"DamuMed-те танымайтын балалардың дерегі шығуда": Денсаулық сақтау министрлігі жағдайға байланысты пікір білдірді

Қазақстандықтар DamuMed қосымшасындағы күмәнді хабарламаларға қайтадан шағымдануда. Олардың айтуынша, жеке кабинеттерінде кенеттен туысы ретінде белгіленген бөгде адамдар пайда болып жатыр. Жағдайдан соң Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл жағдайға қатысты түсініктеме әлеуметтік желілердегі шағымдардан кейін берілді. Мәселен, бір қолданушы өз аккаунтында бөгде баланың тіркеліп кеткенін айтып, ол бала барған әрбір медициналық қабылдау туралы хабарламаларды тұрақты түрде алып отырғанын жазған. Кейін осындай мәселе басқа да қазақстандықтарда бар екені белгілі болды.
Министрліктің мәліметінше, қосымшаның "Отбасы" бөлімінде бөтен балалардың көрінуіне екі себеп болуы мүмкін:
- техникалық ақау;
- немесе медицина ұйымы қызметкерлерінің деректерді енгізу кезінде жіберген қателігі.
Мысалы, қабылдау барысында жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) дұрыс енгізілмей қалуы мүмкін.
ОқыңызСондықтан пациент жүйеде өзіне қатысы жоқ балаға көрсетілген медициналық қызметтер туралы хабарламаларды қате алып отырады.
Егер картаңызда бөтен адам тіркеліп тұрса не істеу керек?
- Тіркелген емханаға жүгіну қажет;
- немесе медициналық қосымшаның техникалық қолдау қызметіне хабарласу керек (байланыс деректері қосымшаның ішінде көрсетілген);
- электронды денсаулық сақтау жүйесінің мамандары медициналық ұйымның растауынсыз деректерді өз бетінше өшіре алмайды.
Министрлік 18 жасқа дейінгі балалардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде мемлекет есебінен автоматты түрде сақтандырылатынын еске салды.
Сонымен қатар мұндай қателіктер кей жағдайда қаржылық алаяқтыққа да себеп болуы мүмкін. Мысалы, Алматы облысында шамамен 5 мың балаға көрсетілмеген стоматологиялық қызмет рәсімделіп, мемлекетке 66 миллион теңге шығын келтірілгені анықталған.