"Қыз Жібек" жұлдызы Баян Алагөзованың 1 миллион теңгелік төлеміне қатысты ойын айтты

Қазақ киносының жауһарына айналған "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова Майя Бекбаеваға берген сұхбатында продюсер Баян Алагөзованың өзіне өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде төлем жасау туралы бастамасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Актрисаның сөзінше, ол әзірге Баян Алагөзовамен хабарласпаған және бұл жағдай бойынша жеке сөйлеспеген.
“Әзірге біз онымен байланысқан жоқпыз, сөйлескен жоқпыз. Бірақ, білесіз бе, ол да шығармашылық адам ғой. Ол да киноға актриса ретінде түсті, ән айтқан және қазір де ән айтып жүрген қыздарға көмектесті, олардың көтерілуіне қолдау көрсетті. Сонымен қатар фильмдер де түсірді”, – деді Меруерт Өтекешова.
Өнер иесі Баян Алагөзованың шығармашылық еңбегін бақылап жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, продюсердің жұмысына қатысты пікір әртүрлі болуы мүмкін, бірақ ол өз жолымен еңбек етіп, әр ісіне жанын салып келеді.
“Біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Бірақ ол өзінше жұмыс істеді, жанын салды, көп еңбек етті және әлі де еңбектеніп жүр”, – деді актриса.
Меруерт Өтекешова қамзолға қатысты әрекеттің барлық мән-жайын білмейтінін, дегенмен Баян Алагөзованың меценаттар шығармашылық адамдарды ұмытпауы керек деген сөзімен келісетінін жеткізді.
“Меніңше, ол дұрыс айтты: меценаттар шығармашылық адамдарды ұмытпауы керек”, – деді ол.
Актриса “Қыз Жібек” фильміндегі басты кейіпкердің камзолы – ұлттық мұра деп санайды. Сондықтан оның сақталуы маңызды.
“Қыз Жібек” фильміндегі кейіпкердің қамзолы туралы айтсақ, бұл, әрине, нағыз құндылық, мәдени мұра. Бірақ Баян да шығармашылық адам. Менің ойымша, ол мұның бағалы дүние, мәдени мұраның бір бөлігі екенін өзі де түсінеді. Уақыты келгенде оны музейге тапсыруы мүмкін. Ол музейде тұруы керек”, – деді Меруерт Өтекешова.
Сонымен бірге ол мұндай тарихи дүниеге қол тигізіп, сезінгісі келетін адамның ішкі күйін де түсінетінін айтты.
“Әзірге бұл зат оның қолында болғандықтан, оны ұстап, сезініп, жақыннан көргісі келетін шығар. Мен мұны өте жақсы түсінемін. Әрине, мұндай дүниелер сақталуы керек. Бірақ әңгіме осы қамзол туралы ғана емес. Ол жерде көп нәрсе болған. Олардың қазір қайда екенін, не болғанын айта алмаймын”, – деді актриса.
Қазір актриса кіші қызымен және немересімен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Өкінішке қарай, оның жеке баспанасы жоқ. Мемлекет тарапынан Алматы мен Астанадан берілген пәтерлерді кейін сатуға мәжбүр болған көрінеді.
Айта кетейік, бұған дейін продюсер Баян Алагөзова актриса, Халық әртісі Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 миллион теңге көлемінде өмір бойғы жеке төлем беретінін мәлімдегені хабарланған еді. Ол бұл шешімін актрисаға және оның қазақ мәдениетіне қосқан үлесіне деген жеке алғысы ретінде түсіндірді.
Ол сондай-ақ Меруерт Өтекешоваға жеке барып, алғыс айтқысы келетінін жеткізді. Бұған қоса, продюсер келесі “Қазақ аруы” байқауларының бірін актрисаға арнайтынын және оған жеке сыйлық жасайтынын атап өтті. Баян Алагөзова Халық әртісіне “шағын сыйлық” ретінде тон тарту етті.
“Тонды үлкен ықыласпен таңдадым. Өлшемі де, ұзындығы да сізге дәл келеді деп үміттенемін. Бұл сізге лайық сыйлық”, – деді ол.
Оқыңыз