Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басшысына халық қатты сенеді": Қаржы пирамидаларының тізіміне қосылған "Аманат drive" компаниясына алданып қалғандар шағымын айтты

Қазақстанның қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) жақында қаржы пирамидасының белгілері бар жобалардың үстінен сотқа дейінге тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеген. Олардың ішінде құрылғанына бірнеше жыл болса да көпшіліктің сеніміне кіріп үлгерген “Аманат drive” кооперативінің де аты аталады. Оның үстіне өздерін “халыққа баспана мен көлікті пайызсыз алуға көмектесетін жоба” деп таныстыратын ұйымнан жапа шеккендер де аз болмай шықты. Stan.kz ақпарат агенттігімен тілдескен азаматтар тез арада үй алуды армандап, соңында ақшасын қайтаруға зар болып қалғандарын айтып шағымданды.

Фото ашық желіден

“Аманат drive” тұтыну кооперативі 2020 жылы құрылған. Олар өздерін қазіргі таңдағы Қазақстан бойынша №1 кооператив деп атайды. Алайда мониторинг агенттігі бұл ұйымды қаржылық пирамидалардың тізіміне қосқан. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ соған қарамастан аталған кооператив халықтан ақша жинауын жалғастыруда.

“Аманат drive” компаниясы халыққа табыс көзін растаусыз, несие тарихы мен жас шектеуіне қарамай артық пайызсыз 5 жылдан 10 жылға дейін бөліп төлеуді ұсынады. Аталған компанияның жариялаған мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта 2000-нан аса отбасы өзінің баспанасы мен көлігін Amanat Drive ТК арқылы пайызсыз, табысты растаусыз әрі несие тарихы мен қара тізімді ескермей алған. 

Кооперативтің көмегіне жүгіну үшін бір реттік кіру жарнаны төлеу керек. Ол мүлік құнының 5%-ы болады және бастапқы жарна 30%-50% құрайды. Көлік болса 5 жылға, баспана болса 10 жылға бөліп төлеуге болатыны айтылады.

“Үйлі болуды армандадым”

Компания кезекте күту мерзімі алты ай екенін айтады. Алайда аз уақыттың ішінде артық төлемсіз баспана алуды армандаған Күміскүл Қайырбек уәде етілген уақыттан ұзақ күткенін жеткізді. Атырау қаласының тұрғыны өзі тұратын қаладан үй алғысы келген. Компанияға кіру жарнасы мен үйдің бастапқы жарнасын салған ол баспаналы боламын деген арманын жоғалтып алғанына шағымданады.

Атыраулық тұрғынның сөзінше, екі бөлмелі пәтердің қаржысын жинау үшін 800 мың теңгені кіру жарнасы ретінде төлеген.

“Екі бөлмелі үйдің бағасы 16 миллион теңге деп шамаладық. Себебі сондай үйлерді өзім де тауып қойғанмын. Туыстарымыз арқылы осы “Аманат drive” туралы естідік. Бұған дейін жарнамаларын да көріп жүретінмін. Оның басшысы Көңілбай Шүкен деген азамат. Оған халық қатты сенеді. Қарапайым халық үйлі болсын деп еңбектеніп жүрген азаматтардың бірі, дейдін туыстарымыз. Біз де сендік. Қаламыздағы филиалына барып басында ережелерімен танысып жүрдік. Алғашында қолымызда үйдің бастапқы жарнасына жететін ақшамыз да аз болды”, – дейді әйел.

Оның айтуынша, компанияның қызметкерлері кіру жарнасын төлеп кірген соң үйдің бастапқы жарнасы тез жиналады деп сендірген.

“Үйдің бағасы 16 миллион тұрған соң бастапқы жарнаға шамамен 4 миллион теңгедей қажет болды. Бізді күтетін уақытымыздың алты ай болатынын және одан кешікпейтініне сендірді. Тіпті ол уақыттан ерте келіп қалады деп те айтты. Енді біздің күтуден басқа амалымыз болмады”, – деп жалғады ол.

Алданып қалдым деген әйелдің сөзінше, үйдің алғашқы жарнасы деп кейін тағы бір миллион теңге салған.

“Туыстарымнан алып тағы да ақша салдым. Бар ойым алты айға жеткізбей тезірек баспаналы болғым келді. Бір миллион теңгені апарған кезде де қызметкерлер күту уақытының қысқара түсетінін айтты. Бұл жаңалықты естіп әрине қуанып қалдым”, – дейді ол.

Алайда тұрғынның үй аламын деген арманы күн өткен сайын алыстай берген. Компанияға кезекті рет барғанында қызметкерлер оған күн сайын келудің қажеті жоқ екенін және айтылған уақытты күтуді ұсынған.

“Осы сөзден бір ай шамасында барған жоқпын. Желі арқылы біз секілді ақша салған басқа әйелдермен сөйлесіп тұрдық. “Алданып қалмаймыз ба” деген күмән да болды. Бірақ басқалары компанияның сенімді екенін, үй алған талай адамды көргенін айтып сендірді. Кейде үйлі болғанын айтып сүйінші сұрағандарды естігенде біз де бірге қуанып, мұндай қуанышты жаңалық бізге де тезірек келсе екен деп тілейтінбіз”, – дейді ол.

Ақыры мұндай қуанышты жаңалық келмейді. Компания уәде еткен уақыт өтіп, жаңа күндер басталады. Осы уақытта сылтаулар мен басқа уәделер пайда болған.

“Алғашында телефонымызға жауап бермейтінді шығарды. Компанияға барсақ қызметкерлер түрлі сылтаулар айтып жолықпай жүрді. Ұстап алсақ “ақшаңыз жиналып жатыр, уайымдамаңыз” деп құрғақ уәдені үйіп-төгеді. Бір шикіліктің бар екенін сезгендей болдық. Күйеуімді ертіп барып, ақшамызды қайтаруды талап еттік. Ақшамызды бермей қоя ма деп қатты қорықтық”, – дейді ол.

“Келісімді бұзған жағдайда айыппұлдар бар деп қорқытты”

Әйелдің айтуынша, қызметкерлер “кезегіңіз келіп қалды” деп ақшаны алмауға үгіттеуге тырысқан. Бірақ олар алған бетінен қайтпаған соң келісімшартты бұзған жағдайда ақшаның белгілі бір мөлшері ұсталып қалатынын айтқан.

“Келісімді бұзған жағдайда айыппұлдар бар деп қорқытқандай болды. Бірақ біз түбегейлі қаржымызды қайтарып аламыз деп шештік. Кейін күйеуімнің таныстары арқылы әйтеуір қаржымызды алдық. Бірақ айыппұл деп 300 мың теңгедей ақшамызды алып қалды”, – дейді ол.

Әйелдің сөзінше күйеуінің кейбір таныстары компанияның жұмысында шикілік бар екенін де ескерткен.

“Бұл жерге жоламай-ақ қойыңдар. Қайтесіңдер” депті. Жұбайым оны маған кейін айтты”, – деп еске алады ол.

Атыраулық тұрғын қазір әлі де баспана алмағанын айтады. Бірақ қаржыны қазір мемлекеттік бағдарлама арқылы жинап жатыр екен.

Тағы бір алматылық азамат “Аманат drive” кооперативі арқылы көлік алғысы келген. Компанияға кіру ақысын төлеп алғашқы жарна жинағысы келген ол қазір тағаты таусылып жүргенін жеткізді.

“500 мың теңге төледім. Мұнда таныс досымның айтуымен келген едім. Алғашқы жарнаның қалай жиналатыны түсініксіз. Компанияның халыққа қалай көмектескісі келетіні де түсініксіз. Өзіміз қажетті қаржының бәрін жинай алмаған соң жүгінеміз ғой. Бірақ қазір уәде етілген уақыт өтіп бара жатыр. Не істерімді білмеймін. Таныстарым күткенімді қалайды. Ақшасыз қалам ба деп қорқамын оның үстіне уақыт та жоғалтып алдым”, – дейді Жалғас есімді азамат.

“Аманат drive” кооперативінің желідегі парақшаларына пікір қалдырған қолданушылардың көпшілігі компания мен оның басшысы жайлы оң пікірде екенін аңғаруға болады. Олардың басым көпшілігі компания артық төлемсіз және пайызсыз төлеуге мүмкіндік береді деп санайды.

Алайда жоғарыда атап өткеніміздей ҚМА бұл компанияны қаржылық пирамидалардың тізіміне қосып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Мәселенің әрі қарайғы ақ-қарасын құзырлы органдар анықтайды.

Талқылау