ас #норвегия🇳🇴 #альбинадаррен #рек #рекомендации #реки @Darren Chandler ♬ Love Story - TonsTone
“Норвег халқы тұйық, ұялшақ, еліктегіш емес”
Альбина Қазақстан мен Норвегияның арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін айтты. Бірақ қос халықтың сыпайылығы мен қонақжайлығы ұқсайды.
“Мәдени айырмашылық бірден көзге түседі. Норвег халқы шыдамды, сыйластықты бағалайды, табиғатты қорғауға қатты көңіл бөледі, өз ойын сауатты жеткізеді және басқалардың да пікірін сыйлайды. Олар өте қарапайым, тұйық және ұялшақ сияқты болып көрінеді. Олар біреудің өміріне араласпайды, сұрамаған жерде пікірін, ақылын айтуды дөрекілік деп есептейді. Өте қонақжай, бірақ тек жақын дос, туыспен араласады. Өмірде жаңа адаммен танысып, дос болып кетуі сирек кездеседі. Ешкімнің жеке өміріне қол сұқпайды және өздері туралы да көп айта бермейді. Еліктегіш емес, сән қумайды. Керісінше, дәстүрлі, үйреншікті өмір салтын ұстанады. Әрине, бес саусақ бірдей емес”, – дейді кейіпкеріміз.
Айтуынша, Дарреннің екі баласы бар, өзінің бір қызы бар. Ол үшін бала тәрбиесінде ең маңыздысы – махаббат, балаға сапалы білім алуға, ұнаған ісімен айналысуға, таңдау жасауға мүмкіндік беру.
“Ата-ана ретінде қателескен жеріңіз болса, мойындап, кешірім сұрай білу керек. Бала ұяда көргенін іледі. Балаға не үйреткіңіз келсе де, өзіңіз соған сай болу керексіз. Мен өз балама ұлттық болмыс, салт-дәстүр емес, ең алдымен қамқор болуды үйретуге тырыстым”, – деді отандасымыз.
Фото: Іnstagram.com/a_lbeen_a
Отандасымыз қазақтың салт-дәстүрін ұмытқан емес. Оның тұрақты оқырмандары да Альбинаны отансүйгіштігі мен қазақ тіліне деген жанашырлығы үшін құрметтейді.
“Бала күннен көріп өскен дәстүрлерді сақтауға тырысамын. Жүрген жерімде Қазақстанды, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүремін. Әдейі істемеймін, бұл жай ғана менің болмысым деп ойлаймын. Болашағымды Қазақстанмен байланыстырамын. Өйткені, ол – менің туған жерім, елде бауырларым тұрады, Қазақстанмен ешқашан байланысым үзілмейді”, – дейді ол.
Альбинаның өмірлік ұстанымы – “Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз”. Ол үнемі жаңа, жақсы нәрсені үйренуге ұмтылады, армандап, арманын орындау үшін қолдан келгенше тырысады.
@albina.chandler7 Енем “біз де аздап қазақ болып кеттік қой” дейді #рек #лондон #қазақстан🇰🇿 #альбинадаррен😍😍 #рекомендации @Darren Chandler ♬ ALEM - Temirlan & Yernat

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
