Қазақстанда жарық, жылу және су тарифтері қымбаттауы мүмкін: Болжамды баға белгілі болды

Қазақстанда келер айларда электр энергиясы мен коммуналдық қызмет тарифтері өсуі мүмкін. Бұған энергия өндіруші ұйымдардың газ үшін жиналып қалған берешегі себеп болып отыр. Ақпаратты энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтегі брифинг кезінде журналистер вице-министрден энергия өндіруші ұйымдардың берешегі туралы сұрады. Сұңғат Есімхановтың айтуынша, энергия өндіруші ұйымдардың “QazaqGaz Aimaq” алдындағы қарызы 37,7 миллиард теңге. Журналистер бұл жағдай электр энергиясының құнына қалай әсер ететінін, баға өсе ме және қазақстандықтар қанша төлейтінін нақтылады.
Энергетика вице-министрі бұл берешек тарифтер есебінен өтелетінін түсіндірді. Оның айтуынша, шығын құрылымында отын негізгі үлеске ие емес. Шығынның едәуір бөлігі жөндеу жұмыстары мен жалақыға жұмсалады.
“Бұл берешек былтырдың екінші жартысында газ құнының белгілі бір деңгейде өсуіне байланысты пайда болды. Болашақта ол тарифтер есебінен жабылады”, – деді шенеунік.
Вице-министр тарифтердің өсімі орта есеппен 4-5% болуы мүмкін деп бағалады.
“Қазір біз өтінімдерді қарап жатырмыз. Менің ойымша, бұл тарифтерге аса көп әсер етпейді, шамамен орта есеппен 4-5% деңгейінде ықпал етуі мүмкін”, – деді Есімханов.
ОқыңызОл мәселе электр энергиясына ғана қатысты емес екенін де атап өтті. Бірқатар кәсіпорын, соның ішінде Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты бірден бірнеше қызмет түрін көрсетеді. Олардың қатарында жылу және сумен жабдықтау да бар. Осыған байланысты берешек Табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлесіп кешенді түрде қаралады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алдағы уақытта электр энергиясының тарифтері қымбаттайтыны хабарланған еді. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, сәуірден бастап тарифтерге қойылған мораторийдің күші жойылды. Енді тарифтерді қайта қарау мәселесі күн тәртібіне шыққан.
Оның сөзінше, электр энергиясын өндіруге қатысты тарифтерді мемлекет реттейді. Қазірдің өзінде тарифті көтеру бойынша өтінімдер келіп түскен (өткен жылдан бастап және биыл да жалғасып жатыр).
Негізгі себептердің бірі қызметкерлердің жалақысын көтеру қажеттілігі. Сонымен қатар шығындардың өсуі де әсер еткен:
- Газ бағасының өсуі (кейбір станцияларда бұл шығындар тарифке толық енгізілмеген);
- Жылу электр орталықтарына (ТЭЦ) арналған судың бағасы екі есе қымбаттаған;
- Кейбір бағыттарда кәсіпорындар шығынға ұшырап отыр.