Техбайқау тәртібі өзгеріп, орташа жылдамдықты бақылайтын камералар енгізіледі: Қазақстандық жүргізушілерді не күтіп тұр?

Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын өткізді. Үкімет басшысы жолдардағы қазіргі жағдайды сынға алып, бірқатар қатаң шара енгізуді тапсырды. Олардың қатарында самокаттарға міндетті сақтандыру енгізу мен "ақылды" камералар желісін кеңейту бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елде жыл сайын жол-көлік оқиғаларынан шамамен 40 мың адам жарақат алып, 2,5 мыңға жуық адам көз жұмады.
2026 жылдың басынан бері өлім-жітім 4%-ға төмендегенімен, жағдай әлі де күрделі.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов жол апаттарының 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен болатынын айтты. Жыл басынан бері Қазақстанда 3 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркеліп, 5,5 мың мас жүргізуші ұсталған.
Самокаттарға жаңа талаптар енгізіледі
Электрсамокаттарға қатысты жаңа ережелер 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді:
- самокат жүргізушілері үшін міндетті сақтандыру енгізіледі;
- кикшеринг компанияларына бақылау күшейтіледі;
- арнайы тұрақ орындары белгіленіп, кей аумақтарда самокатпен жүруге тыйым салынады.
Премьер әкімдерге қысқа мерзімде тұрақ орындарын анықтап, тиісті жол белгілерін орнатуды тапсырды.
Техникалық тексеріс күшейтіледі
Ішкі істер министрлігі көліктердің техникалық жағдайына бақылауды күшейтуді ұсынды. Енді жүк көліктері мен автобустарға жарық шағылыстыратын белгілер орнатылмаса, олар техникалық тексерістен өтпейді. Сонымен қатар газбен жүретін көліктерге қойылатын талаптар күшейтіледі.
Бектенов Көлік министрлігіне техникалық тексеру жүйесін толық жаңартуды тапсырды.
Оқыңыз“Ақылды” камералар мен жасырын патруль
Премьер-министр орташа жылдамдықты тіркейтін камералардың тиімділігін айтты. Оларды тек ақылы жолдарда емес, облыстық маңызы бар жолдарда да орнатуды тапсырды.
Сонымен қатар ел бойынша "жасырын" патрульдеу тәжірибесі енгізілмек.
“Жүргізушілер ережені тек камера алдында емес, әрдайым сақтау керегін түсінуі тиіс”, –деді Олжас Бектенов.
Алматыдағы жол апатына ерекше назар аударылды
Премьер-министр Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адам қаза тапқан жол апатына тоқталды. Қала әкімі Дархан Сатыбалдыға апат санын азайту үшін шұғыл шаралар қабылдау, соның ішінде интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту тапсырылды.
Тағы қандай өзгерістер болады?
Такси саласы
Агрегаторлардан 63 мың оң рульді көлік шығарылды. Енді қайта жабдықталған оң рульді көліктерді таксиде пайдалануға заңмен тыйым салу жоспарланып отыр.
Инфрақұрылым
11 өңірде жол белгілерінің түнде көрінуін жақсарту үшін лазерлік жүйелер енгізіліп жатыр.
Балалар қауіпсіздігі
Мектеп демалысы қарсаңында полиция мен мектептер ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейтеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда болған жол апатында бірнеше адам қаза тапты. Кейін апатқа кінәлі жүргізушінің Zeekr көлігін басқарғаны және жеңіл дәрежеде мас болғаны анықталды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Тергеу аясында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, полиция департаментінің бірнеше жоғары лауазымды қызметкері қызметінен босатылды.
Дегенмен қоғамда резонанс тудырған істен соң Ішкі істер министрлігі Ержан Сәденов лауазымы, байланыстарына қарамай кінәлілер жазадан құтыла алмайтынын мәлімдеді.
Қазақстанда декрет төлемдері неге кешігеді және мемлекетте шынымен қаржы жетпей ме?