Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде кейбір қазақстандықтар үшін автосақтандыру қымбаттайды

Көлік жүргізу
Фото: magnific.com

Қазақстанда сақтандыру полисінің құнын есептеу жүйесі өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіншенегізгі өзгерістер “бонус-малус” жүйесіне қатысты болады. Бұл жүйе арқылы сақтандыру компаниялары көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру құнын есептейді.

Жүйе қарапайым қағидаға негізделген: жүргізуші неғұрлым ұқыпты жүріп, жол-көлік оқиғасына түспесе, сақтандыру құны соғұрлым төмен болады. Ал жол апатына жиі түскендердің полисі қымбаттайды. Енді бұл жүйені қайта қарап, жүргізушінің жолдағы тәртібіне көбірек мән беру жоспарланып отыр.

Сирек қолданатын кластар алып тасталады

Мысалы, сирек қолданылатын “М1” және “М2” кластары алып тасталмақ. Олар іс жүзінде өте аз пайдаланылатындықтан, бұл кластардан бас тарту көзделген.

Сақтандыру құны өседі

Агенттік мәліметіне сүйенсек, орташа төлем 23 870 теңгеден 28 130 теңгеге дейін өседі. Бұл жүйенің тұрақтылығын сақтау және жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге төлем жасауға кепілдік беру үшін қажет.

Жүргізушілердің сақтандыру тарихына қарай, яғни 4-кластан 13-класқа дейінгі жүргізушілер үшін коэффициенттер де жеке қайта есептеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, бұрын жол апатына түскендер үшін сақтандыру бағасы едәуір қымбаттауы мүмкін.

Жеке тәуекел бағасы енгізіледі

Тағы бір жаңалық – тәуекелді жеке бағалау. Сақтандыру компаниялары бірыңғай дерекқордағы мәліметтерге қол жеткізіп, қосымша факторларды ескере алады. Олардың қатарында жол апаты тарихы, сақтандыру жағдайларының жиілігі және жүргізушінің жалпы тәртібі бар.

Полис құны 10% шегінде не жеңілдік жағына, не үстеме баға жағына түзетілуі мүмкін. Яғни көлігі мен жүргізушілік өтілі бірдей екі адамның сақтандыру үшін төлейтін сомасы әртүрлі болуы ықтимал.

Ұқыпты жүргізушілерге бонус беріледі

Сонымен бірге жол ережесін сақтап жүретін жүргізушілерді қосымша ынталандыру жоспарланып отыр. Егер адам бес жылдан астам уақыт ең жоғары 13-класта болып, жол апатына түспесе, сақтандыру компаниясы оған стандартты деңгейден де төмен қосымша жеңілдік бере алады.

Өңірлік коэффициенттер қайта есептеледі

Өңірлік коэффициенттерде де өзгерістер енгізіліп жатыр. Олар әр аймақтағы апат деңгейі мен сақтандыру төлемдерін дәлірек ескеру үшін өзекті деректер бойынша қайта есептеледі. Жол-көлік оқиғасы көп тіркелетін өңірлерде сақтандыру құны қымбатырақ болады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 05 Мамыр, 2026 15:50