Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Медицина маманы жұмыссыз жүр деген қауесетке көп сене қоймаймын": Ажар Ғиният денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр мәселесі жайлы

Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен бірқатар ірі облыстарда білікті медицина мамандарына тапшылық бар. Бұл мәселені денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та растап отыр. Оның айтуынша, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік статусын түзеуге басымдық берілуде. Бұдан бөлек Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында министр медицина мекемелерінің бас дәрігерлерін ротациялау және дәрігерлердің шетелге ағылуы  мәселелері жайлы айтып берді. 

– Бұған дейін оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп директорларын үш жыл сайын өзгертіп отыру жайында ұсыныс енгізген болатын. Өз сөзінде әріптесіңіз білім ұйымының басшыларын «мектептерді жекешелендіріп алғандай» деп сын айтқан. Қарап тұрсақ, бұл медициналық мекемелердің басшыларына да қатысты секілді. Қалай ойлайсыз, ауруханалардың бас дәрігерлерінің арасында белгілі бір уақыт аралығында ротация жүргізу қажет пе?

Заңға сәйкес, медицина ұйымының басшылары  ҚР Денсаулық сақтау министрінің  бұйрығымен бекітілген конкурс өткізу қағидаларына сәйкес тағайындалады. Бірақ онымен еңбек келісімшартына жергілікті атқарушы органның уәкілетті басшысы, яғни Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қол қояды. Әдетте келісімшарт сынақ мерзімін ескеріп, бір жылдан кем емес мерзімге жасалады. Егер осы уақыт аралығында ұйымға, ұйым басшысына шағым көбейсе немесе заңға қайшы, медицина маманының кәсіби беделіне нұқсан келтіретін жағдай орын алса, әлбетте, денсаулық сақтау басқармасына шешім қабылдауға тура келеді. Күн сайын министрліктің сенім телефонына өңірлерден  қызмет көрсету сапасына байланысты арыз-шағымдар түсіп жатады. Осыған қарап қай жерде қандай мекеме басшысы жұмысына салғырт қарайтынын біліп отырамыз.

Сіз мысалға келтірген ротация тәртібін Оқу-ағарту министрлігі, жаңылыспасам,  былтыр қабылдады. Сол секілді келешекте  денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын Денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылған  арнаулы комиссия шешімімен тағайындау, бас дәрігерлерді сертификациядан өткізу тәртібін енгізу біздің де ойымызда бар. Себебі, медицина мекемесінің бірінші басшысы тек дәрігер ғана емес, сапа стандартына, стратегиялық дамуға жауап беретін менеджер болуға тиіс.    

– Қазақстанда биыл дәрігерлер тапшылығы екі есе артқанын жарияладыңыздар. Дегенмен үлкенді-кіші қалаларда жас мамандар жұмыссыз жүргені жайлы деректерді көп естиміз. Бұл туралы не айта аласыз? Кадр тапшылығын министрлік қалай шешпек?

–Медициналық білімі мен кәсіби біліктілігін құжат арқылы дәлелдей алмаған некен-саяқ жағдай болмаса, жалпы өз басым медицина маманы жұмыссыз жүр деген қауесетке көп сене қоймаймын. Айыпқа бұйырмаңыз, жауапты қызмет болғаннан кейін бұл салаға маман іріктегенде оның біліктілік деңгейін мұқият тексеру керек.

2022 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық деректерге сүйенсек, денсаулық сақтау жүйесінде 267 027 медицина қызметкері еңбек етеді екен. Оның ішінде 78 227-сі – дәрігер, 188 800 орта медицина қызметкері (ОМҚ).  Қазір бізде 10 мың тұрғынға шаққанда 40,9 дәрігерден, 98,7 орта медицина қызметкерінен келеді. Жалпы алғанда, бұл ЕО елдерінің көрсеткішімен қарайлас.



Ауылдық жерлерде 67 766 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның ішінде: 13 395 – дәрігер, 54 371 – орта медицина қызметкері. Сәйкесінше 10 мың тұрғынға шаққанда, қамтамасыз ету көрсеткіші жалпы 87,2-ге (оның ішінде дәрігерлер – 17,2, ОМҚ – 70) тең.

Ресми статистика дерегі бойынша, денсаулық сақтау жүйесіндегі кадр тапшылығы 14 678 бірлікті құрайды, оның ішінде 7072 дәрігер (ауылда – 1 344 дәрігер) және 7606,5 орта медицина қызметкері (ауылда – 1 138,5 ОМҚ)  жетіспейді.

Кадрға ұдайы сұраныс бар өңірлердің қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, сондай-ақ Алматы, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақмола облыстары аталады. Мамандықтар тұрғысынан келсек, әсіресе терапевтер, анестезиолог-реаниматологтар, жалпы практика дәрігерлері, сәулелік диагностика дәрігерлері, инфекционистер, педиатрлар, акушер-гинекологтар т.б. мамандар жетіспейді. Байқап отырғаныңыздай, осынау құрғақ статистиканың астарында медицина кадрына сұраныстың бірнеше себебін талдап шығаруға болады.

Кадр тапшылығын шешуде министрлік екі бағытқа аса мән береді. Біріншісі – медицина қызметкерлерінің әлеуметтік статусын түзеу және лайықты еңбекақы төлеу.

Президент тапсырмасына сәйкес, биыл «Халық табысын арттыру бағдарламасы» қабылданды. Соған сәйкес, дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы жылма-жыл көтерілетін болады. Мысалы, биыл дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, ал орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 20%-ға дейін өсірілді.

Ал маман даярлау мәселесіне келсек, жыл сайын өңірлердің медициналық кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлінеді. 

Мысалы, 2022 жылы мамандарды дайындауға 4 700 орын, атап айтқанда: бакалавриатқа– 2 700 орын, резидентураға – 1500 орын, магистратураға – 325 орын, докторантураға – 160 орын бөлінді Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2022 жылы 985 сұранысқа ие маманды даярлауға қаражат бөлу жоспарланып отыр.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде білім алған түлектер жыл сайын Мемлекеттік комиссия шешімімен өңірлерге бөлінеді. Мәселен 2021 жылы денсаулық сақтау ұйымдарының қажеттіліктеріне сәйкес, өңірлерге 3141 жас маман бөлінді, оның ішінде ауылға – 636 адам жөнелтілді. Биыл 2,9 мың түлек дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері тапшы аймақтарға қызмет етуге бөлінді.

Сонымен қатар, кадр тапшылығын шешу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі әкімдіктермен бірлесе бірқатар шараны қолға алды. Нақтырақ айтсақ, қажетті медицина кадрларын мақсатты даярлауға арналған жергілікті атқарушы орган гранттарының санын ұлғайту; жергілікті бюджетте әлеуметтік қолдаудың қосымша шараларына арналған шығыстарды жоспарлау, жас мамандарға тұрғын үй беру немесе жалға беру, көтерме жәрдемақыларын төлеу, коммуналдық шығыстарды төлеу/бірлесіп төлеу т.б.

Бұған қоса, өңірлерде білім және ғылым ұйымдары филиалдарын ашылуда.  Қазіргі таңда Семей медицина университетінің Павлодар қаласындағы филиалы, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Атырау, Ақтау, Қызылорда, Орал қалаларындағы филиалдары ашылды.

Биыл «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелде медицина мамандығына оқығысы келетін үміткерлерге тіл білімі жағынан біраз жеңілдік жасалып отыр. 2022 жылға «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында «Медицина»  бағыты бойынша магистратура мен резидентураға – 25, докторантураға– 5, тағылымдама бағдарламасы бойынша 20 орын бөлінді. Бұл біз үшін зор мүмкіндік.

– Білікті дәрігерлердің шетелге ағылуы үлкен мәселе. Статистикаға көз жүгіртсек, шетелге ең көп кететін мамандар бойынша экономика, педагогика және медицина салалары көш басында. Бұл дәрігерлердің еліміздің денсаулық сақтау жүйесінен көңілі қалғандықтан кетіп жатыр дегенді білдіре ме?

– Шетелге қоныс аударушылардың негізгі себебі денсаулық сақтау саласына көңілі толмаушылық деп айтпас едім. Ашық  қоғамда, жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Адам қайда барып тіршілік етемін десе де, өз еркі. Әсіресе жастар бір орында отырмай, басқа ортада бағын сынағысы келеді.  Оған біз қалай кедергі келтіреміз? Бәлкім, ол кейін отанына білімі толысқан, тәжірибелі маман болып оралатын шығар. Ондай да мысал жеткілікті. Біздің міндетіміз – медицина мамандарының әлеуметтік мәртебесін көтеріп, саланы білікті кадрлармен толықтырып отыру. Бұған дейін айтқанымдай, бұл тұрғыда жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, медицина мамандығына тегін грант беру, еңбекақы мөлшерін жыл сайын көтеру. Осы орайда дәрігерлердің жалақысын көтеруге, мемлекеттік медицина мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыруға МӘМС жүйесі де оң ықпалын тигізгенін айта кеткен жөн.


"Қыркүйекте карантин жарияланады": Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Талқылау