AAPL
138.2 $
-3 %
TSLA
265.25 $
-1.1 %
NDAQ
56.68 $
-0.75 %
GOOGL
95.65 $
-1.82 %
FRHC
49.11 $
-1.74 %
AAPL
138.2 $
-3 %
TSLA
265.25 $
-1.1 %
NDAQ
56.68 $
-0.75 %
GOOGL
95.65 $
-1.82 %
FRHC
49.11 $
-1.74 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл– әлемде өзінің тиімділігін көрсеткен жүйе": Ажар Ғиният медициналық сақтандыру жайлы халық сынына жауап берді

Елімізде міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бірте-бірте өзінің пайдасын көрсетіп келеді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сөзінше, МӘМС медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қажеттілігінен туындаған жүйе. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ведомство басшысы МӘМС жайлы халық сынына жауап беріп, ауыл-аймақтағы мәселелерге тоқталды. 

– Оқырмандарымыздан міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру туралы сұрақ жиі түседі. Халық сақтандыру жүйесінің маңыздылығына күмəн келтіріп, тіпті оны алып тастауды сұрауда. Қалай ойлайсыз, бұл мүмкін бе? Неліктен халық медициналық сақтандыру жүйесі əлі өз пайдасын тигізіп жатқан жоқ?

– МӘМС жүйесін енгізу коронавирус пандемиясымен тұспа-тұс келді. Яғни, ресми түрде 2020 жылдан басталады. Пандемияда тек біздің ғана емес, жалпы әлемдегі көптеген елдердің денсаулық сақтау жүйесі сыр берді. Осындай бұрын-соңды болмаған ауыртпалық түскен қиын кезде, МӘМС жүйесін іске қосу, меніңше, орайын тапқан шешім.

МӘМС енгізілгенге дейін медицина тек салық есебінен қаржыландырылып келді. Саланы мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру көлемі 2004-2015 жылдары 6,3 есе өсті. Яғни, денсаулық сақтауды қаржыландыру салмағы тек мемлекетке түсті де, халық арасында тұтынушылық көзқарас қалыптасты. Бара-бара мемлекеттің денсаулық сақтау саласына шығыны инфляция өсіміне сай келмеді, нәтижесінде 2018 жылға қарай қаржы тапшылығы 386 млрд теңгеге жетті. Бұл медицинаның тұрақты дамуына, қызмет көрсету сапасына теріс әсер етті.  Осы уақыт аралағында, керісінше, халықтың денсаулығын күтуге, ем-домға жұмсайтын шығыны жалпы шығыстардың 39%-ына дейін өсті. Яғни, мемлекет ұсынған медициналық көмектің сапасына көңілі толмаған халық ақылы қызметке жүгінгендіктен, осындай диспропорция қалыптасып отыр. Сондықтан МӘМС-ті енгізу, ең бірінші кезекте, денсаулық сақтауды қаржыландыру көзін әртараптандыру, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қажеттілігінен туындаған деп айтар едім.

Бұл – әлемде өзінің тиімділігін көрсеткен жүйе. Осы жүйені енгізер алдында 54 елдің денсаулық жүйесінің моделіне талдау жасадық. Соның 30 шақтысында медициналық сақтандыру жүйесі жұмыс істейді екен. Бүгінгі таңда МӘМС-ке ұқсас жүйе Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше 35 елдің 19-ында енгізілген. Демек әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімді әрі қаржылық жағынан тұрақты модель екенін халықаралық тәжірибе де көрсетіп отыр. Өйткені онда денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды мемлекет – жұмыс беруші –жұмысшы үштігі әлеуметтік теңдік қағидаттарына сай жүзеге асырады.

Осы орайда МӘМС жүйесін енгізілгелі денсаулық сақтау саласында орын алған оң өзгерістер санамалап кетейін:

Біріншіден, консультативтік-диагностикалық қызметтер 5 есе артты. 2019 жылы 56,4 млн қызмет, ал 2021 жылы 292 млн қызмет көрсетілген. Әсіресе, КТ, МРТ, ПЭТ секілді қымбат диагностикалық зерттеулер бұрын тек халықтың белгілі бір әлеуметтік тобына тегін болса, қазір сақтандырылғандарға да  қолжетімді.



Екіншіден, бұрын балалар мен ересектерге медициналық оңалту тек туберкулезден кейін берілсе, қазір науқас жүрек-қантамыр ауруларынан, коронавирус инфекциясынан, неврологиялық, онкологиялық аурулардан емделгеннен кейін медициналық оңалтудан өте алады. Соның арқасында тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда медициналық оңалтудан өткендердің саны 2019-2021 аралығында 33%-ға, ал күндізгі стационарда оңалтудан өткендердің саны 2 есе артты.

Үшіншіден, жоғары технологиялық қызметтер 2 есе өсті. Ал репродуктивті саулығында проблемасы бар, бір перзентке зар болып жүрген ерлі-зайыптыларға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметін пайдалану  биыл 7000-ға жетті.

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясындағы дәрі-дәрмектер тізбесі толықтырылып, пациенттерді амбулатория деңгейінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету 54%-ға ұлғайды.

Осының нәтижесінде қысқа уақыт ішінде кейбір негізгі көрсеткіштерде оң динамика байқалады. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар-сәуір айларында жалпы өлім-жітім 4,8%-ға төмендеген. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 3 айында тыныс алу жолдарының аурулары 14%-ға, ас қорыту жүйесі аурулары 7,4%-ға төмендегені байқалады.

Жалпы, МӘМС жүйесі медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, халықтың медициналық қызметке өз қалтасынан жұмсайтын шығындарын төмендетуді көздейді. Денсаулық сақтаудың ұлттық шоттарының дерегі бойынша 2019 жылы халықтың денсаулығына жұмсайтын «қалта» шығынының үлесі денсаулық сақтаудың ағымдағы шығыстарының жалпы көлемінде 33,8%-ға жеткен екен. Ал, 2020 жылы бұл көрсеткіш 27,5%-ға дейін  кеміді.

МӘМС енгізілмес бұрын халықтың әлеуметтік мәртебесі бойынша деректерді жаңарту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда ел халқының 83,6%-ы немесе 16 млн адам МӘМС жүйесіне қатысушы болып табылады. Олардың шамамен 72,5%-ы (11,5 млн адам) – жеңілдік санатындағы азаматтар, яғни оларға жарнаны мемлекет төлейді, ал 27,5%-ы (4,5 млн) – жалдамалы жұмыскерлер.

Айта кетерлігі, Қазақстандағы МӘМС жарналары мен аударымдарының мөлшерлемесі салыстырмалы түрде төмен. Мысалы, бізде жұмыс берушілер мен жалдамалы қызметкердің табысынан жиыны 5% жарна төлейді (жұмыс беруші – 3%, қызметкер -2%). Ал бұл Ресейде – 5,1%, Литвада – 6,98%, Аустрияда - 7,65, Польшада - 9%, Словакияда -14%. Жеке кәсіпкерлер айына небары 4200 теңге, ал тұрақты табысы жоқ адамдар айына 3000 теңге төлейді.                           

– Өздерін жұмыспен қамтығандар, ресми түрде жұмысы бар деп тіркелмегендер емханалардан тексеруден өте алмай қалғанын айтуда. Сөздерінше, бір реттік төлем жасағаннан кейін олар бірнеше күн қаражаттың аударылғанын күтуге мəжбүр. Ал бұл уақытта тұрғындардың аурулары асқынып кетеді. Бұл жағдай туралы не айта аласыз? Мəселені қалай оңтайландыруға болады?

Жалпы, қазір халықтың 17,5%-ы немесе шамамен 3 млн адам сақтандырылмаған, яғни жарна төлемейді. Олар, негізінен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар немесе жұмыссыздар санатынан. Үкіметтің 14 шілдеде өткен кеңейтілген жиналысында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы проблеманы айтып, сақтандырудан тыс қалған халықты қамту жолдарын қарастыруды тапсырды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары дербес төлеушілер МӘМС жарнасын 12 айға алдын ала төлесе, өтіп кеткен мерзімге берешегін өшіретін баламалы тәсілді қарастыру үшін «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде бастама көтергенін айта кеткім келеді.

Негізі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар дегеніміз – еңбекке қабілетті адамдар. Сондықтан біз оларды МӘМС жүйесіне мейлінше тартуға тырысуымыз керек. Олар МӘМС жүйесіне, әлгінде айтып кеткенімдей, МӘМС жарнасы дербес төлеуші немесе біріңғай жинақ төлемін (БЖТ) төлеуші ретінде қатыса алады.

2022 жылы дербес төлеушілер жарнасының мөлшері 3000 теңге, ал БЖТ – республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда 1 АЕК (3180 теңге), басқа елді мекен тұрғындары үшін 0,5 АЕК (1590 теңге) мөлшерінде белгіленген. БЖТ ағымдағы айға және алдын ала алдағы мерзімге төленеді. Өткен кезеңге төленбейді.

Сондықтан БЖТ төлеушілер МӘМС жүйесіне айдың бірінші күнінен бастап қатысқысы келсе, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында төлемдерді өңдеуге кететін мерзімді ескере отырып, алдын ала төлем жасағаны жөн. Себебі Мемлекеттік корпорация шотына келіп түскен аударымдар мен төлемдер сол күннен бастап операциялық үш күн iшiнде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шотына аударылады.

МӘМС жарнасын төлеудің еш қиындығы жоқ. Қазпошта бөлімшелері, www.post.kz сайты, кез келген екінші деңгейлі банк, оның ішінде Kaspi.kz секілді 7 интернет-банкинг қосымшасы арқылы төлеуге болады. Бұған қоса Халық банкі мен Қазпоштада тұтынушылар өзіне-өзі қызмет көрсету бөлімшелері арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) теріп, төлеу кезеңін көрсете отырып төлеуге болады. Бұл орайда МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесі төлем жасалған күні-ақ берілетіндігін айтқым келеді.

– Ауруханалардағы қағазбастылық мәселесі де шешімін таппай келеді. Әсіресе, бұл елді мекендерде өте өзекті. Осы тұрғыда қандай шаралар іске асырылуда? Қашан қазақстандықтар бұдан құтылады?

– Қағазбастылықтан құтылудың төте жолы - цифровизация. Бұл бағытта министрлік қағазсыз құжат айналымына өту бойынша бұған дейін атқарылған жұмыстарды жалғастыруда. Біздің қазіргі мақсатымыз – бұрын іске қосылған модельді жаңғырту, сөйтіп оны тұтынушының сұранысына қарай бейімдеп, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру.

Бұл бүкіл медицина  ұйымдары қағазсыз технологияға және медициналық жеке мәліметтерді  бір рет енгізіп, көп рет қолдану принципіне негізделген электронды денсаулық сақтаудың интероперабельді жүйесін пайдалануға  толық мүмкіндік алғанда жүзеге асады.

Қазір вице-министр Бейбіт Есенбаев жетекшілігімен цифрлық трансформациялау бойынша жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Оның бірінші кезеңінде, яғни 2023 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін мынадай жұмыстар жасалуға тиіс:

ҚР ДСМ 2020 жылғы 30 қазандағы «Денсаулық сақтау саласындағы есепке алу құжаттамасының нысандарын бекіту туралы» №ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығын және 2020 жылғы 23 желтоқсандағы «Денсаулық сақтау саласындағы есептік құжаттама нысандарын бекіту туралы № ҚР ДСМ-313/2020  бұйрығын қайта қарастыру; Бұл бұйрықтарға есепке алу және есептік құжаттамаларды толықтай электронды форматқа көшіру бойынша өзгерістер енгізіледі. Негізгі мақсат  – «нысан» ұғымынан арылып, «деректер құрамы» ұғымына өту.

Сондай-ақ 2022 жылдың соңына дейін мына бүкіл зертханалық зерттеулер бір қорға біріктіріледі. Яғни, пациент бұрынғыдай  зертханалық талдау қағазын тасып жүрмейді.  «Медотвод» модулі іске қосылады. Яғни, медициналық қарсы көрсетілімдер бойынша анықтама алу процесі жүйеленеді. Медициналық ұйымдар арасында клиникалық мәлімет алмасу сервисі және E-gov Mobile қосымшасындағы Электронды денсаулық сақтау паспорты іске қосылады.

Бұл шаралар, өзіңіз айтқандай, денсаулық сақтау мекемелеріндегі қағазбастылықты азайту  үшін жасалып отыр. Денсаулық сақтаудың барлық субъектілері арасындағы өзара байланысты ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыру,   дәрігер қабылдауындағы күту уақытын қысқарту,  медициналық ұйымдарды тіркеу мен дәрі-дәрмекті беру қызметтерін оңтайландыру арқылы медициналық қызметті халыққа неғұрлым сапалы әрі қолжетімді еткіміз келеді. Мұның бәрі, сайып келгенде, дәрігерді қағазбастылықтан арылтып, «дәрігер – ақпарат көзі емес, ақпаратты тұтынушы» деген түсінікке алып келу керек. Басқаша айтқанда, бір жолы енгізілген медициналық деректі қайта-қайта енгізуге уақыт жұмсамауы керек.  Өйткені қазір дәрігерлерден «цифрлық құжаттама жұмысымызды азайта ма десем, көбейтіп жіберді» деген сынды біз де естіп отырмыз.

Әлбетте, тұтас  бір саланы цифрландыру оңай емес. Бұған бірнеше фактор кедергі болады. Мәселен, денсаулық сақтау ұйымдарының, әсіресе шалғай ауылдағы мекемелердің сапалы интернетпен қамтамасыз етілуі, дәрігерлердің цифрлық сауаттылығы (digital literacy). Бұл бағытта ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, еліміздің IT қауымдастығымен жұмыс жүргізілуде.

– Ауылдардағы медициналық мекемелердің жағдайы жайлы шағымдар өте көп айтылады. Ескі ғимарат, мамандардың жетіспеушілігі, одан қалса, жемқорлық мәселесі тағысы тағы бар. Бұл проблемаларды қалай еңсереміз?

Әрине, ауылдық жердегі медициналық инфрақұрылым мәселесі қысқа уақыт ішінде шешіле қалатын дүние емес. Мысалы, қала халқына қолжетімді диагностикалық қызметтер ауыл халқының бәріне бірдей жетпейтінін өзіңіз де жақсы білесіз. Сондықтан биыл ауыл халқының денсаулығын профилактикалық қарап-тексеру (чек-ап) пакетін ұлғайту жөнінде шешім қабылдадық.

Жалпы, алғашқы медициналық-санитариялық көмек желісін күшейту – министрліктің ең басты мақсаты. Себебі  аурудың алдын алу, пациентті ауруханаға түсірмей, денсаулығындағы кінәратты емхана, амбулатория деңгейінде анықтау анағұрлым тиімді. Пандемия медициналық көмектің осы сатысындағы олқылықтарды әшкерелеп берді. Сондықтан біз мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау мекемелеріне толыққанды инвентаризация жүргіздік. Инвентаризация нәтижесінде 69 ауылда амбулаториялық-емханалық ұйым жетпейтіні мәлім болды. Былтыр 12 объект пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы 20 объектінің, ал 2023 жылы 37 объектінің ашылуы жоспарланды. Жалпы, 2024 жылға қарай ауылдық және шағын елді мекендерде 500-дей алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектісін ашуды жоспарлап отырмыз. Себебі мемлекеттік норматив бойынша, 50-100 тұрғыны бар елді мекендер – медициналық пунктпен, 500-1000 тұрғыны бар елді мекендер – фельдшерлік-акушерлік пунктпен, ал 1500-5000 тұрғыны бар елді мекендер – толыққанды дәрігерлер амбулаториямен қамтамасыз етілуі керек.

Бұдан басқа ауыл халқы, әсіресе әйелдер мен балалар үшін диагностика мен аурудың алдын алудың жаңа тәсілдерін қостық. Айталық, қазір ауылдық елді мекендерді 149 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) аралап жүр. Одан бөлек, коронавирус пандемиясы кезінде ауыл халқына мобильді бригада қызмет көрсетеді.

Әлбетте, «барлығын кадр шешеді» демекші, маман тапшылығы ауыл тұрмақ, кейбір қалаларда да сезіледі. Қазір ауылдық жерлердің дәрігер кадрлармен жасақталуы 91%, ал орта медицина қызметкерлерінің жасақталуы 97,2% құрайды. Сол себепті жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша медицина мамандықтарын игерген түлектерді Мемлекеттік комиссия шешімімен өңірлерге бөлеміз. Мысалы, биылғы түлектердің 2,9 мыңы дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлері тапшы аймақтарға қызмет етуге жолдама алды.

Айта кетерлік жайт, өңірге қызметке барған мамандарға жергілікті әкімдіктер тарапынан ынталандыру үшін 100 АЕК көлемінде көтермелеу қаржысын беру, 1500 АЕК көлемінде үй алуға немесе үй құрылысына бюджеттік кредит беру қарастырылған. Сондай-ақ кейбір өңірлерде республикалық не жергілікті бюджет қаражаты есебінен, медициналық ұйымдардың бюджеттен тыс қаржысы есебінен үй алуға бюджеттік несие беру секілді қосымша әлеуметтік қолдау көрсетіледі.

Бұдан бөлек ауыл халқына сапалы қызмет ету үшін телемедицина, қашықтан диагностикалық кеңес беру қызметтерін жетілдірілу үстінде.

– Өңірлердегі тағы бір мəселе. Ауылдық дəрігерлер тұрғындардың жұмыс уақытынан тыс демалыс күндері мазалайтындарын айтады. Осы тұрғыда мəселені шешу үшін министрлік шаралар қабылдай ма?

Медицина қызметкерлерінің жұмыс тәртібі ережемен реттелген. «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 24 тамыздағы бұйрығына сәйкес, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымы халыққа Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жексенбі және мереке күндерінен басқа күндері, яғни дүйсенбі – сенбі аралығында (дүйсенбі – жұма – үзіліссіз сағат 8.00-ден бастап 20.00-ге дейін, сенбі – сағат 9.00-ден 14.00-ге дейін) қызмет көрсетеді. Ал кешкі сағат 20.00-ден кейінгі шақыртуларға жедел медициналық жәрдем (103) қызмет көрсетеді.

Тек айрықша қажеттілік туындаған жағдайда, аумақтық денсаулық сақтау басқарма басшысының бұйрығымен күнделікті жұмыс уақытының ұзақтығы басқаша белгіленуі мүмкін. Бұл әдетте жедел медициналық жәрдем қызметіне шамадан тыс ауыртпалық түсетін ерекше жағдайларда ғана қолданылады.

Сондықтан бұқара халықтан да өздеріне қызмет етуші ақ халатты абзал жандарға құрметпен қарауын өтінер едім.


"Қыркүйекте карантин жарияланады": Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр