Өскемендегі зауыттағы жарылыс: Жарақат алғандардың жағдайы белгілі болды

Өскемен қаласындағы "Қазцинк" зауытында болған жарылыс пен өрт салдарынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Науқастардың жағдайы туралы Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Мұрат Нұрбекенов мәлім етті.
Оқиға орнынан клиникаға бес адам жеткізілген: төрт ер адам және бір әйел. Олар тексеріліп, бас миына компьютерлік томография жасалған. Үшеуінде жеңіл көгеру мен сырық жарақаттар анықталып, олар үйіне жіберілген. Ал екі зардап шеккен адам ауруханаға жатқызылған.
"1980 жылы туған ер адамның жағдайы өте ауыр. Оның денесінің 90 пайыздан астамы күйген. Жоғарғы тыныс жолдары зақымданған, көзінің қасаң қабығы мен көз бұршағы жарақаттанған. Посттравмалық шок жағдайында. Ол жансақтау бөліміне жатқызылды.
Екінші зардап шеккен – 1974 жылы туған ер адамның бел омыртқа бөлімі жарақаттанған. Оның үшінші бел омыртқасы компрессиялық сынған және сүйек өсінділерінің сынуы бар. Ол травматология бөліміне жатқызылды", – деді Нұрбекенов.
ОқыңызЕске салсақ, бұған дейін Өскеменде зауытта жарылыс болып, екі адам қаза тапқан еді. Компания қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.