Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда небәрі 57 соғыс ардагері қалған: Оларға қандай қолдау көрсетіледі

Қазақстанда қанша соғыс ардагері қалды
Фото: pixabay.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан небәрі 57 ардагер ғана қалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Министрлік 2026 жылдың мамыр айындағы деректі келтірді. 

Қазіргі таңда олардың орташа жасы — 101 жас, ал ең жасы үлкені 105-те. Ардагерлердің ішінде 43 адам соғысқа тікелей қатысқан, 14-і соғыс жылдарында мүгедектік алған.

Министрлік ардагерлердің қай өңірлерде тұратынын да көрсетті:

  • Алматы қаласы — 14 ардагер;
  • Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары — әрқайсысында 6-дан;
  • Алматы, Қостанай, Павлодар облыстары — әрқайсысында 4-тен;
  • Жамбыл, Түркістан облыстары — 3-тен;
  • Абай, Жетісу, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстары және Астана қаласы — әрқайсысында 1-ден.

Сонымен бірге, ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда ардагерлерден бөлек,Жеңіске үлес қосқан 32 852 адам тұрады:

  • тыл еңбеккерлері — 31 349 адам;
  • соғыс мүгедектерінің қайтыс болған жұбайлары — 1 335;
  • кәмелетке толмаған концлагерь тұтқындары — 110;
  • қоршауда болған Ленинград тұрғындары — 57;
  • қаза тапқан майдангерлердің жесірі — 1 адам.

Биыл елімізде ардагерлерге біржолғы әлеуметтік көмекке 3,4 миллиард теңге бөлінген. Барлығы шамамен 32,9 мың адам қамтылады. Соғыс ардагерлеріне әрқайсысына 5 миллмон теңгеден төленеді. Ал басқа санаттарға төлем мөлшерін өңірлер жергілікті бюджетке қарай өздері белгілейді.

 Ардагерлерге мемлекет тарапынан тұрақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Оның ішінде зейнетақы, жәрдемақы және 16 АЕК-ке дейінгі (2026 жылы 69 200 теңге) қосымша төлем бар.

Ардагерлерге тек қаржылай қолдау ғана емес, әлеуметтік және медициналық жеңілдіктер де қарастырылған. Олар Астана мен Алматыдағы арнайы госпитальдарда ем алады, тегін санаторий-курорттық емделуге құқылы, бұрынғы емханаларында қызмет көрсетіледі және әлеуметтік қызметтерді басымдықпен алады. Сонымен қатар тұрғын үй және салықтық жеңілдіктер де бар.

Өңірлерде ардагерлерге қосымша қолдау көрсетіледі: тегін жол жүру, тұрғын үй жөндеуге көмек, сондай-ақ отын, дәрі-дәрмек және азық-түлік беріледі. 
Stan.kz
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 17:50