Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді нәрестеге туа сала ЖСН берілмек: Заң бірінші оқылымда мақұлданды

Бүгін сенат отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: almatydc.kz

Заң аясындағы бірқатар түзетулер мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бағытталған. 

Заңмен Қазақстан Республикасының 38 заңнамалық актісіне, оның ішінде 9 кодекс пен 29 заңға, атап айтқанда:

  • байланыс операторларының байланыс инфрақұрылымына тең қолжетімдігін қамтамасыз ету;
  • елді мекендердің бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары шеңберінде байланыс желілерін орналастыру орындарын айқындау;
  • ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп объектілерін цифрландыру кезінде шығыстың бір бөлігін өтеу бойынша байланыс қызметтерін субсидиялау;
  • жаңа туған нәрестелердің дербес деректерін жоғалту тәуекелдерін болдырмау мақсатында бала туғаннан кейін бірден жеке сәйкестендіру нөмірлерін беру;
  • байланыс операторларының мүгедектігі бар адамдарға жеңілдікті тарифтер беру жөніндегі қосымша міндеттемелерін белгілеу;
  • алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу үшін антифрод-орталықтың құқықтық мәртебесі мен функцияларын бекіту және тағы басқа бөліктерінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттар талаптарын сақтауын бақылау үшін қажет ғарыштық мониторинг жүйесі арқылы орман қорын қорғау, сақтау, пайдалану, ормандарды молайту және орман өсіру саласындағы заңнаманың бұзылуы туралы ақпарат алу да заң аясында қарастырылған.

Қажет инфрақұрылым құрылысын және шұғыл қызметтердің жұмысын жеделдету мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдіктеріне бюджет қаражаты есебінен телекоммуникация желілері мен кабельдік кәріздерді түгендеу бойынша құзырет беріледі.

Заң мақұлданған жағдайда:

  1. байланыс желілерінің құрылысы жеделдетіледі;
  2. байланыс қызметтерінің сапасы жақсарады, қамту аймақтары кеңейеді, абоненттер саны артады;
  3. байланыс операторлары арасында бәсекелестік дамиды;
  4. жаңа спутниктік байланыс жұмыс істей бастайды;
  5. инвестициялық ахуал жақсарып, экономикадағы инновациялардың үлесі артады.

Бұған дейін мәжіліс депутаттары байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласындағы инвестициялық ахуалды арттыру мәселелері бойынша түзетулерді мақұлдаған еді. Заң жобасында нәрестелерге туа сала жеке сәйкестендіру нөмірін бекіту қарастырылған

Талқылау