Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Енді заңды түрде жұмыс істеп жатырмыз": "Алтын Орда" базарында екі айда не өзгерді (фото)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Алматы іргесіндегі атышулы "Алтын Орда" базарының жұмысын тексеруді тапсырған болатын. Президент бұл жердің пайдакүнемдер үшін нағыз "майшелпекке" айналғанын айтып, базарды тәртіпке келтіру үшін Алматы мен Алматы облыстарының әкімдіктеріне екі ай уақыт беретінін мәлімдеген. Stan.kz тілшісі "Алтын Орда" базарына барып, екі айда базардың қалай өзгергенін көріп қайтты. 

"Алтын Орда" базарының жалпы аумағы 218 151 шаршы метрді (20 гектар) құрайды. Базар – Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы ең ауқымды сауда орталықтарының бірі. Тауар айналымының көлемі айына орта есеппен 147 млн теңгеге, жүк айналымы күніне 500 КамАЗ-ға дейін жетеді. Базарға келетін сатып алушылар саны күніне 8-ден 15 мыңға дейін барады. 

Айта кетсек, қаңтар айының соңында "Алтын Орда базары" ЖШС сот тәртібімен таратылғаны туралы ақпарат таралған болатын. Кейбір адамдар бұл хабарды базар жойылды деп түсінген еді. Алайда, шындығына келгенде, базар "Алтын Орда базары" ЖШС қолданыста жоқ заңды тұлға иелігінен "Kurylys Ltd" ЖШС және "Altyn Orda Qaz Trade Ltd" ЖШС иелігіне өтті. 

“Алтын Орда” базары аумағы бітпейтін кептелісімен танымал. Көліктердің базар аумағындағы тұраққа сыймай тұрғаны бірден көзге түседі. 

Базарды тексеріп жатқан арнайы комиссия жақында мұнда 1 млрд 600 млн теңгенің заң бұзу дерегін анықтаған болатын. Олар базарды осыған дейін ешқандай мемлекеттік орган тексермегенін мәлімдеген еді. 

“Базарды қазір 71 адамнан құралған комиссия тексеріп жатыр. Қазірдің өзінде 1 млрд 600 млн теңгенің заң бұзу деректерін анықтадық. Талаптарға сәйкес келмейтін ғимараттар бой көтерген”, — деген болатын сауда комитеті төрағасының орынбасары  Айдар Әбілдәбеков.

Біз жергілікті саудагерлерден базарда қандай өзгерістер болып жатқанын сұрап, сөзге тартып көрген едік. Алайда олардың көбі пікір білдіруден бас тартты. Кейбіреулері ғана жасқаншақтанып жауап берді. Солардың бірі – астанадан арнайы жұмыс істеуге келген Жайын. Екі жылдан бері аяқ киім сатумен айналысады. 

“Президент тапсырмасынан кейін базарда өзгеріс болды. Барлығымыз жеке кәсіпкер (ИП) ретінде тіркеліп, өз жұмысымызды заңдастырдық. Басында бәрі басшының атында тұратын еді. Енді екі айдың ішінде жаңа ғимаратқа көшіргелі жатыр. Базардың жартысы ғимаратқа көшетін болады. Бірақ бізге қыркүйекке дейін тұруға мүмкіндік берсе дұрыс болар еді. Өйткені сыртта жұмыс жүреді. Мектепке бару маусымында жұмыс істеп алсақ деп едік. Ал іште сауда жылдам жүріп кететініне ешкім кепілдік бере алмайды. Жартысы сыртта, жартысы іште болғаны ыңғайсыздық тудырып тұр. Сол себепті бірден ісіміз оңға басады деп ойламаймын. Бірақ нақты қашан көшетініміз белгісіз”, – дейді ол. 

Ал Эльмираның “Алтын Ордада” жұмыс істеп жатқаныма 15 жыл болған. Көбіне әйелдер киімін Бішкектен әкеліп сататын ол базар жұмысына көңілі толатынын айтады. 

“Жақында ИП ашқызып, заңды түрде жұмысымызды жүргізіп жатырмыз. Базар жұмысына көңілім толғанымен, қыста суық кезде қиындау. Енді жаңа ғимаратқа көшсек жақсы болар еді. Өйткені қыста мына жерде тұтынушылар киімін ауыстыратын уақытта тоңыпқалады. Халық үшін ғимараттың іші ыңғайлы болады деп ойлаймын”, – дейді Эльмира. 

Алтын Орда базарының негізгі тұтынушылары – Алматы қаласының тұрғындары. Мегополиске базардан көп жағдайда жемістер мен көкөністер жеткізіледі. 

Мұндағы саудагерлер қаладағы дүкен қожайындары жеміс-жидек пен көкөністі "Алтын Ордадан" арзанға сатып алып, үстеме бағамен өткізетінін айтады. 

"Базарда жеміс-жидек сатумен айналысқаныма алты жылдың жүзі болды. Бізде баға айтарлықтай төмен. Қалалықтар топ болып келіп бәрін көтеріп алып кетеді. Күндіз сауда онша жүрмейді. Біздің тірлік түнге қарай қызады. Әсіресе таңғы 3-4 шамасында алматылықтар үлкен көліктерімен келеді. Ең сапалы жеміс-жидек пен көкөністің таңмен таратылатынын олар да біліп алған", — дейді көкөніс сатушылардың бірі.

Саудагер Қазақстанның әртүрлі өңірлері мен Орталық Азия елдерінен әкелінген көкөністер мен жеміс-жидектерді сатумен айналысады. 

“Жағдайымыз жақсы. Соңғы уақытта кассалық аппарат қойғыздық. Бірақ ол жеміс-жидек сататындарға тиімсіз. Өйткені жеміс-жидек тез шіріп кетеді. Мамырда жаңа павильон ашылады деп естідік. Алайда оған бізді кіргізер-кіргізбесі белгісіз”, – дейді ол.

"Алтын Ордада" бағаның біраз төмен екені рас. Мысалы, бір келі картопты 150-160 теңгеге, пияздың келісін 70 пен 120 теңге аралығындағы сомаға сатып алуға болады.

Бұнымен қоса базарда болып жатқан өзгерістер туралы “Алтын Орда” директорының орынбасары Жұмадин Патов айтып берді.

"Мен қазір сізге тексеру жұмыстарының нәтижесін нақты айта алмаймын. Өйткені базарды реттеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Екі жыл бұрын №1 жабық сауда павильоны пайдалануға берілді. Осы жылдың басында №2 павильонның бірінші блогының құрылысы басталды. Барлығы төрт блок болады. Болашақта барлық жалға алушылар жабық сауда павильонында сауда жасайтын болады”, – деді ол. 


"Болат Назарбаев иелік ететін базарда бұзылмаған заң жоқ": Бозымбаев "Алтын Ордадағы" тексеріс туралы айтты


Айтуынша, үш жыл бұрын еуропалық стандарттарға сәйкес мал сою алаңын салу және пайдалануға беру жоспарланған болатын.

“Біз кросс-докинг деп аталатын құрылыс салуды жоспарлап отырмыз, онда әртүрлі тауарларды сату тікелей жүк тиелген жүк көліктері арқылы жүзеге асырылатын болады. Заңсыз ақша жинау, бопсалау, рэкеттік әрекеттерге келетін болсақ, жұмыс барысында ондай жағдайлар көзіме түспеді", – дейді Жұмадин Патов. 

Талқылау