Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әйелдер "көмектесетін жанашыр адамдар бар екен ғой" деп жылады": Түркістан облысында зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз-келіншектер арнайы орталықтардан көмек алып отыр

Зорлық-зомбылық — бұл қоғамның ең ауыр мәселелерінің бірі. Әсіресе, әйелдер мен қыздар осы проблемаға жиі тап болады. Осы орайда еліміздегі қыз-келіншектердің мәселесімен айналысып жүрген Республикалық әйелдер кеңесінің жұмысын ерекше атап өткен жөн. Өңірде осы сала бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын кеңестің Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы филиалының төрайымы Баян Жандосова Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Фото: Баян Жандосованың жеке дерекқорынан

Қазақстанда соңғы жылдары зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектерге қолдау білдіретін бірқатар жобалар мен бағдарламалар, орталықтар жұмыс істеп келеді. Бұл бүгінгі қоғамда әрбір тұлғаның алар орны ерекше екенін көрсетеді.

Төрайым қызметіне келгенде облыс зорлық-зомбылық бойынша көш бастап тұрды

Баян Айтбекқызы 38 жыл білім саласында қызмет етіп, 8 жылдан бері тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз-келіншектерге жәрдемін беріп жүр. 

“Ақтөбенің Қандыағаш қаласында 5 жыл басшылық қызмет атқардым. Кейін 1993 жылы жолдасым екеуміз жұмыс бабымен Шымкент қаласына көшіп келдік. 1993-1995 жылдар аралығында Шымкент қаласының білім басқармасында жұмыс істедім. Сосын 1995-2014 жылдар аралығында №9 мектепте директор қызметінде болдым. 19 жыл директор қызметін атқардым. Зейнетке шыққан соң 1 жыл кеңесші болып, 2016 жылы Республикалық әйелдер кеңесінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы филиалының төрайымы қызметіне тағайындалдым. 2022 жылы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болдым. Ұлттық комиссияның шешімімен Түркістан облысы бойынша куратор атандым”, –дейді Баян Жандосова.

Баян Айтбекқызының сөзінше, енді ғана төрайым қызметіне тағайындалғанда Оңтүстік Қазақстан облысы зорлық-зомбылық бойынша көш бастап тұрған. 

“2016 жылдан бері “Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” деген үлкен жоба негізінде Бас прокуратурамен бірлесіп жұмыс істеп келемін. Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі Салтанат Тұрсынбекова жоба бойынша жетекшіміз болды. 2024 жылы 15 сәуірде мемлекет басшысы "Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы" заңға қол қойды. Жаңа заңның басты мақсаттарының бірі, қауіпсіздікті сақтау. Осы негізде Шымкент қалсында абьюзер, нашақор және есірткіге салынған адамдармен жұмыс істейтін үлкен орталық ашылды. Орталықтың мақсаты адамды емдеп, өз отбасына қайта қосу. Жоба тоқтаса да денсаулық сақтау басқармасы оны бөлім ретінде өздеріне қосып алды. Орталықта Жұлдызбек есімді жігіт бар. Ол 2018 жылдан бері 400 адамды тегін емдеді. Оның 100-і отбасына қайта қосылды”, – дейді Айтбекқызы.

Орталықта  зорлық-зомбылық көрген әйелдерге қарағанда сексуалдық зорлық көрген қыздар көп

Сондай-ақ Баян Жандосова аталған жобаның арқасында әйел полициялар іске қосылғанын айтты. Ұлттық комиссия Қазақстанның барлық өңіріне әйел полиция енгізу керек деген шешім шығарғанын жеткізді. 

“2018 жылы Түркістан облыс мәртебесін алған кезде, қиын жағдайға түскен әйелдерді Шымкенттегі орталыққа алып келетінмін. Сол жылы Өмірзақ Шөкеевке, енді әйелдерді Түркістаннан Шымкентке апарып жүре алмайтынымды айттым. Нәтижесінде Түркістанда "Көмек" және "Оңалту Көмек" орталықтары ашылды. Бұл орталыққа қиын жағдайға тап болған әйелдер келіп, жарты жылдай тұрады. Оларға психикалық тұрғыдан көмек көрсетіледі”, – дейді Баян Жандосова. 

Баян Жандосова өңірде орын алған тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларынан мысал келтірді. 

“Бір күні түнгі уақытта бір отбасы хабарласты. Ер адам әйелін сабап, қабырғасын сындырып тастаған. Ол осы әрекеті үшін 1,5 жылға сотталды. Себебі бұл жаңа заңның алдында болған іс. Қазіргі заңмен ол 9 немесе 12 жылға бас бостандығынан айырылатын еді. Тағы бір шағынауданда мұғалім әйел бар. Оның да күйеуі ішімдікке салынған, жұмыс істемейді. Ол отбасыға да көмектестік. Екі әйел де, мына заманда көмектесетін жанашыр адам бар екен ғой деп көзіне жас алды”, – дейді Жандосова. 

Баян Айтбекқызының сөзінше, қазіргі уақытта әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылыққа қарағанда, қыздарға жасалатын сексуалдық зорлық мәселесі көбейген. 

"Көмек" орталығында зорлық-зомбылық көрген әйелдерге қарағанда сексуалдық зорлық көрген қыздарымыз көп. Бес жылдан бері екі қызды жетектеп келемін. Өгей әкесінен қорлық көрген кіші қыз медициналық колледже білім алады. Оны 5 жыл ішінде Шымкентке көшіріп, оқуға орналастырдық. Кәсіпкер әйелдердің бірі жыл бойы киім-кешегін әперсе, енді бірі оқу ақысын төлейді. Екінші, өз әкесінен қорлық көрген қыз 2 курста оқиды. Ол білім грантын иеленген”, – дейді Баян Айтбекқызы.

10 жыл құлдықта болған қыздың білім алып, оңалуына көмектестік

Баян Жандосова осы тұста зорлық-зомбылық көрген қыздарға білім грантын бөлу туралы ой келгенін айтты. Бұл идеясын сол кездегі білім министрі Асхат Аймағамбетовке де жеткізген екен. Ол қолдау білдіріпті. Дегенмен министрлік екіге бөлініп кеткен соң аяқсыз қалды дейді. 

“Кейіннен бұл ойымды “Адам құқықтары жөніндегі” ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбековаға айттым. Ол зорлық-зомбылық көрген отбасыда қыздан бөлек, ұл балалар да барын айтты. Оның үстіне білім гранты басқа балаларға жетпей қалады деді. Қазір енді әр облыста әкімдер грант бөліп жатыр. Әкім грант бөлген кезде комиссия құрамында болдым. Сол кезде әкімдер білім грантын өз аудан, қаласында зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыздарға бөлсе деген ой келді. Ол да жақсы көмек болар еді деп ойлаймын”, – дейді ол. 

Сондай-ақ Баян Айтбекқызы Түркістан облысында орналасқан “Көмек” орталығы құлдық мәселесімен де айналысатынын айтты. Тіпті оған қатысты оқиғалардан да мысал келтірді. 

“Құлдық мәселесіне қатысты екі жағдай болды. Ата-анасы қайтыс болған қыз 18 жасынан 28 жасына дейін туысқандарының құлдығында болған. Әжесі қыздың атына үйді жазып беремін деген. Туысқандары үйді қыз алып қоймасын деп құл ретінде сарайда қамап ұстаған. Жаңадан қоныстанған көршілер үйден біртүрлі дыбыс шыққан соң, полиция шақырған. Есікті ашып, ішін қараса қыздың түрі мүлде өзгеріп кеткен. Ол “Көмек” орталығына орналастырылып, 9 ай бойы оңалтудан өтті. Өзі тігіншілікке ебі бар екен. Сосын кәсіпкерлер тігін машинасын алып берді. Ал "Бақытты жанұя" орталығы 3 ай оқытып, тігінші сертификатын берді. Ал екінші жағдай, Түркістанда анасымен бірге лауазымды адамның құлдығында болған жігітке қатысты. Ол адам баланы 3 жасынан 16 жасына дейін құлдықта ұстаған. Баламен кездесіп, кешкі мектепке кіргізіп, жұмысқа орналастырдық. Сонымен қатар, Түркістаннан екі бөлмелі пәтер алып бердік”, – дейді Айтбекқызы. 

Баян Жандосованың сөзінше, осы  мәселеден соң Amanat партиясы орталықтар ашуды тапсырған.

“Шымкенттегі “Нұрсәт” шағынауданында "Бақытты жанұя" орталығы ашылды. Қазіргі уақытта әйелдер әкімге емес, осындай орталықтарға келеді. Ол жерде қыз-келіншектерге "Тігінші", "Аспазшы", "Мобилография" мамандықтары оқытылады. Оқуға ер адамдар да қатыса алады. 3 ай оқытып, сертификаттарын қолына береді. Сондай-ақ әкімдіктен 3 миллиондық грант ұтып алатын жағдай да қарастырылған. "Бақытты жанұя" орталығы әйелдер мен ерлерге грантты қалай ұтып алуға болатынын көрсетеді. Қазір өз кәсібін ашқан әйелдер бар. Кейде олар спикер де болады”, – дейді ол. 

Сондай-ақ Баян Жандосова студенттерге осы мәселе төңірегінде лекция оқып, әлеуметтік желіде парақшасын жүргізіп, өз кеңесін беретінін айтты.

STAN.KZ
Жексенбі, 15 Қыркүйек, 2024 12:00