Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мектеп формасын тағы бір жыл кимеуге рұқсат берілді: Кәсіпкерлер Аймағамбетовтің шешіміне наразылық білдіруде

Биыл да мектеп формасы міндетті емес. Білім министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында оқушыларға классикалық стильдегі киім киіп баруға рұқсат берді. Бұл шешім ата-аналарға жеңіл болғанымен, тігіншілер тағы миллиондардан қағыламыз деп қиналып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Күні кеше Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында балаларға тағы классикалық стильдегі киім киюге рұқсат берілетінін мәлімдеді. Негізгі себеп – елдегі эпидемиологиялық жағдай. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде дүкендер белгілі бір уақытта, ал кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезектер болып, Covid-19 жұқтыру қаупі күшейеді. Оған қоса, уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасы кейбір отбасылардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Пандемиядан кейін оқушылар қайтадан мектеп формасын киюге міндетті болады.

Алайда мектеп формасын шығаратын кәсіпкерлер министрдің шешімімен келіспей отыр. Себебі олар жарты жыл бұрын дайындық жұмыстарына кіріскен. Ал министр мырза формаға қатысты жаңалықты енді ғана жариялады. Кәсіпкерлер болса, қажетті материалды сатып алып, форма үлгілерін де жасап қойған.

"Былтыр ол жеңіл өнеркәсіптің бір бөлігін жойып жіберді. Биыл қалғанын құртуға шешім қабылдапты. Келесі жылы не болатынын ешкім білмейді. Біз 20-шы жылдан әрең дегенде шықтық. Ал келесі жылы ол формамен не істейміз? Бұның барлығы – миллиондаған шығын. Биыл біз және басқа әріптестеріміз қалдықтарды сатса, келесі жылы жаңа маталарды сатып алу қажет. Бірақ қандай мата аламыз? Кімге? Не үшін? Министр тағы бес минут қалғанда ештеңе керек емес деп айтып жүрмей ме?", – дейді кәсіпкер Сергей Сокирко.



Елордалық Әйгерім Ілиясова бірінші сыныпқа баратын қызының мектеп формасын кигенін қалайды.

“Негізі мектепте мектеп формасы болған дұрыс деп санаймын. Бұл адамның киген киімінен, баланың өз-өзін ұстауы мектеп тәртібінің бір бөлшегі ғой.  Адам киген киіміне қарай көңіл-күйі өзгереді ғой. Бала да мектеп формасын киген кезде өзін оқушы ретінде сезініп, қандай да бір жауапкершілікті сезінеді деп ойлаймын”, – дейді тұрғын.

Талқылау