Қоғам белсендісі Алматы көшелеріне төселген брусчатканың жеке қолға сатылып жатқанын әшкереледі: Алайда әкімдік олардың мұқтаж отбасыға берілгенін айтып отыр
Фото: Видеодан скрин
Алматыда 2022 жылы төселген жаңа әрі сапалы брусчатканың қайта алынып, орнына дәл сондай тастың төселуі қоғамда үлкен дау туғызды. Белгілі қоғам белсендісі Санжар Боқаев жариялаған видеода алынған брусчатканың бір бөлігі қала маңындағы Жандосов ауылына әкетіліп, тіпті сатылып кеткен. Ол бұл әрекетті "ұрлық" деп бағалап, әкімдік пен мердігер компанияның келісім арқылы бюджет қаржысын талан-таражға салғанын ашық мәлімдеді. Боқаев бұл істі бұрынғы әкім Ерболат Досаевтың жоспарымен байланыстырды. Осы жағдайға байланысты Stan.kz Алматы әкімдігінен ресми түсініктеме сұратты.
Қоғам белсендісі Санжар Боқаевтың видеосында 27 тамыз күні таңғы сағат 08:19-да тұрғындардан қаладағы жаңа брусчатканың шешіліп, қайтадан жаңа брусчатка төселіп жатқаны туралы хабар түскені айтылады. Сол жерде Санжар Боқаев полицияға хабарласып, шақырған. Жүк көлігі арқылы брусчатка жүк көлігіне тиеліп, қала сыртындағы Жандосов ауылына жеткізілген. Онда брусчатка жеке үйдің ауласына түсіріліп жатқан кезде түсірілім жүргізілген. Санжар Боқаевтың айтуынша, әкелінген брусчатка мүлде бүлінбеген, тіпті жаңа күйінде болған. Әрбір тас бүтін, ешбір жерінде сызат немесе жарық жоқ.
Қоғам белсендісі бұл әрекетті "заңсыз әкету, ұрлық" деп бағалап, жүк түсіріліп жатқан жерге тағы да полиция мен тергеу-жедел тобын шақырған.
“Бұл брусчатка қаладағы көшелерден алынғанымен, оны ауыстырудың ешқандай қажеттілігі болмаған. Себебі тастар сапалы күйінде сақталған, кем дегенде тағы бес жыл пайдалануға жарамды еді. Осы жұмыстарға жарты миллиард теңге бөлінген. Белгіленген "абаттандырудың" еш қосымша құндылығы жоқ, керісінше бюджет қаражаты орынсыз жұмсалып отыр. Әр жылы бюджетте шамамен бес триллион теңге тапшылық байқалады. Мемлекет азиялық және еуропалық банктерден қарыз алуға мәжбүр. Соған қарамастан, қалада жаңа төселген брусчатканы қайта алып тастап, орнына тағы жаңа брусчатка төсеп жатқан жайт тіркелді. Алғашқы тосыннан жүргізетін тексеруден кейін екінші манипулятор да брусчатка тиеп келді. Бірақ жағдайдан хабардар болған соң ол Шамалған ауылында жүктің бәрін түсірмей, қайтадан қалаға, Әйтеке би көшесіндегі әкімдіктің қоймасына апарды", – деді Санжар Боқаев.
Санжар Боқаев өзінің тағы аңдып бара жатқанын байқап, екінші жеткізу көлігі қайта кеткенін айтады. Оның сөзінше, тас Шамалғанға жеткізілгенде, оның сатылуы әбден мүмкін еді.
"Бұл әрекетті "заңсыз әкету, ұрлық" деп бағаланды. Өйткені брусчатка небәрі екі жыл бұрын төселген, ол әлі де сапалы күйінде тұрған. Алайда әкімдіктен ешқандай дефект актісі жасалмаған. Мұндай құжатты аудандық әкімдіктің абаттандыру бөлімінің басшысы мен мердігер қол қоюға тиіс еді", – деп арызданды Санжар Боқаев.
Санжар Боқаевтың дерегіне сенсек, көше жұмыстарына бюджеттен 490 миллион теңге бөлінген. Бірақ ескі плитка сапалы күйінде алынғандықтан, ешқандай қосымша құн әкелмей отыр. Оның орнына жаңаға ұқсас плитка төселген. Қоған белсендісі бұл жағдайды әкімдік пен мердігердің келісімі арқылы жүзеге асқан заңсыз әрекет ретінде сипаттады.
"Әкімдік пен мердігер бірігіп ұрлық жасайды, түсінесіз бе? Олар жақсы жерлерді таңдап алып, жүздеген миллионға жұмыс жоспарлап қояды. "Мынаны шешіп аласыңдар, сатып жібересіңдер, ақшаны бөлісеміз, біз қайтадан жаңасын төсейміз" дейді. Әр екі жыл сайын осылай қайталанады. Сіздер фактіні тіркеңіздер, тергеу тобы сияқты тексеріс жүргізіңіздер, ары қарай біз, бәлкім, Антикорға өткіземіз. Мұның бәрін Дусаев әуелден жоспарлап қойғаны түсінікті. Жаңа әкім әлі жағдайға толық кірісіп үлгермеді, жүз күн де өткен жоқ. Ал қызметтер ше? Жауапты органдар – Ішкі істер департаменті, ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, мәслихат депутаттары мұндай заңсыздықтарға дер кезінде назар аудармаған", – деп Санжар Боқаев сынға алды.
Қалада әлі күнге дейін 200-ден астам көшеге асфальт төселмеген. Ал орталықта сапалы жабынды қайта-қайта ауыстыру орынсыз шығын ретінде көрсетілді.
Бұл мәселеге қатысты Алматы әкімдігі жауап берді. Әкімдіктің пікірінше, Уәлиханов көшесінде (Шевченкодан Қазыбек биге дейін) абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Ескі тас төсеуіш ауыстырылып, жаңа жарықтандыру, автосуару жүйесі, шағын архитектуралық нысандар мен қоршаулар орнатылып, көгалдандыру жүргізілген.
"Бұл бульвардағы тас төсеуіш соңғы рет 2004 жылы ауыстырылған. 2014 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді, бірақ төсеуіш жаңартылған жоқ. Тек қоршаулар мен суару жүйесінің бір бөлігі орнатылды. Осылайша, қазіргі төсеуіш 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып, толық ауыстыруды қажет етті. 2024 жылы жүргізіліп жатқан жөндеу барысында бұрынғы үлгідегі қырлы және ойықты тас төсеуіштің дәл сондай түрін табу мүмкін болмады. Бұл материал өндірістен шығарылып, техникалық тұрғыдан ескірген. Сонымен қатар, бірқатар жерде төсеуіштің тозуы мен ақаулары анықталды. Сол себепті мердігер ұйым оны толық ауыстырылды", – деп жауап берді қала әкімдігі.
500 миллион теңге (қосымша құн салығымен) тек Уәлиханов бульварына ғана емес, басқа нысандарға да жұмсалған дейді әкімдік.
"Соның ішінде Шевченкодан Қазыбек биге дейінгі аралықтағы жұмыстарға – 296 миллион теңге, ал Қарасай батыр бульварында (Достық пен Назарбаев көшелерінің арасындағы бөлік) атқарылып жатқан жұмыстарға – 204 миллион теңге бөлінді. Тас төсеуіштің Алматы облысына әкетілуіне қатысты түсініктеме береміз. Келісімшарт бойынша бұзылған материалды кәдеге жарату қарастырылған. Осыған орай мердігер ұйымның өтініші және тапсырыс берушімен келісім негізінде шамамен 90 шаршы метр төсеуіш мұқтаж отбасына берілді. Қалған материал мердігер ұйымның қоймасында сақтаулы", – деді Алматы әкімдігі.

Қоғам белсендісі Алматы көшелеріне төселген брусчатканың жеке қолға сатылып жатқанын әшкереледі: Алайда әкімдік олардың мұқтаж отбасыға берілгенін айтып отыр
