Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрай ісі: Айыпталушы алғашқы тергеуде марқұмға 7-8 рет пышақ сұққанын мойындаған

сотталушы Шерхан Аймахан
Фото: Видеодан скрин / Stan.kz

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында айыпталушының тергеу кезінде берген алғашқы жауабының бейнежазбасы көрсетілді. Отырысқа қатысып отырған Stan.kz тілшісінің хабарлауынша, бейнежазбада айыпталушы оқиға кезінде пышақты өзі қолданғанын айтып, бірнеше мәрте жарақат салған болуы мүмкін екенін жеткізген.

Тергеу барысында берген алғашқы жауабында айыпталушы бұрын Нұрайдың өзіне пышақ сұққанын көрсеткен жерге бұл жолы пышақты өзі сұққанын айтты. Оның сөзінше, алғашқы көрсетілімінде Нұрайға 7-8 рет пышақ сұққанын мойындаған. Сонымен бірге, мұндай әрекетке не себеп болғанын білмейтінін жеткізіп, пышақты не үшін сұққанын түсіндіре алмайтынын айтқан. 

"...Сосын ішіне кірдім, салонға кірдім. Салонда болды ма, білмеймін. Мұнда ешқандай алдын ала жоспар болған жоқ. Сағатқа қарасам, шамамен 08:00-ге таяп қалған екен. Кейін бәріміз бірге болып, одан соң.. Пешті қостым. Сөйтіп, 08:30 шамасында... Кейін тағы уақытқа қарадым. Ішінде болды ма, әлде Майқұдықтан келе жатқанда ма... Осылай сөйлесіп отырдық. Нұраймен сол бөлмеде, төсектің жанында бұрын сөйлескен әңгімелерімізді қайта қозғадық. Кейін өзі келген сияқты болды. Сағатқа қарасам, тағы да 08:00-ге таяу екен. Мен Нұрайдың сөздерін тыңдап тұрдым. Өзі де сұрады. Бұрын сөйлескен сөздерді тағы айтып отырдық. Нұрай өзі төртінші қабатқа келген еді. Мен де Нұраймен сөйлесу үшін барған шығармын. Бірақ біз бұған дейін де сөйлескенбіз. Кейін, келесі аптада келген кезде де тағы сөйлескенбіз.

Айыпталушының айтуынша, Нұраймен жұмысқа қатысты әңгіме болған. Бір кезде "Президенттік палатаға барып сөйлесейік" деген ұсыныс айтылған. Алайда Нұрай "Оған барып сөйлесудің не қажеті бар? Бәрібір бара алмаймыз" деп жауап берген. Кейін, оның сөзінше, Нұрай үйінен шыққаннан кейін екеуі Төлебаев көшесінің бойында кездескен. Айыпталушы сол кезде Нұрайдың телефон нөмірін сұрамақ болғанын айтты.

Бірақ Нұрай "Осы жерде сөйлесейік" деп, әңгімені сол жерде жалғастыруды ұсынған дейді Шерхан.

"Кейін біраз уақыт сөйлеспей кеттік. Артынша өзі тағы "Президентский палата" туралы айтты. Сол кезде.. Кейін ол "Маған тиіспе" деді. Сосын "Бұған дейін қалай болған еді?" деп түсіндіріп жатты. Осыдан кейін... Мен тоқтатуға тырыстым. Тоқтамады. Бір сәтте бәрі өзінен-өзі болып кеткендей болды. Солай аяғына дейін жалғасты. Кейін... Көмектескім де келді. Өзімді психолог сияқты ұстап, жағдайды ушықтырмауға тырыстым. Бірақ пышақ тиген кезде де бәрі өздігінен болғандай көрінді. Бір ғана соққы жасадым. Соны мойындаймын. Сол сәтте не істегенімді білемін. Бірақ нақты не үшін жасағанымды түсіндіре алмаймын. Ешқандай себеп болған жоқ. Қалай болғанын толық білмеймін. Есімде бәрі анық сақталмаған", – дейді айыпталушы алғашқы тергеу кезінде берген жауабында.

Айыпталушы тергеу барысында Нұрайға алғашқы көмек көрсетпегенін де мойындаған. Оның айтуынша, жарақаттан кейін абдырап қалып, оқиға орнынан кетіп қалған.

"Сол кезде Нұрайға жарақат келтірген шығармын. Бірақ ондай ауыр жарақат салдым деп ойламадым. Жаман нәрсе жасағанымды кейін түсіндім. Есімде қалғаны – Нұрайға екі ме, әлде сегіз бе, нақты білмеймін, бірнеше жарақат салған сияқтымын. Кейін алғашқы көмек көрсету керек еді. Бірақ мен не істерімді түсінбей қалдым. Сөйтіп, көлікке мініп кетіп қалдым. Ол жерде алғашқы көмек көрсете алатын адамдар болды ма, білмеймін. Бірақ мен кетіп қалдым. Менің байқағаным бәрі ешқандай себепсіз болды. Ешқандай қатігездік те, ұрыс-керіс те болған жоқ. Мен Нұрайға әдейі зиян келтіргім келген жоқ. Бір байқағаным, ол өзі... Кейін холлдан шыққан кезде ғана байқадым. Оны қайдан алғанын білмеймін. Өзімдікі ме, жоқ па – байқамадым. Сол сәтте ғана қолыма тигенін сездім...", - дейді Шерхан алғашқы тергеу кезінде.

Айта кетейік, бұған дейін Нұрай Серікбайдың отбасы оның 2025 жылғы 4 қазанда ұрланғанын, сол күні жақындары бірнеше мәрте хабарласқанымен, телефоны өшірулі болғанын айтқан еді. Сот отырысында оқылған хат алмасуда Нұрай анасына "Анашым, бәрі менің келісімімсіз болды. Мұны қаламадым" деп жазғаны белгілі болды. Судья бұл жазбалар марқұмның туыстарының бұрын берген айғақтарын растайтынын мәлімдеді.

Істің мән-жайы

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.

Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.

Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады. 

Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.

Айыптау актісі қандай?

Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады. 

Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.

Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты. 

Айым Атамбаева
Жұма, 07 Тамыз, 2026 12:56