"Бұл елде панасыздардың өзіне өлмейтіндей жағдай жасалған": Журналист Назира Байырбек АҚШ-та өзін таңғалдырған дүниелер туралы

Назира Байырбек - елімізге танымал журналист, "Дарын" сыйлығының иегері. Былтыр ол "Болашақ" бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, отбасымен бірге АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына аттанған болатын. Stan.kz тілшісі білім қуып, мұхиттың арғы жағына асып кеткен жерлесімізбен тілдесіп, әлемнің ең алпауыт еліндегі мәдениет, білім беру саласы және әлеуметтік қолдау туралы сауалдарын қойды. Сұхбат барысында Назира сондай-ақ коронавирус пандемиясын ауыр өткеріп жатқан елдің жағдайы туралы да айналып өтпеді. 

- Назира, АҚШ-та қазір коронавирус өршіп тұр. Қалай қорғанып жатырсыз? Қандай шектеулер бар? Халықтың көңіл-күйі қандай?

- Нью-Йорк - коронавирус пандемиясы қатты жайылып бара жатқан қалалардың бірі. Наурыздың 20-сынан бері қарай барлық білім беру орындары онлайнға көшті. Сабақтан қалып қалмау үшін оқушы мен студенттерге ноутбук пен планшеттер беріліп жатыр. Бұл елдің мүмкіндігі кеңірек қой. Балалар онлайн оқыған соң ноутбук жетіспей, қиналып отыр едік. Мектептен хабарласып, жағдайымызды сұрады. Сөйтсек, Нью-Йоркте қазір 1 миллион 100 мектеп оқушысы онлайн оқуға көшкен екен. Олардың 300 мыңы ноутбукке, компьютерге мұқтаж екенін, онсыз онлайн оқи алмайтынын жазыпты. Сонымен, Білім департаменті әр балаға карантин аяқталғанша пайдаланатын бір-бір айпад беретін болды.

Оған қоса, мектептен балаларға таңғы ас және түскі ас алып кетіп отырыңыздар деп хабарлап жатыр. Тамағын білмейміз, әйтеуір балаларды қажет құрал-жабдықпен қамтамасыз ететініне қуанып отырмыз. Инстаграмда мұғалім болып істейтін қыз-келіншектер онлайн оқытуға дайындалып жатқанын айтып кейде хат жазып жатады. Ал Америкада үш-ақ күнде барлық мектеп мұғалімін онлайн оқытуға дайын қылып шығарды ғой.

Алдағы екі апта қатаң коменданттық режимге көшеміз, екі аптаға жететін азық-түлікті алып қойыңыздар, үйден шықпаңыздар деген бұйрық келді. Қазір үйде отырмыз, сыртқа шықпаймыз. Бірақ бұл уақыттың өзі көп адамға ой салып жатқан сияқты. Үлкен қалаларда көлік қатынасы азайып, экология тазарды деген сияқты. Құдайдың бір ескертуі сияқты. Үйде отырып, өз-өзімізбен жұмыс істеуді, дамытуды үйреніп жатқан сияқтымыз. Халық отбасына, бір-біріне көңіл бөліп жатыр.

Жуырда "Нью-Йорк таймс" газетінде бір материалды көзім шалып қалды. Оқырманнан үйден шықпай отырғанымның арқасында бала-шағамның,туыстарымның өзіме деген сүйіспеншілігін сезіндім деген хат келіпті. Қазір бәрі адами жылулық деген сияқты маңызды нәрселерге көңіл бөле бастаған. Сондықтан барлығының игілігі болатын сияқты, Алла қаласа. 

Америка көбіне С дәруменін көбірек салып емдеп жатыр екен. Бірақ вирус жұққан жағдайда өз бетінше дәрі ішіп, укол алғандар жағдайды ушықтыратыны ескертіліп жатыр. Дұрысы, бірден дәрігерге қаралу керек екен.

- АҚШ-қа аттануға не түрткі болды? Неге АҚШ-ты таңдадыңыз?

- Мен 2001 жылдан бері қазақ журналистикасында қызмет етіп келе жатырмын. Еңбек жолымды "Жас Алаш" газетінен бастадым. "Айқын", "Қазақ әдебиеті", "Астана ақшамы" газеттерінде де жұмыс істедім. Мен әу бастан тәуелсіз БАҚ-та жұмыс істегеннен кейін қандай да бір қысым болса, іштей наразылығым өсіп отырды. Ал АҚШ сөз бостандығы, демократиясы дамыған ел ретінде белгілі, сондықтан Америкада оқуды өзіме мақсат тұттым. АҚШ - тек БАҚ саласында ғана емес, басқа салаларда да алдыңғы қатарлы ел ғой, сондықтан оқудан басқа көп нәрсені үйренемін, өзім пісіп-жетілемін деп АҚШ-ты таңдадым. 

- Алғашында не нәрсе қиынға түсті? Таңғалдырған не болды? 

- Мен енді жалғыз келген жоқпын. Аллаға шүкір, бес баламмен, отбасыммен келдім. Сондықтан ең бірінші мұнда келгендегі тап болған қиындығым - пәтерлердің жалға беру шарттары. Ақша жағынан да қиналып қаласың, үнемдеу керек, екі елдің ақша жұмсау жағынан өлшемдері үйлеспейтіні де басында қиынға соқты. Елден жинап әкелген ақшамыз мұнда түк болмай қалды. Өйткені пәтердің бағасы да, тауарлар да қымбат. Мысалы нанның өзі 3-4 доллар тұрады. Жолдың өзі - 3 доллар. Сондықтан бастапқыда бұл жердің қоғамына, нарығына үйрену оңайға соқпады. Өзім алғаш келгенде әр ақша жұмсаған сайын жолыма кеткен ақшаны теңгеге шағып, шошып, үркіп қарайтынмын. "Мәссаған неге қымбат?!" деп. Нанның өзі 1200 теңге деп. Кішкене уайымымыз болды. Бірақ қазір өзіміздің кіріс пен шығысымызды осы елдің жағдайына сәйкес етіп, үйлестіріп үйрендік.  

Тағы бір таңғалдырған жәйт - бізде кез-келген тауарды сатып алғанда қосымша 12% салық салынады, оны тауармен бірге төлейміз. Ал бұл жерде он долларға бірдеңе алсаң, ол кассада 11 доллар болып тұрады. АҚШ-тың барлық штатында салым мөлшері әртүрлі, мен тұратын Нью-Йоркте ол 9 пайыз шамасында, Калифорния штатында - 13 пайыз. Біз басында осыған таңырқа қарадық. Кейде үйден алып шыққан ақшаң жетпей қалуы мүмкін. 

Бірақ бір жақсы жері, бұл салық азық-түлікке салынбайды екен. Бұл да мемлекеттің азаматтарына жасалған жеңілдігі деп білемін өзім. 

- Баламен АҚШ-қа аттану қиын емес пе? Балаларға қандай жағдай жасалған? Қайда орналастырдыңыз?

- Балалармен АҚШ-қа келіп өмір сүру оңай емес, айтып кеткендей, табыс пен шығыс айырмашылығы біздікіндей емес. Кішкене іштей жүрексіну болды. Әсіресе, достарымыз бен туыстарымыздың тарапынан. Әрқайсысының көзінен біздің бес баламен кетіп бара жатқанымыз үшін уайымдап, алаңдап тұрғаны байқалатын. Бірақ бұл елде тіпті жұмыс істемейтін, панасыз, біз "БОМЖ" дейміз ғой, адамдардың өзіне өлмейтіндей жағдай жасалған. Күнделікті ыстық тамағын беріп тұрады. Ең қуанытыным, түрлі әлеуметтік көмек шетелден келетін студенттер мен олардың отбасыларына да қарастырылған. Мысалы, мен Қазақстаннан келгеніме, балаларымның қазақ екеніне қарамай, бірден мектепке орналастыруға белгілі бір мекемелер бар "Family welcome center" деген сияқты, солар көмектесті. Одан кейін мектепте таңғы ас пен түскі ас тегін беріледі, қосымша үйірмелері де тегін. Медициналық сақтандыру АҚШ-та қымбат қой, бірақ табысы төмен отбасы ретінде ол да бізге тегін болды. Медицинасы дамыған. Сондықтан бізге Қазақстаннан көрі осы ел жайлы сияқты болып отыр.

АҚШ-тың білім беру жүйесі бізбен салыстырғанда басқа ғой. Мұнда әрбір балаға тұлға ретіндей қарайды. Оқу бағдарламаларын да қарасаңыз, өмірге керекті, болашақта кәдесіне жарайтын пәндер үйретіледі. Бастауышта оқитын балаларымның өзі онлайн сабақ оқып жатыр, мұнда кішкентай кезінен бастап компьютермен жұмыс жасауды үйретеді. Сондықтан қиындығынан көрі игілігі басым деп ойланып қалдым. АҚШ-қа оқуға түскендегі де мақсатым, өзім ғана оқып қоймай, балаларым да осы елді көріп, тәжірибе жинасын деген ой еді. Осы арманым қазір орындалып жатыр. Балаларым мықты елдердің бірінде білім алып жатыр, танымы кеңейіп жатыр. "Болашақ" бағдарламасына осы үшін ризамын. 

Жалғасы бар...

 

Сұхбат алған: Жанар Жансейіт

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр