"Бөлімше болыңыз, біздің команда": Алматыда косметика дүкенінің қате аудармасы жұрттың ашуын туғызды
Фото: Ұлжан Дулатованың парақшасынан
Алматыда орналасқан Cosmart косметика дүкенінің витринасындағы баннерде жұмысқа шақыру туралы хабарландыру бірнеше тілде жазылған. Алайда қазақ тіліндегі нұсқасында мағынасы бұрмаланған тіркестер мен грамматикалық қателер кеткен. Stan.kz белгілі брендтің неліктен мұндай олқылық жібергенін сұрап білді.
Желі қолданушысы Ұлжан Дулатова бұл сөйлемдер орыс тілінен тікелей және сауатсыз аударылғанын айтады.
"Ал мынау не енді? Қазақ тіліне аудара алмасаңдар орыс тілінде жаза беріңдерші", – деп ренішін білдірді Ұлжан Дулатова.
Оқырмандардың бірі баспахананың мұндай немқұрайлығына ашуланды. Мәтіндегі қателерді байқап, тапсырыс берушіні ескертудің орнына, үндемей басып шығара салатынына ренжіді.
Тағы бір оқырман бұл жағдайға ыза болды. Қазіргі заманда Google аудармашының өзі дұрыс аудара алатын кезде, қалайша олар осыншалық сапасыз аударманы жасайды деп таңғалды. Оның ойынша, олар мәтінді көшіріп алып, бірінші кездескен онлайн аудармашыға сала салып, дайын нұсқасын еш тексерусіз қолдана салған.
Айта кетейік, мұндағы "Бөлімше болыңыз, біздің команда" бұл тіркес орыс тіліндегі "Станьте частью" тіркесінің сәтсіз аудармасы. "Бөлімше" сөзі мекеме, бөлім мағынасында қолданылады, адамға қатысты емес. Дұрысы "Біздің командамыздың мүшесі болыңыз" немесе "Біздің командаға қосылыңыз".
"Біз іздеп жатырмыз сату жөніндегі кеңесші" сөйлем құрылысы дұрыс емес және септік жалғауы қате. Дұрысы, "Біз сату жөніндегі кеңесшіні іздейміз" немесе "Сату жөніндегі кеңесші іздейміз".
Бұдан бөлек, "түйіндемені жолда" және орысшадағы "отправляй свое резюме" тіркестеріндегі "ү" мен "я" әріптерінің үсті түртіліп кеткен.
Cosmart дүкендер желісінің әкімшілігі сауда залында пайда болған қазақ тіліндегі қате мәтіні бар баннер үшін кешірім сұрады. Олардың айтуынша, бұл баннер өңдеуге дайындалған және сатып алушыларға көрсетілуге тиіс болмаған. Алайда техникалық ақауға байланысты ол дүкен ішіне ілініп кеткен.
"Дереу шара қабылдап, баннерді алып тастадық. Бұл жағдайдың қалай болғанын анықтау мақсатында ішкі тексеріс жүргіздік. Қайталанбауы үшін соңғы материалдарды тексерудің қосымша бақылау кезеңдерін енгіздік. Біз үшін сіздердің пікірлеріңіз аса маңызды. Мемлекеттік тілге деген құрмет – біздің басты ұстанымымыз. Ал бұл жағдай жұмысымыздың әр кезеңінде ұқыптылық пен жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін тағы бір еске салды", – деп пікір білдірді Cosmart дүкендер желісінің әкімшілігі.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
