Артында аяғы ауыр әйелі қалды: Алматыда жоғалып, денесі табылған 25 жастағы Ерзаттың туыстары күмәнді жайттарды айтты

25 жастағы Ерзат Егізбай 19 мамыр күні жұмысқа шығып, содан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен. Ал 23 мамыр күні кешке оның денесі Алматы маңындағы өзеннен табылды. Қара жамылған отбасы баласына не болғанын білмей дал. Жолдасының айтуынша, Ерзат ешқашан бір жерге айтпай, ескертпей кетпейтін. Жақында ғана ерлі-зайыпты сәбилі болатынын білген. Ал жігіттің телефонындағы сол күнгі қоңыраулар шифрланған. Stan.kz ақпарат агенттігі Ерзаттың әйелі Шұғыламен сөйлесіп, істің мән-жайын білді.
“Ол ешқандай жерге айтпай кетпейтін”
Ерзат Егізбай құрылыс компаниясында геодезист болып жұмыс істеген. Жаңадан жұмыс ауыстырғанына 2 ай болған. Бастығы өзінің группаласы екен. 19 мамыр күні Ерзат та, әйелі Шұғыла да жұмыста болған. Түсте ғана ол жолдасымен сөйлескен.
"Соңғы рет сағат 13.30-да WhatsApp-пен сөйлестік, содан кейін сөйлеспедік. Жұмыста болсақ та үнемі сөйлесіп отыратынбыз. Ол осыған дейін ешқашан маған айтпай бір жақа кеткен емес. Бір жерге баратын болса маған жазып қоятын. Жұмыстан шықтым, жұмысқа келдім деп үнемі жазады. Ол күні ештеңе айтпады. Сағат 14.00-дерде бастығынан "Дүкенге барып келем" деп сұранып кетіпті. Негізі жұмыстан сұранбайтын, бастығы да бірінші рет сұранды деп жатыр. Себебі түскі ас жұмыста беріледі", – дейді ол.
Ал сағат 17.00-де хабарласқанда ала алмапты. Отбасы осы кезде дабыл қаққан. Космос деген ауылда Ерзаттың ешқандай танысы, ешкімі жоқ. Бұл ауылды бірінші рет естідім дейді әйелі.
"Мен оған сағат 17.00-де жаздым, хат бармай тұрды. Телефонының қуаты бітіп, өшіп қалған шығар деп ойладым. Ал сағат 19.00-де Ерзаттың бастығы маған "Түсте сұранып кетті, содан кейін жұмысқа келмеді, үйге бармады ма?" деп сұрады. Содан бастап мен Ерзаттың ағасына, достарына хабарладым. Олар кештен бастап түнімен іздеді. Бұл 19 мамыр болатын. Денесі 23 мамыр кешке табылды", – деп баяндап берді Ерзаттың жұбайы.
Туыстарының айтуынша, полицейлер бірден іздеуге кіріспеген, бастапқыда ағасы мен достары өздері іздеген. Ерзаттың ағасы Азамат Егінбай 19 мамыр түнде Жетісу ауданы полициясына арыз жазған. Бірақ полиция іздеуді 2 күн өткен соң ғана бастайтынын айтыпты.
"Полицейлер бірден қозғалмады. 22 мамыр күні бір полицей жазды да, "киімдерін беріп жіберіңіз, итпен іздеуге таңертең шығамыз" деді. 23-і кешке денесі табылды. Бірақ ол жерде ешқандай полицей де, ит те болмаған. Кинологтар іздемеген, балықшылардың өздері тауып алған. Ағалардың қасына 1-2 полицейлер барған, бірақ олар көп жүрмеген. Біз Ерзатпен "Құранға қызмет" деген еріктілер тобында болғанбыз, сол жақтағы таныстардың бәрі іздеді", – дейді Шұғыла.
Автобустағы камера арқылы Ерзаттың Космос ауылына барғаны расталды. Ол "Школьная" аялдамасынан түскен, әрі қарай қалай жүргені белгісіз, камералар жоқ. Туыстарының сөзінше, өзен мен аялдаманың арасында біраз жүретін жер бар.
"Өзен Базаркелді мен Космостың арасында жатыр. Ол жер кәдімгі шлагбауммен, ақылы түрде кіргізетін, балық аулайтын жер екен", – дейді Ерзаттың туыстары.
“Күртешесін барынша қымтап алған күйі табылды, бірақ ол ешқашан қымтанып жүрмейтін”
Денесін өзеннен тапқан адамдардың айтуынша, Ерзаттың үстінде жеңсіз куртка болған. Соны мойнына барынша тақап жауып алған дейді. Бұған дейін суицид болуы мүмкін деген болжам айтылыпты. Дегенмен Ерзаттың әйелі мен отбасы, достары бұған еш сенбейді.
"Судың ішінде денесі ісініп кеткен соң күртеше мойнын қысқан дейді, соның ізі қалған деп айтты. Бірақ мен бұған сенбеймін. Негізі ол осы күнге дейін жеңсіз күртешесін дәл олай толық жауып, қымтанбайтын. Ол жұмысқа кеткен күні күн ашық болды әрі ол ешқашан олай алдын толық жауып, қымтанбайтын, ашып жүретін. Біреулер алдап шақырған болып тұр ғой. Ақша керек болса ақша сұрайтын еді. Ерзат өзіне қол салатындай адам емес. Денесіне ешқандай із қалдырмаған, суға батырған ба, білмедік деп жатыр. Суицид болуы мүмкін дейді. Бірақ біз бұған сенбейміз", – дейді Шұғыла.
Бүгінде Ерзаттың денесінен анализге материал алынған. Экспертизаның нәтижесі 20 күннен кейін дайын болады. Отбасы мен туыстары осы нәтижені күтіп отыр. Ал іс Талғар ауданына берілген көрінеді. Дегенмен туыстары "Бізге ешкім хабарласқан жоқ" деп отыр. Ерзаттың бір ағасы және екі қарындасы бар.
"Телефонындағы 19 мамыр күнгі қоңыраулардың бәрі кодталған”
Бір қызығы Ерзат Егізбайдың телефонындағы ол жоғалған күнгі қоңыраулар кодталған. Отбасы мұны біреу әдейі істегеніне сенімді.
"Телефонындағы 19 мамыр күнгі қоңыраулардың бәрі шифрланған деді. Ол оны өзі істемейді ғой. Оны білетін адам ғана істей алады. Бәрі әдейі ұйымдастырылған. Ерзаттың ешқандай зиян әдеттері жоқ. Кәдімгі намаз оқитын адам еді. Сенбей тұрмыз, не болғанын білмейміз. Мен де, ата-анасы, бауырлары, достары, ешкім оның суицид жасағанына сенбейміз. Ол мүмкін емес. Достарының бәрінен сұрастырдық, ешкімге ештеңе айтпаған. Алдап шақырған ба деп отырмыз. Резонанс жасап, әділдік сұрап отырмыз. Бұл іс суицид деп жабылмауы керек", – дейді ол.
“Өте керемет адам, ешкіммен ұрсыспайтын, бәрін сабырмен шешетін”
Ерзат пен Шұғыла 2025 жылдың қарашасында ғана үйленген. Шамамен 7 ай ғана өтті. Жақында ғана жастар сәбилі болатынын білген екен. Артында қалған жүкті әйелі Шұғыла “Одан жақсы адам жоқ еді, жоспарымыз көп еді” деп жылап қалды.
"Үйленгенімізге көп болмады, алға қойған жоспарымыз көп еді. Өте керемет адам болды. Қарапайым, ешкіммен ұрыспайтын, төбелеспейтін, достары көп болды. Ол достарының бәрі "өмірімізде осындай көркем мінезді адам көрген жоқпыз" деп айтып отыр. Ешкіммен ерегіспейді, төбелеспейді. Бәрін сабырмен шешкенді ұнататын", – дейді Ерзат Егізбайдың әйелі Шұғыла.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 25 жастағы жігіт белгісіз жағдайда жоғалып кеткені туралы хабарлаған едік.
Ерзаттың жоғалғаны туралы арызды 2026 жылы 19 мамыр күні Жетісу ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне оның туған ағасы Азамат Егізбай жазған. Оның айтуынша, Ерзат 19 мамыр күні шамамен сағат 14:30-да Райымбек даңғылы бойында (147Б үй маңындағы) орналасқан құрылыс нысанынан шығып кеткен.
Кейіннен еріктілер ұйымдарының бірі Алматыдан жігіттің денесі табылғанын хабарлады.
Артында аяғы ауыр әйелі қалды: Алматыда жоғалып, денесі табылған 25 жастағы Ерзаттың туыстары күмәнді жайттарды айтты