Қазақстанда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер 15 тәулікке қамалмақ

Енді жол ережесін қайта-қайта бұзып, өзгенің өміріне қауіп төндіретін жүргізушілер айыппұлмен ғана құтылмауы мүмкін. Құзырлы органдар мұндай әрекеттерді жай ғана жол тәртібін бұзу емес, бұзалық ретінде қарастырып, әкімшілік қамауға алу шарасын қолдана бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, осыған дейін жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер көбіне айыппұл төлеп құтылатын еді. Алайда мұндай жаза барлық жағдайда әсер ете бермейтіні байқалған. Сол себепті енді заңды әдейі елемейтін, ережені жүйелі түрде бұзатын азаматтарға қатаңырақ шара қолданылмақ.
Астана қаласы прокуратурасы өкілдерінің мәліметінше, арнайы талдау жүргізіліп, әкімшілік құқық бұзушылық нормаларын үнемі және өрескел бұзатын жүргізушілер анықталған.
“Әкімшілік құқық бұзушылық нормаларын қатаң бұзатын жүргізушілер арасында талдау жүргізіліп, арасынан анықталған жүргізушілер бойынша әкімшілік қамаққа алу шарасы қолданылып жатыр. Бұл дегеніміз ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабымен қарастырылған”, – деді Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Ақжол Сәтілда.
Прокуратура дерегіне сүйенсек, бүгінде Астанада бірнеше рет айыппұл арқаласа да, заң бұзуды тоқтатпаған жеті адам қамалған. Олардың ісі ұсақ бұзақылық бабы бойынша қаралған.
Дегенмен бұл қадамға күмәнмен қарайтындар да бар. Авто сарапшылардың пікірінше, уақытша қамау мәселені түбегейлі шешпейді. Оның үстіне заңда “агрессивті жүргізуші” деген нақты ұғым жоқ. Сондықтан мұндай құқық бұзушыларды анықтау мен жауапқа тартудың нақты тетігі қажет.
Мамандар жолда қауіп төндіретін әрекет тек жылдамдықты асырумен шектелмейтінін айтады. Олардың сөзінше, дұрыс емес бұрылу, өзге көліктерге қысым көрсету, апат қаупін күшейту секілді әрекеттер де бақылауда болуы керек. Осыған байланысты тәртіпті жіті қадағалайтын жол полициясының рөлін күшейту қажет деген пікір айтылып отыр.
Құзырлы орган өкілдерінің хабарлауынша, қатаң шара ең алдымен ережені қасақана, жүйелі және өрескел бұзатындарға, өзгенің өміріне қауіп төндіретіндерге, сондай-ақ заң бұзғанын әлеуметтік желіге салып мақтанатындарға қолданылады.
Халық пікірі бұл мәселеде екіге жарылып отыр. Бірі мұндай қадам жолдағы тәртіпті күшейтеді десе, енді бірі нақты әрі түсінікті құқықтық тетік керек деп есептейді.
Алматы билігі Үлкен Алматы көліне апаратын жаяу жүргіншілер жолына 500 миллион теңге жұмсамақ
Оқыңыз