Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен әлсіздігімді көрсетпеймін": Қазақтың "Қыз Жібегі" жалдамалы пәтер жағалап жүр

Меруерт Өтекешова
Фото: Видеодан скриншот

Қазақстанның Халық әртісі, “Қыз Жібек” фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова жалдамалы пәтерде тұрады. Ақпарат оның Майя Бекбаеваға берген сұхбатында белгілі болды. Сондай-ақ ол қазіргі өмірі, ұлының қазасы және жары Құман Тастанбековтің өмірден өткен сәті туралы баяндады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, актриса бүгінде кіші қызы және немересімен бірге пәтер жалдап тұрады. Актриса мемлекет тарапынан Алматы мен Астанадан берілген пәтерлерін сатуға мәжбүр болған. Театрда төленетін жалақы мардымсыз еді, ал қарыздарды жабу және кіші қызы Томиристің қымбат емін төлеу қажет болды. 

2008 жылы Меруерт Өтекешова мен Құман Тастанбековтің ұлы Фараби кенеттен қайтыс болды. Ол небәрі 34 жаста еді. Бала күнінен сырқаттанған Фараби үйленуге дайындалып жүрген кезде жүрегі кенеттен тоқтап қалған. Ал Томирис бұл қайғыны өте ауыр қабылдаған. 

Өнер иесінің сөзінше, мұндай қаза адамның жанында терең жара қалдырады. Дегенмен ол әлсіздігін көрсетпеуге тырысатынын айтты.

“Қиын кезеңдер болды. Бірақ мен әлсіздігімді көрсетпеймін. Бұл менің мінезімде жоқ. Мен әлі де қыздарым мен немерелеріме керекпін деп ойлаймын”, – деді актриса.

Фарабидің өлімінен кейін кіші қызы Томирис те ауыр күйзеліске түскен. Психикалық денсаулығы сыр беріп, ұзақ уақыт депрессиядан шыға алмаған. Меруерт Өтекешова қызының бұл қиын кезеңнен өтуіне ана ретінде қолдау көрсеткенін айтты.

Томирис кейін Жүргенов атындағы академияның вокал бөлімін тәмамдаған. Актрисаның айтуынша, қызының ерекше дауысы бар, ал өнерге бейімі әкесінен дарыған.

“Ол үшін уақыт тоқтап қалғандай еді. Ағасының қазасын ауыр қабылдады. Бірақ қазір мұның бәрінен өтті. Бәрі жақсы. Бәрі жақсы болады”, – деді Меруерт Өтекешова.

Үлкен қызы Жібек өз кәсібінде орныққан: ол ө журналист, көп жыл теледидарда жұмыс істеген.

Сұхбат барысында актриса жары Құман Тастанбековтің өмірден өткен күнін де еске алды. Актриса сол күні Құман Алматыда туысының үйлену тойына барып, жас жұбайларға батасын бергісі келгенін айтып берді. Денсаулығына байланысты оған қатты шаршауға болмайтын, бірақ ол тойға қатысуды маңызды санаған.

Тойдан кейін көлікке отырған кезде Құман Тастанбеков ана туралы сүйікті әнін орындаған. Меруерт Өтекешова сол сәтте оның бұл өмірдегі соңғы сәттері екенін мүлде ойламағанын айтты. Қонақүйге келген соң Құман фойедегі диванға отырған. Актриса бір сәтке теріс қарап, қайта бұрылғанда, оның жүрегі тоқтап қалған.

“Мен не істей алар едім? Мен дәрігер емеспін ғой, қолымнан ешнәрсе келмейтін еді”, – деді ол.

Сол кезде жанында өзі де сырқаттанып жүрген қызы болғандықтан, актриса қайғысын бірден сыртқа шығара алмаған. Қызы әкесінің жағдайын сұрағанда, “дәрігер келіп, бәрі жақсы болатынын айтты” деген. Бірақ бұл кезде Құман Тастанбеков өмірден өтіп кеткен еді.

Меруерт Өтекешова жарының немересін көруді қатты армандағанын, бірақ оған үлгермегенін айтты. Қазір отбасында немере бар. Актрисаның айтуынша, ол мінезі мен қимылы жағынан Құманға қатты ұқсайды.

“Шынайы махаббат ешқашан өлмейді. Жақын адамдар мәңгі жадымызда қалады”, – деді актриса.

Айта кетейік, бұған дейін Меруерт Өтекешова Баян Алагөзованың 1 миллион теңгелік төлеміне қатысты ойын айтқаны хабарланған еді.

Stan.kz
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 17:35