Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада шахматтан ел чемпионаты басталды: 20 миллион теңге мен ұлттық құрамаға жолдама сарапқа салынады

шахмат
Фото: Stan.kz

Астанада классикалық шахматтан Қазақстан чемпионатының финалы басталды. Бұл додада медаль мен қомақты сыйақы ғана емес, ұлттық құраманың ерлер және әйелдер олимпиадалық командаларына ену мүмкіндігі де сарапқа салынады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл финал 2–12 мамыр аралығында Coventry University Kazakhstan алаңында өтіп жатыр. Жарыс екі санат бойынша ұйымдастырылған: Open (ашық) және Women (әйелдер). Әр топта 14 шахматшыдан бақ сынап, айналмалы жүйе бойынша 13 тур өткізіледі. Ойындар классикалық уақыт бақылауымен өтеді. Демек әр партияға 90 минут және әр жүріске қосымша 30 секунд беріледі.

Әлия Әбсемет
Фото: Stan.kz

Чемпионаттың ашылу рәсімінде Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова қатысушыларға сәттілік тіледі.

"Сіздерге бүгінгі жарыста сәттілік тілеймін. Шахмат – зияткерлік, терең ойды қажет ететін ерекше ойын. Әсіресе нәзік жандардың осындай жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатқаны қуантады. Баршаңызға тек жеңіс пен алға ұмтылыс тілеймін", – деді ол.

Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов чемпионаттың маңызына тоқталды. Оған қоса бұл турнир елдің үздік шахматшыларын анықтайтын басты алаң екенін жеткізді. Оның сөзінше, биыл тәжірибелі ойыншылармен қатар, жас әрі қарқынды дамып келе жатқан шахматшылар ерекше өнер көрсетеді.

“Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен чемпионат мәртебесін көтеріп келеміз. Қазақстан чемпионатының финалы – спортшылар үшін бастапқы нүкте. Біз үздік ойыншылардың барынша көп қатысуын қамтамасыз етуге тырысамыз. Бүгін мұнда құрама мүшелері де, жас таланттар да ойнайды. Сондықтан бұл чемпионат қызық өтеді. Әйелдер арасында әлемдік топ-50-ге кіретін шахматшылар қатыспайды. Мысалы, Бибісара Асаубаева мен Алуа Нұрман бұл жолы ойнамайды. Олар қазір әлемдік рейтингте жоғары орында: Бибісара – 7-орында, Алуа – 26-орында. Сондықтан жас ойыншылардың өнері ерекше қызық болады”, – деді Дәрмен Сәдуақасов.
шахмат
Фото: Stan.kz

Чемпионаттың іріктеу жүйесі де қатаң. Регламентке сәйкес, 2025 жылғы Қазақстан чемпионатының үздік бестігі мен 2026 жылғы чемпионаттың жартылай финалының үш жеңімпазы 14 финалистің қатарына тікелей енді. Сонымен қатар 18 жасқа дейінгі (U18) және 20 жасқа дейінгі (U20) жасөспірімдер чемпиондарының екі жеңімпазы да финалға жолдама алды. Қалған орындар Қазақстан шахмат федерациясының номинанттарына беріліп, оларды Жаттықтырушылар кеңесінің ұсынысымен федерация Президиумы бекітті.

Сонымен биыл 1 мамырдағы Эло рейтингі бойынша қатысушылар тізімі:

Ерлер (Open):

  • GM Денис Махнёв (2558, Павлодар) – ҚРЧ-2025 2-орын;
  • GM Қазыбек Ногербек (2525, Астана) – ҚРЧ-2025 1-орын;
  • GM Алишер Сүлейменов (2507, Павлодар) – ҚШФ номинанты;
  • IM Алдияр Аңсат (2488, Астана) – ҚРЧ-2025 3-орын;
  • IM Жандос Ағманов (2473, Астана) – ҚРЧ-2025 4-орын;
  • GM Эдгар Мамедов (2470, Ақтау) – ҚШФ номинанты;
  • IM Сауат Нұрғалиев (2464, Астана) – ҚШФ номинанты;
  • GM Рамазан Жалмаханов (2464, Алматы) – ҚРЧ-2026 жартылай финалының 2-орны;
  • IM Даниял Сапенов (2458, Алматы) – ҚРЧ-2025 5-орын;
  • IM Ерғали Сүлеймен (2396, Астана) – ҚШФ номинанты;
  • IM Сатбек Ахмединов (2331, Астана) – ҚШФ номинанты;
  • FM Жәңгір Бижігітов (2288, Алматы) – ҚРЧ-2026 жартылай финалының 3-орны;
  • FM Дінмұхаммед Түлендинов (2283, Алматы) – ҚРЧ-2026 жартылай финалының 1-орны;
  • Владислав Малыгин (2187, Павлодар) – Қазақстанның 2026 жылғы U20 чемпионы.
қатысушылар
Фото: Stan.kz

Әйелдер (Women):

  • IM Меруерт Камалиденова (2389, Астана) – ҚРЧ-2025 3-орын;
  • WGM Амина Кайрбекова (2374, Астана) – ҚШФ номинанты;
  • WGM Ксения Балабаева (2355, Алматы) – ҚРЧ-2025 4-орын;
  • WGM Лия Құрманғалиева (2346, Алматы) – ҚШФ номинанты;
  • WIM Елназ Қалиахмет (2314, Алматы) – ҚРЧ-2025 1-орын;
  • WIM Зарина Нұрғалиева (2279, Атырау/Алматы) – ҚРЧ-2025 2-орын;
  • WIM Асель Серікбай (2240, Қызылорда) – ҚШФ номинанты;
  • WFM Айару Алтынбек (2216, Астана) – ҚРЧ-2026 жартылай финалының 1-орны;
  • WFM Мария Холявко (2202, Алматы) – Қазақстанның 2026 жылғы U18 чемпионы;
  • WFM Аланна Беріққызы (2142) – ҚШФ номинанты;
  • WIM Аяулым Қалдарова (2105, Шымкент) – ҚШФ номинанты;
  • Жанбота Камарова (2083, Астана) – Қазақстанның 2026 жылғы U20 чемпионы;
  • Ақнұр Мамакова (2069, Астана) – ҚРЧ-2026 жартылай финалының 2-орны;
  • Асия Асылхан (1999, Түркістан) – ҚШФ номинанты.

Ал Қазақстан құрамасының мемлекеттік жаттықтырушысы Дастан Қапаев бұл қатысушылардың деңгейі өте жоғары екенін айтты. 

“Бұл жарысқа мықты шахматшылар жиналды. Чемпионат – тек ел ішінде өтетін дода емес, халықаралық жарыстарға жол ашатын маңызды кезең. Бірінші орын алған спортшылар классикалық шахматтан Қазақстан чемпионы атанады. Бұл – ең беделді жарыс. Сонымен қатар бұл чемпионат алдағы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына іріктеудің негізгі кезеңі саналады. Бірінші және екінші орын алған ойыншылар міндетті түрде құрамға енеді. Қалғандары рейтинг пен жаттықтырушылар кеңесінің шешімі арқылы анықталады”, – деді Дастан Қапаев.

Дастан Қапаев
Фото: Stan.kz

Оның айтуынша, ұлттық құрама құрамында төрт негізгі ойыншы және бір қосалқы спортшы болады.

“Чемпионатқа қатысушылар Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарынан келген. Жалпы іріктеу кезеңдерін есептегенде, шамамен 20 өңір қамтылған. Қазақстанда шахматтың дамуы да қарқын алып келеді. Қазақстан шахмат федерациясы бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір шахмат мектеп бағдарламасына енгізіліп жатыр. Бүгінде шамамен 1 500 мектепте шахмат оқытылады. Мұғалімдерге арнайы семинарлар өткізіліп келеді”, – деді жаттықтырушы.

Оның айтуынша, шахмат балалардың ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, тәртіпке, ережені сақтауға және жауапкершілікке үйретеді.

қатысушы
Фото: Stan.kz

Алдағы он күнде елдің ең үздік шахматшылары өзара кім мықтыны анықтайды. Оған қоса халықаралық аренада Қазақстан намысын қорғайтын құрамға жолдама алу үшін тартысқа түседі. Сарапшылар бұл чемпионатты тосын нәтижелер мен жаңа жұлдыздардың ашылу турнирі болуы мүмкін деп бағалап отыр.

чемпионат
Фото: Stan.kz

Турнирдің жүлде қоры да қомақты. Freedom Holding Corp. ұсынған жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге. Ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар 3 миллион теңгеден алады. Күміс жүлдегерлерге 2,2 миллион теңге, ал қола жүлдегерлерге 1,5 миллион теңгеден беріледі.

Сонымен қатар бұл чемпионат ұлттық құрамаға іріктеудің маңызды кезеңі саналады. Жеңімпаздар Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда, соның ішінде Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 18:20