"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
Instagram желісінен скриншот
Бір топ қазақстандық туристік агенттікке алданып, сан соғып қалғандарын айтты. Сөздерінше, Tatti travell атты агенттік авторлық тур аясында Бали, Мальдив аралдары, Дубайға саяхатты уәде еткен. Туристер ақысын төлеген соң, хабарсыз қалдық деп отыр. Жалпы көлемде олар 300 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейінгі аралықта қаражаттарынан айырылыпты. Жәбірленушілердің бірі тілшімізге жағдайды баяндады.
Әсел Асқарова Tatti travell деген атпен жұмыс істейтін Салтанат Есенғалиевадан Бали мен Куала-Лумпурға 8 түн 9 күндік тур алған. Осы сапар үшін 2024 жылы 8 қыркүйекте 1 миллион 350 мың теңге төлеген екен.
“Индонезия және Малайзия елдеріне саяхаттауымыз қажет еді. Ақысын төледік, алайда тур ұйымдастырушысы өз міндеттерін орындаған жоқ. Екі еларалық билеттер алынбаған және қонақүй төленбеген, гид қызметі және аэропортқа дейінгі трансфер қызметкерлері де ұйымдастырылмаған. Ақысын төлеген соң, қағаздарды қашан жіберетінін күнде сұрап отырдым. Бірақ ол “ертеңмен” алдап келді. Желіден осы турмен алданған адамдарды көрдім. Сол үшін оған жазып, турға бармайтынымды және ақшамды қайтаруын талап еттім. Ол “бұл жалған ақпарат” деп сендіргісі келді. Ақыры маған ақшаны толықтай қайтаратынын айтты. Бірақ ақша сол күйі қайтарылмады”, – деді Асқарова.
Tatti travell-ге сеніп, алданғандар шетелде далада қалғандарын айтты. Мысалы Мадияр есімді жігіт Сингапур, Индонезия, Тайланд және Малайзияда 11 күн қыдырамын деп 700 мың теңге аударған. Алайда ол Малайзияға жетіп, сонда қалып қойған. Яғни туристік агенттік 4 елдің арасындағы билеттерін сатып алмаған. Осылайша ол өз ақшасына қайтадан билет алып, елге қайтыпты. Ал осы уақытта туристік агенттік мүлде хабарға шықпаған. Өз шығындарынан Куала-Лумпурдан Пхукетке жету үшін 83 724 теңге, Пхукеттен Алматыға жету үшін 330 мың теңге кеткен.
Фото: Жәбірленушілер жіберген скриншот
Тағы бір қыз Дубай мен Мальдив аралдарына барамын деп 525 мың теңге төлегенін айтып отыр. Алайда төлем жасалғаннан кейін тур авторы Салтанат хабарға шықпай, ешқайда бармадық дейді.
Қазақстан бойынша алданғандар саны 80-ге жуықтаған.
“Алданып қалғандар чатында 78 адам бар. Бірақ жәбірленушілер саны одан да көп деп ойлаймын. Соның 40-тан астамы полицияға арыз жазды. Жарты жылдан аса уақыт алаяқты іздеуге кетті. Ол іс қозғалғаннан кейін шетелге қашпақ болып, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан ұсталды. Десе де әлі іс алға жылжыған жоқ”, – деді Әсел Асқарова.
Алматы полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
“Әуезов ауданы полиция бөлімшесіне қылмыстық құқықбұзушылықтар теркелгенін хабарлаймыз. Бұдан басқа, осы қылмыстық іс шеңберінде азаматтардан ұжымдық өтініш келіп түсті. Алдын ала талдау нәтижелері бойынша аталған қылмыстық құқықбұзушылықтар өзара байланысты, жәбірленушілердің едәуір тобының мүдделерін қозғайтыны, сондай-ақ туристік қызметтер көрсету сылтауымен ірі көлемде ақша қаражатын ұрлауды қоса алғанда, ұйымшылдық пен ауқымдылық белгілері бар екені анықталды. Тергеу жүріп жатыр”, – делінген хабарламада.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
