20 балл жинаса жүргізуші куәлігінен айырылады: Қазақстанда жаңа жүйе іске қосылды

Қазақстанда жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды есепке алудың баллдық жүйесі енгізілуде. Жаңа жүйе жиі ереже бұзатын жүргізушілерді анықтап, оларды көлік басқару құқығынан айыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Пилоттық жобаның іске қосылғаны туралы премьер-министр Олжас Бектенов сенат депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді. Бектеновтің мәліметінше, қазір бұл жүйе Астана, Алматы және Шымкент қалаларында сынақтан өткізілуде.
"Ереже бұзушылықтардың жүйелілігі бір күнтізбелік жыл ішінде 20 балл шегіне жетуі арқылы анықталады. Осы шекке жеткен жағдайда көлік құралын басқару құқығы алты ай мерзімге тоқтатылады", – делінген премьер-министрдің жауабында.
Жүргізушілерге берілген баллдар тек қаулы заңды күшіне енгеннен кейін ғана есепке алынады. Бұл жүргізушілерге қабылданған шешімдерге шағымдану мүмкіндігі берілетінін білдіреді.
Жүргізуші куәлігінен алты айға айырылған жағдайда, жүргізуші қайта куәлік алу үшін жол қозғалысы ережелері бойынша емтихан тапсыруы қажет.
Бұл жүйе тек жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілерге де қолданылады. Жүргізуші куәлігі жоқ азаматтар жаяу жүргінші ретінде 20 балл жинаған жағдайда, олардың жүргізуші куәлігін алу құқығы алты ай мерзімге шектеледі.
ОқыңызІшкі істер министрлігі бас прокуратурамен бірлесіп әзірлеген пилоттық жоба Астана, Алматы және Шымкент қалаларында сынақтан өткізілуде. Пилоттық жоба қорытындысы бойынша билік жүйелі түрде ереже бұзатындарға қосымша ықпал ету шарасы ретінде психологиялық бағалау енгізу мүмкіндігін қарастырады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер 15 тәулікке қамалатыны туралы жазған едік.