Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назипа Шанаи: Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – қоғамдағы ауызбіршілікті, келісімді нығайту

ҚХА Аналар кеңесінің төорайымы Назипа Шанайдың жиындағы сөйлеген сөзі жарияланды. 

Назипа

2014 жылдан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымы ретінде қызмет істеп келе жатқан Аналар кеңесі бүгінгі таңда 1 832-ге жетіп, 13 мыңдай белсенді ананың басын біріктіріп отыр.

Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – қоғамдағы ауызбіршілікті, келісімді нығайту.

Кеңес өз жұмысын қоғамның тынысымен сәйкестендіре отырып жүргізеді.

Мысалы, отбасылық өмір қиындықтары; саны артып келе жатқан ажырасу мәселесі; тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері; жасөспірімдер арасындағы келіспеушілік пен өзіне қол жұмсау; нашақорлықтың кең тарауы; интернетке тәуелділік мәселелері бойынша жобалар жүргізіліп, 44 мыңнан астам адам қамтылды.

Пандемия кезеңінде біз түсіндірме жұмысын жүргізіп, "Маскаларды өздеріміз тігейік" деген бастама арқылы 60 мыңнан астам бетпердені тегін тараттық. Ауруханада, блокпосттарда үзіліссіз қызмет етіп жатқан қызметкерлерге ыстық тамақ жеткізуді ұйымдастырдық.

Биылғы республикалық "Ана әлдиі" байқауы, Семей полигоны жабылуының 30-жылдығына арналған "Ақ орамал" акциясы, тағы басқа шаралар онлайн форматта өткізілді.

Бүгінгі таңда Аналар кеңесінің жұмыс бағыты кеңеюде.

27 қыркүйек күні республикалық "Әкелер одағымен" меморандумға қол қойылып, ортақ іс-шаралар жоспары бекітілді.

"Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт" атты республикалық жоба арқылы Аналар мектебін қалыптастыру жұмысы басталды.

Құрметті Кеңес мүшелері!

Президенттің Жолдауы – бұл мемлекет пен қоғам дамуының стратегиялық жоспары. Бұл жоспардан қоғамның әр мүшесі өзінің болашағына бағдар және міндеттеме алады.

"Жолдау орындалу үшін біз не істеуіміз керек?" деген сұраққа жауап ретінде Аналар кеңесі келесі міндеттерді алдына қойып отыр:

Біріншіден, қазақ тілін білетін азаматтарды тәрбиелеу.

Бұл өзекті мәселені шешу мақсатында Аналар кеңесі қазақ отбасыларының арасында түсіндірме жұмысын жүргізу және оларға ана тілін үйренуге көмек көрсетуді ұйымдастырады.

Әр отбасының анасы, әжесі сол үйдің қазақ тілін үйрететін ұстазы болуы керек! Ұрпақ сонда ғана сөйлейді!

Қазақтар тілдік орта құрмай – ешкім қазақ тілінде сөйлеп кетпейді. Бұл – ұлт алдындағы қазақ аналарының ең үлкен парызы.

Екінші, балаларымызды мамандық таңдауда ғылымға, педагогикаға, медицинаға, энергетикаға, ауылшаруашылығына, IT-технология салаларына бағыттау керек. Бұл елімізге қажетті мамандықтар.

Үшінші, білім мен біліктілік арқасында өз еңбегімен табыс табуды - масыл болмауды үйрету.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің балаларға ерте кәсіби бағыт беру туралы тапсырмаңызды Аналар кеңесі қолға алады. Біз, Үкімет пен "Атамекен" ұлттық палатасының осы бағыттағы жұмысына белсене қатысуға дайынбыз.

Сонымен қатар, көптеген аналарға жол ашқан "Қарапайым заттар экономикасы" мен "Бизнестің жол картасы" бағдарламаларының жалғасын тапқаны үшін қуаныштымыз. Баламен үйде отырған ана үшін бұл жобалар өте тиімді болып отыр.

Қорыта айтқанда, аналар өзінің тарихи миссиясын – біріктіруші, жылу беруші, тәрбиелеуші, көмектесуші ретінде кеңес жұмысы аясында әрі қарай жалғастырады.

Дидар Халық
Бейсенбі, 21 Қазан, 2021 17:46
Талқылау