Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ол ағасына сеніп қалды": Байжановтың әйелі соттан балаларын әкесінен айырмауды сұрады

Сот отырысына Бақытжан Байжановтың әйелі Айнұр Күлдеева келіп, марқұмның туыстарына көңіл айтты. Ол судья пен алқабилерден балаларын әкесінен айырмауды сұрап, ағынан жарылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

"Салтанаттың ата-анасына, бауырларына қайғыра көңіл айтамын. Мен әйел баласына қол көтеруге түбегейлі қарсымын. Ал адам өлтіру деген өте қорқынышты көрініс. Бақытжанмен 2016 жылдан бері заңды некедемін. 2 ұлымыз, жеті айлық қызымыз бар. Екі күн бұрын балам "әкем қайда" деп сұрады. Мен оған не дерімді білмедім. Ұлым әкесінің қайда екенін, не істеп жүргенін білмейді. Бақытжан екеуміз үйленгеннен бері бір-бірімізге қатты дауыс көтерген емеспіз. Бақытжан өте тәрбиелі, қамқор, жұмысына адал, жақындарына көмек қолын созып жүреді", – деді айыпталушының әйелі.

Айнұр Күлдеева күйеуінің Бишімбаевтың сөзіне сеніп, жедел жәрдем шақырмағанын алға тартты.



"Ол сол күні Салтанаттың қандай қиын жағдайда екенін түсінбей қалды. Ағасының сөзіне сеніп, ұйықтап жатыр деп жүре берген. Бишімбаев – оның ағасы әрі бастығы. Сондықтан жұмысшы ретінде бастығына еш сұрақ қоймай, тапсырмасын орындаған. Бақытжанның аңқаулығынан, ағасына деген құрметінен, Салтанаттың жалаңаш түріне мән беріп қарамауынан жазықты болып отыр. Оны жазықсыз жазаламасаңыздар екен", – деді жары Айнұр Күлдеева.

Сонымен қатар Бақытжанның әйелі оның біреудің отбасының проблемасына араласып, ақыл айту ойында болмағанын тілге тиек етті. 

"Ол ағасының отбасына араласуды шектен шығу деп есептейді. Күйеуімнің қатеcі – Салтанатқа дер кезінде көмек бере алмауы, жедел-жәрдемге ертерек хабаспауы, ағасының сөзіне сеніп бейқамдық танытқаны. Бұл біздің отбасымызға берілген үлкен сынақ болды. Кешірім сұраймыз. Бұл сотта тек Бақытжанның емес, біздің отбасымыздың тағдыры шешіледі. Балаларымды әкесінен ажыратпауларыңызды өтініп сұраймын", – деді Байжановтың әйелі.

Еске салайық, әйелін азаптап өтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың телефонындағы видеоларда марқұм Салтанат Нүкеноваға бір сұрақты 175 рет қойғаны туралы жазған едік.

Талқылау