Жылдамдықты сағатына 2 шақырымға асырғаны үшін айыппұл салына ма – Полиция желідегі ақпаратқа пікір білдірді

Әлеуметтік желіде жылдамдықты тіркеу шегі төмендеп, енді белгіленген жылдамдықты сағатына 2 шақырымға асырған жүргізушілерге де айыппұл салынады деген ақпарат тарады. Ал Ішкі істер министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, құқықбұзушылық үшін жауапкершілікке тарту тәртібі өзгерген жоқ.
Бұрынғыдай әкімшілік жауапкершілік белгіленген жылдамдықты сағатына 10 шақырымға және одан жоғары асырған жағдайда ғана қолданылады.
“8 мамырдан бастап күшіне енетін бірлескен бұйрық тек камералардың жұмыс тәртібіне қатысты. Яғни құжат олардың өлшеу дәлдігі мен рұқсат етілген қателік шегін нақтылайды. Бұл жүргізушілерге жаңа талап енгізбейді және жауапкершілікке тарту шегіне әсер етпейді”, – деп түсіндірді ол.
Осылайша, “жылдамдықты сағатына 2 шақырымға асырғаны үшін айыппұл салынады” деген ақпарат – жалған.
Полиция бұл мәліметті таратқан тұлға анықталғанын хабарлады. Қостанай облысы Рудный қаласының тұрғыны сот шешімімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.
2026 жылы айыппұл мөлшері қандай?
Жылдамдықты сағатына 10-20 шақырымға асыру – 5 айлық есептік көрсеткіш, яғни 21 625 теңге;
Жылдамдықты сағатына 20–40 шақырымға асыру – 10 АЕК, яғни 43 250 теңге;
Жылдамдықты сағатына 40–60 шақырымға – 20 АЕК, яғни 86 500 теңге;
Жылдамдықты сағатына 60 шақырымға және одан жоғары асыру – 40 АЕК, яғни 173 000 теңге.
Ал бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі артады. Мәселен, жылдамдықты 20–60 км/сағатқа асырғаны үшін 30 АЕК, яғни 129 750 теңге, ал 60 км/сағат және одан жоғары асырғаны үшін 60 АЕК, яғни 259 500 теңге төлеуге тура келеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, егер жолда көліктер үшін жылдамдық шектеуі 60 км/сағат болса, камералар құқық бұзушылықты тек 70 км/сағаттан бастап тіркей бастайды. Яғни жылдамдықты 1–9 км/сағатқа асыруға бұрынғыдай айыппұл салынбайды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды есепке алудың баллдық жүйесі енгізіліп жатқаны хабарланған еді. Жаңа жүйе жиі ереже бұзатын жүргізушілерді анықтап, оларды көлік басқару құқығынан айыруға мүмкіндік береді. Пилоттық жобаның іске қосылғаны туралы премьер-министр Олжас Бектенов сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді. Бектеновтің мәліметінше, қазір бұл жүйе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында сынақтан өткізіліп жатыр.
Оқыңыз