Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирус тұмау вирусы секілді жиі мутацияға ұшыраса, жыл сайын вакцина алу қажет болуы мүмкін – Денсаулық сақтау министрі

Еліміз пандемия басталғалы екі жыл ішінде коронавируспен жүйелі түрде күресуді үйренген. Дегенмен бұған қарамастан соңғы айда аурудың қайда өрши түскені белгілі. Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай ушықса, қатаң шектеу шаралары енгізіле ме? Қазақстан коронавирус кеселін қашан еңсереді? Қазақстан маймыл шешегімен бетпе-бет келуге дайын ба? Бұл сұрақтарды Stan.kz тілшісі денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттан сұрап білді.  

– Соңғы кездері елімізде коронавирус жұқтырғандардың саны қайта артып келе жатқаны байқалады. Егер эпидемиологиялық жағдай ушыға берсе, шектеулер қатаңдатыла ма? Маска тағу, əлеуметтік қашықтық сынды шектеулер қайта енгізіле ме?

– Маусым айының ортасынан бастап коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың өсуі байқалады. Соңғы екі аптада сырқаттанғандардың саны 3,2 есе ұлғайды, яғни, 10 714-тен 34 550 жағдайға дейін өсті. Эпидемологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, қазір республика және өңірлердің барлығы жасыл аймақта.

Өңірлер сары немесе қызыл аймаққа өткен кезде қабылданатын шектеу шаралары Ведомствоаралық комиссия отырысында қаралып, мақұлданды.

Өңір сары  аймаққа ауысқан кезде инфекция көзін оқшаулауға және мінез-құлық факторларын күшейтуге бағытталған шаралар қабылданады (бизнеске жүктемесіз).

Олар:

  • жақын байланыста болған адамдарды қашықтықтан жұмыс істеу түріне ауыстыру;
  • COVID-19-бен ауыратын науқаспен байланыста болған кезде COVID-19-ға қарсы вакциналауға абсолютті қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс істеу түріне ауыстыру;
  • білім беру ұйымдарында топтарда қоса атқару арқылы іс-шараларды өткізуді болдырмау (топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етілген);
  • антисептиктерді, қолды өңдеуге арналған сұйық сабынды міндетті түрде  пайдалану, күнделікті ылғалды жинау жүргізу және объектілердегі үй-жайларды желдету;
  • халық көп жиналатын жерлерде (әуежайлар, теміржол вокзалдары, автовокзалдар, базарлар, сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО-ы, банктер, көрермендер қатысатын спорттық іс-шаралар), ұйымдасқан ұжымдарда, көліктің барлық түрлерінде (қоғамдық көлік, әуе, теміржол, халықаралық автобус тасымалдары) медициналық маскаларды пайдалану ұсынылады.

Өңір қызыл аймаққа ауысқан кезде Бірінші кезеңде – R - бірден артық болғанда және 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 25,0-ден 50,0-ге дейін болған кезде:

  • бизнес шектеусіз жұмыс жасайды;
  • міндетті түрде маскалар жабық үй-жайларда, көліктің барлық түрлерінде пайдаланады.

Екінші кезеңде R-ға қарамастан, 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 50,0-ден астам болған кезде:

  • объектілерде «Ashyq» қосымшасы міндетті түрде пайдаланады;
  • көпшілік іс-шараларды өткізуге байланысты бизнес объектілерінің толымдылығы 50% - ға дейін шектеледі .
  • білім беру ұйымдарына қосымша шектеулер енгізіледі;
  • ұйымдар қызметкерлері 30%-ы қашықтықтан жұмыс істеуге ауысады.

– Қалай ойлайсыз, Қазақстан COVID-19-ды жеңе алды ма? Бұған əлі қанша уақыт қажет? Коронавирустың жаңа толқындарына еліміз дайын ба?

– Пандемияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялады, сәйкесінше оның аяқталғанын да сол ұйым ресми хабарлайды. COVID-19 пандемиясы әлі жалғасуда. Қазір біз коронавирустың жаңа толқынын өткеріп жатырмыз. Соңғы аптада әлемнің 56 елінде сырқаттанушылықтың өскені байқалады.

Ең бастысы, соңғы екі жарым жылда біз бұл індетпен күресуді үйрендік. Коронавирустың жаңа түрлері пайда болғанда, халыққа көмек көрсету үшін республика бойынша төсек орындардың саны жеткілікті. Республика бойынша 200 медициналық ұйымда ковид науқастарына арналған 5361 инфекциялық төсек, 656 реанимациялық төсек дайын.  12 тамыздағы жағдай бойынша инфекциялық төсектердің 22%-ы (1201), реанимациялық төсектер 6%-ы (39 пациент) ғана толған.



Қазіргі кезде науқастардың 95%-дан астамы амбулаториялық жағдайда ем алып жатыр.  Мұның себебін КВИ-дің Омикрон ВА.5 штамы жоғары жұқпалығымен ерекшеленгенмен, Дельта нұсқасымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл болуымен түсіндіруге болады.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық арасында, әсіресе ауыл халқы арасында КВИ-дің алдын алу және оның белгілерін білу, өз бетінше емделуге жол бермеу, КВИ-ге қарсы вакциналаудың және ревакцинациялаудың маңызы, сондай-ақ түрлі қауесет пен жалған ақпаратты теріске шығару бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қатар жүреді.

Қауіпті топтағы пациенттер айрықша бақылауға алынған. Олар: КВИ анықталған науқастар, 65-тен жоғары егде адамдар, жүкті әйелдер мен балалалар, сондай-ақ динамикалық бақылаудағы созылмалы аурулары бар пациенттер мен амбулаториялық деңгейде пневмония анықталған пациенттер. Мұндай пациенттерге өз денсаулығын бақылап, ауру белгілерін күнделікті мониторинг жасап отыру үшін өзін-өзі бақылау чек-парақтары әзірленген. КВИ бойынша консультация беру үшін сall-орталықтарының жұмысы күшейтілді.

Осы орайда ревакцинациясы мәселесін пысықтай кетсек. Бұған дейін министрлік коронавирусқа қарсы иммунитет тек бір жылға сақталатынын мәлімдеп, халықты  ревакцинациядан өтуге шақырған болатын. Бұл дегеніміз енді СOVID-ке қарсы вакцинаны жыл сайын алып тұр керек деген сөз бе?

– Иә, коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында бастапқы вакцинациядан соң, ревакцинациядан өтуге кеңес береміз. Немесе КВИ-ге қарсы вакциналаудың толық курсын қайталауға болады.

Өкінішке қарай, соңғы статистикалық деректер КВИ  жұқтырғандардың 80%-ы бұрын вакцина алмағанын немесе вакцина алғанына алты айдан асып кеткенін көрсетіп отыр. Демек вакцинацияланған адамдардың да ағзасында уақыт өте келе инфекциядан қорғану қабілеті төмендейді. Сондықтан алты айдан соң, реквакцинациядан өту маңызды. Өйткені реквакцинация бұрын алған вакцина көмегімен қалыптасқан иммунитетті сақтауға және ағзаның вирусқа қарсы қорғаныс қабілетін күшейту үшін жасалады.

Қазіргі уақытта Қазақстанда КВИ алдын алу мақсатында бастапқы вакцинацияны, ревакцинацияны және қайта ревакцинацияны алу көзделген.

КВИ-ге қарсы вакциналауды жүргізудің одан әрі кезеңділігі мәселесі ел аумағында да, әлемде де КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайға, сондай-ақ коронавирус мутациясына байланысты болады.

Егер коронавирус тұмау вирусы сияқты жиі мутацияға ұшыраса, КВИ вакцинациясын жыл сайын жүргізу қажет болуы мүмкін.

 Қазақстан – дер кезінде коронавирусқа қарсы екпе дайындап шыққан елдердің бірі. Дегенмен отандық екпенің əлемдік аренадағы беделі жоқ десе болады. Бұл қазақстандық вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының əлі мойындай жатқанымен тікелей байланысты. Не себепті бұл үрдіс соншалықты созылып кетті? Қазір осыған байланысты шаралар алға жылжыды ма?

– Вакцинаны жасап шығару, әрі оны ДДСҰ акредитациясынан өткізу күрделі процесс. Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac вакцинасын тануы үшін жан-жақты жұмыс атқарылып жатыр. Себебі отандық вакцинаны ДДСҰ тануы үшін ұлттық реттеу жүйесі мен вакцинаны өндірушіні ДДСҰ қойған талаптарға сәйкестендіру мақсатында кешенді шараларды талап етіледі.

2021 жылғы қыркүйекте ДДСҰ өкілдері ұйым ұсынымдарының орындалу барысын тексеріп, оларды жаңарту үшін арнайы сапармен келді. Ал биыл сәуірде ДДСҰ-ның виртуалды аудиті өтті. Виртуалды аудит аясында ұлттық реттеушінің кемелденудің 3 сатысына жетуі бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. ДДСҰ Жол картасына сәйкес 2022 жылы қарашасында бақылау аудиті, ал 2022 жылдың желтоқсанында ДДСҰ өкілдерінің кезекті сапары жоспарланған.

– Коронавирусты еңсердік дегенде енді әлемде маймыл шешегі таралып кетті. Бұл кеселдің арты тағы бір эпидемияға айналуы мүмкін бе?

– Маймыл шешегі коронавируспен салыстырғанда тек тығыз байланыста болғанда ғана (контагиоздығы өте төмен) адамнан адамға жұғатынына  қарамастан, бүгінгі күні әлемнің 94 елінде маймыл шешегін жұқтырудың 33 975 жағдайы тіркелген.

Сонда да бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында маймыл шешегі ауруының бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ.

Сонымен бірге, жаһандану жағдайының соңғы кездегі қарқындылығын ескере отырып, маймыл шешегінің эпидемияға айналуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.

Маймыл шешегінің Қазақстанға әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар күшейтілуде және денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарында маймыл шешегінің клиникалық ерекшеліктері, оны диагностикалау, емдеу және медицина қызметкерлерінің жеке бас қорғану мәселелері бойынша дайындықтар қарқынды жүргізілуде.


"Қыркүйекте карантин жарияланады": Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Талқылау