Алматылықтар Әл-Фараби даңғылының жабылуына байланысты көлік коллапсын күтуде: Әкімдік жөндеу жұмыстары неге жаз соңында басталғанын түсіндірді
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы қозғалыс екі айға шектелмек. Себебі 1974 жылы салынған орта қысымды жер асты газ құбыры қайта жөндеуді қажет етеді екен. Бірақ бұл шешімге қала тұрғындары жаңа оқу жылы қарсаңында емес, жазда істелуі керек еді деп шағымданды. Stan.kz әкімдіктен неліктен газ құбырын ауыстыру жұмыстары былтыр асфальт төселгенде қатар жүргізілмегенін және неліктен жөндеу қыркүйекке жоспарланғанын сұрады.
Өткен аптада әкімдік қалада тұрғындарына 51 жылдан бері жөнделмей келген құбырларды жөндеуге байланысты қыркүйектен бастап екі ай бойы көлік қозғалысы ішінара шектелетінін хабарлады. Осылайша, жөндеу уақытында қозғалыс Әл-Фараби даңғылының солтүстік жағы бойынша Луганский көшесінен бастап Достық, Назарбаев даңғылдары, Померанцев көшесі арқылы Қаратаев көшесіне дейінгі аралықта уақытша шектелмек.
Мұндай жаңалық қала тұрғындарын аса қатты қуанта қоймады. Олар онсыз да кептелісі көп Әл-Фараби даңғылын неліктен жаңа оқу қарсаңында қайта қопарып жатқанына аң-таң. Тұрғындар кептеліске Достық даңғылы, Назарбаев даңғылы, Померанцев (Пмеранцев) көшесі, Қаратаев көшелері түсетінін айтты.
Сонымен қатар айналадағы Луганский және Мендыкулов бульвары да әсер алуы мүмкін.
Бұл учаскелер жөндеудің әсерінен трафиктің қайта бағдарлануы салдарынан көбірек жүк тартуы ықтимал
Мәселен, ladutska01 есімді желі қолданушысы бұл жағдайды "классика" деп айтып, әуелі "әдемі етіп асфальт төсеп алып, кейін астында құбыр бар екенін естеріне түсіретінін" жазды.
Тағы бір оқырман жөндеу жұмыстарының дәл оқу жылы басталған кезге сәйкес келгеніне өкпесін айтты. Ол әр жылы қазан айына дейін қала көшелерінің қазылып жататынын айтып, неге әуелі құбырды толықтай ауыстырып, содан кейін ғана асфальт төсемейтінін сынға алды.
Ал zaukentay атты желі қолданушысы жазда жөндеу жұмыстарының неге жүргізілмегенін түсінбей, наразылығын білдірген. Оның айтуынша, дәл қазір студенттер мен оқушылардың сабағы басталып жатқан кезде жолды қазу тұрғындарды әбден әбігерге салады. Сондай-ақ ол жаңа ғана төселген асфальттың қайта сыдырылуын орынсыз шығын деп бағалап, салықты билік өкілдері қаражатты осылайша жөнсіз жұмсау үшін төлемейміз деген уәж айтқан. Дегенмен қала басшылығы тұрғындар мен қонақтарға уақытша шектеулерді ескере отырып, сапар бағытын алдын ала жоспарлауды ұсынды.
Фото: Алматы әкімдігі
Айта кетейік, Алматыда 2024 жылы 6-7 тамыз аралығында Әл-Фараби даңғылында (Меңдіқұлов көшесінен Достыққа дейін, шығыс бағыты) жылу желілерін жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс жабылған еді.
Осы ретте редакция алматылықтардың арыз-шағымын алға тарта отырып, әкімдіктен былтыр осы аумақта асфальт төселген кезде газ құбырларын неге қатар ауыстырмағанын сұрады.
Әкімдіктің айтуынша, Әл-Фараби даңғылы бойындағы газ құбыры 1974 жылдан бері жұмыс істеп келеді және әбден тозған.
"2023-2024 жылғы жылыту маусымында құбырда коррозия байқалып, апатты жағдайдың алдын алу үшін ол уақытша тоқтатылған. Сол себепті құбырды толық ауыстыру қажет болған. Мұндай жұмыстарды арнайы жоба жасалып, ресми рұқсат алынғаннан кейін ғана бастауға болады. 2024 жылы осы бағыттағы дайындық жүргізіліп, қазір қайта жөндеу қолға алынып отыр", – деп жауап берді әкімдік.
Әкімдік жобаны іске асыру үшін 2025 жылы "Самұрық-Қазына" қорының ережесіне сай ашық тендер өткізілгенін атап өтті.
"Сөйтіп, "Тараз Агро Пром Сервис" компаниясы жеңімпаз атанып, 4 маусымда онымен келісімшарт жасалған. Барлық техникалық және ұйымдастыру кезеңдерін ескере отырып, сондай-ақ 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дейін жұмыстарды аяқтау қажет болғандықтан, құрылыс жұмыстары биыл шілде айында басталған", – деп шаһар басшылығы пікір білдірді.
Жұмыс аяқталған соң жол мен аумақ қалпына келтіріліп, мердігер компания 10 жылға кепілдік береді екен. Газ құбырын жаңарту Алматының оңтүстігін үздіксіз әрі қауіпсіз газбен қамтуға бағытталған стратегиялық жоба болып отыр дейді әкімдіктегілер.
Десе де, жөндеу жұмыстары біткен соң асфальтты төсеу кезінде оның құны қанша болатыны туралы әкімдік нақты жауап берген жоқ. Редакция "Самұрық-Қазына" қорының zakup.sk.kz сайтына кіріп, жалпы қанша қаржы бөлінгенін зерттеп көрді.
"Самұрық-Қазынаның" мемлекеттік сатып алулар порталында жарияланған деректерге сәйкес, 2025 жылғы 5 қаңтарда негізгі келісімшарт жасалған. Ашық тендердің нәтижесінде тапсырыс беруші ретінде "QazaqGaz Aimaq" АҚ-ның Алматы өндірістік филиалы, ал мердігер ретінде "Тараз Агро Пром Сервис" ЖШС анықталды. Келісімшарттың жалпы құны 2 миллиард 192 миллион 280 мың теңгеден астам (қосымша құн салығымен бірге) болып белгіленген.
Жоба бойынша жергілікті мәндегі құбырларды және ұқсас инженерлік жүйелерді төсеу жұмыстары қарастырылған. Ресми мәліметке сенсек, қазіргі таңда келісімшарт аясында орындалған жұмыстардың жалпы сомасы 895 миллион теңгеден асады делінген.
Фото: zakup.sk.kz сайтынан скриншот
Сонымен қатар жобада газ құбырларын қайта жаңарту жұмыстары Алматы қаласының бірнеше көшелерін қамтиды.
Атап айтқанда, Янушкевич көшесі, Пушкин көшесі, Саин көшесі, Мұсатай Кәрім көшесі, Момышұлы көшесі, Рысқұлов даңғылы, ақын Сары-Момышұлы көшесі, Луганский көшесі, Тәттімбет көшесі, Снегин көшесі, Армянская көшесі, Қастеев көшесі, Бөгенбай батыр көшесі, Көккінақи көшесі, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, Абай даңғылы, Мұратбаев көшесі, Жібек Жолы көшесі, Шәріпов көшесі, Гоголь көшесі, Шевченко көшесі, Наурызбай батыр көшесі, Чайковский көшесі, Жамбыл көшесі, Желтоқсан көшесі, Мәуленов көшесі, Сейфуллин көшесі және Қарасай батыр көшесі көрсетілген. Осы тұста дәл Әл-Фараби даңғылындағы көшелерді құбырларды жөндеуге 03.06.2025 жылғы актіге сәйкес 200 512 155,85 теңге бөлінген. Қалған көшелерге мына сомалар бөлінген.
• 05.05.2025 – 66 986 424,3 теңге
• 19.05.2025 – 109 871 052,59 теңге
• 03.06.2025 – 200 512 155,85 теңге (Әл-Фараби даңғылы)
• 16.06.2025 – 125 683 915,86 теңге
• 27.06.2025 – 110 669 408,57 теңге
• 03.07.2025 – 119 238 87,85 теңге
• 18.07.2025 – 87 577 624,78 теңге
• 04.08.2025 – 93 234 066,62 теңге
• 28.08.2025 – 89 063 302,61 теңге
• (қабылдау күні көрсетілмеген) – 21 074 108,86 теңге
Жалпы сома: 916 599 547,89 теңге.
Фото: zakup.sk.kz сайтынан скриншот

Қоғам белсендісі Алматы көшелеріне төселген брусчатканың жеке қолға сатылып жатқанын әшкереледі: Алайда әкімдік олардың мұқтаж отбасыға берілгенін айтып отыр
