"Тұтас фильмнен айырылып қала жаздадық": Меруерт Өтекешова "Қыз Жібекті" қалай сақтап қалғанын айтып берді

Халық әртісі Меруерт Өтекешова Майя Бекбаеваға берген сұхбатында “Қыз Жібек” фильмінің жоғалып кету қаупі болғанын айтып, оны қалпына келтіру жолындағы еңбегін еске алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актрисаның айтуынша, 90-жылдары ол теледидардан “Қыз Жібек” фильмін көріп, таспаның жағдайына қатты алаңдаған. Ескі таспа өшіп, жыртылып, сапасы нашарлай бастаған.
“Фильм көз алдымда жойылып бара жатқандай әсер қалдырды. Бірдеңе істеу керек, бұл фильмді қалпына келтіру қажет деп ойладым”, – деді ол.
Өтекешованың сөзінше, сол кезеңде киностудияда фильмді қалпына келтіруге қаражат болмаған. Осы мақсатта “Қыз Жібек қайырымдылық қоры құрылып, демеушілер ізделген. Кейін Мәскеуден Қазақстаннан шыққан кәсіпкерлер отбасы қолдау көрсетіп, фильмнің орыс тіліндегі нұсқасын Белые Столбы архивінен қалпына келтіруге мүмкіндік туған.
Актриса түпнұсқа материалдардың Мәскеудегі арнайы архивте сақталғанын, ал қазақ тіліндегі нұсқаның магниттік таспасын Қазақстаннан іздеуге тура келгенін айтты. Оның айтуынша, киностудиядағы кей материалдардың шашылып жатқаны және қазақша нұсқаға қажет дыбыс бөліктерінің жетіспегені оны қатты қынжылтқан.
Кейін ол Рысқұловтағы қоймадан қажет таспаларды тауып, Мәскеуге қайта апарған. Жетпей тұрған дыбыс бөліктері қалпына келтіріліп, фильмнің қазақша нұсқасын сақтап қалуға мүмкіндік туған.
Меруерт Өтекешова қалпына келтірілген материалдарды бірден киностудияға тапсырмағанын да жасырмады. Оның сөзінше, ол кезде фильм мұрасына деген жауапкершілікке толық сенім болмаған.
“Ол кездегі ахуал сенім артуға келмейтіндей еді. Материалдарды кейін, киностудияда тәртіп орнай бастаған кезде ғана тапсырдым”, – деді актриса.
Өтекешова бүгінде “Қыз Жібек” қамзолына қатысты түрлі әңгіме айтылып жатқанымен, кезінде тұтас фильмнің жоғалып кету қаупі әлдеқайда маңызды мәселе болғанын атап өтті.
“Қазір камзолдың айналасында көп әңгіме айтылып жатыр. Бірақ сол кезде біз тұтас бір фильмнен айырылып қала жаздадық. Меніңше, бұл әлдеқайда маңызды. Фильм осындай жанашыр көзқарастың арқасында сақталып қалды”, – деді ол.
ОқыңызАйта кетейік, бұған дейін Меруерт Өтекешова дауға айналған "Қыз Жібектің" қамзолына қатысты пікір білдіргені хабарланған еді.
"Балам мектепке бармаймын деп жылайды": Қазақстандық әйел баласына бұралқы иттер шабуыл жасағанын айтып, шағымданды