Неліктен кей балаларды 1-сыныпқа қабылдаудан бас тартылды: Оқу-ағарту министрлігі түсіндірді
Оқу-ағарту министрлігі кей мектептерде балаларды бірінші сыныпқа қабылдаудан неліктен бас тартылғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мамыр айында Астанада кей мектептерде бірінші сыныпқа орын жетпей жатқаны айтылған еді. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде де қызу талқыға түскен. Журналистер Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпаровадан бұл мәселенің қалай шешілгенін сұрады.

Вице-министрдің айтуынша, 2026 жылы 1-сыныпқа қабылдау өтініштері арнайы платформа арқылы ұйымдастырылды.
“Бастапқыда техникалық мәселелер болды. Оның ішінде кейбір құжаттардың дұрыс толтырылмауына байланысты өтініштер қабылданбаған жағдайлар кездесті. Қазір бұл мәселелердің барлығы реттелді”, – деді ол.
Биыл бірінші сыныпқа шамамен 380 мың баланы қабылдау жоспарланып отыр.
“Өтініш қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады. Сондықтан барлық бала өтініштердің түсуіне қарай бірінші сыныпқа қабылданады”, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, “Білім туралы” заңға сәйкес, ата-аналардың мектепті таңдауға құқығы бар. Алайда мектепке қабылдау белгіленген ережелерге сәйкес жүзеге асырылады.
“Иә, ата-ананың білім беру ұйымын таңдауға құқығы бар. Бұл – заңда белгіленген жалпы норма. Бірақ қабылдау тәртібін реттейтін нақты ережелер бар. Егер мектептің жобалық қуаты баланы қабылдауға мүмкіндік бермесе, ол мектеп баланы қабылдай алмайды. Себебі сақталуы тиіс белгілі бір санитариялық талаптар бар”, – деді Шынар Ақпарова.
Вице-министрдің мәліметінше, ата-аналардың қалауын ескеіп, балалар жақын маңдағы мектептерге бөлініп қабылданады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін құжат тапсырудың жаңа ережелері мен мерзімдері бекітілгені туралы жазған едік.
Миллиардтаған қаржы жұмсалған Н.Сац атындағы театрдың эскиз жобасы бастапқы үлгісінен өзгертіп жіберген