Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нанның пайдасы мен зияны: Нанды көп жейтіндер нені білуі керек

Бір бөлке қара нанның ақ нанға қарағанда пайдалы екені рас па? Ал нанды етпен жеуге болмайды дегенге сенуге бола ма? Және глютеннен қорқуымыз керек пе? Stan.kz ақпарат агенттігі нанның пайдасы мен зияны туралы көкейімізде жүрген сұрақтардың жауабын ұсынады.

Нанның пайдасы мен зияны: Нанды көп жейтіндер нені білуі керек?

Біздің ойымызша: Нан тезірек тоюға және ұзақ уақыт тоқ жүруге көмектеседі, сондықтан одан бас тарпау керек.

Шындығында: Егер артық салмағыңыз болса және оның ұлғайғанын қаламасаңыз, нанға шектеу қойған жөн. Нан – айтарлықтай құнарлы тағам. Бастысы, оны жұмсақ сұрыпты ұннан жасайды. Өз кезегінде ол жылдам глюкозаға айналады. Нанның гликемиялық индексі жоғары, сондықтан қандағы қант мөлшерінің артуына, артық салмақ қосуға және бауырда май жиналуына ықпал етеді. Демек нан жеуге болмай ма? Иә, семіздіктен зардап шегетіндерге бас тартқан жөн. Ал өзгелеріне нанның негізгі тағамды толықтырушы деп қабылданғанымен, негізгі асқа қарағанда, нанның құрамында калория мен жеңіл көмірсулар көбірек екенін естен шығармаған абзал. Әр нәрсенің белгілі бір мөлшері бар. Бір тілім нанның салдарынан калорияның тәуліктің нормадан аздап асуы айлар мен жылдардан кейін артық салмаққа алып келіп, екінші дәрежелі қант диабетіне шалдығу қатерін арттырады. 

Біздің ойымызша: Ақ нанға қарағанда қара нан пайдалырақ.

Шындығында: Екі нанның құрамы, көмірсулардың мөлшері мен құнарлылығы бойынша бір-бірінен айырмашылығы аз. Қант диабетіне шалдыққанда ақ нанды қара түріне алмастыруға болады деген сөздер аңыз болып табылады. Олардың арасындағы жалғыз айырмашылық, қара нандағы көмірсулардың көзі – қарабидай ұны. Ол қышқылырақ, сондықтан асқазан сөлінің өңешке түсуінен зардап шегетіндерде аурудың асқынуын тудырады. 

Біздің ойымызша: Нанның глютенсіз түрін жеген дұрыс. Себебі глютен зиян.

Шындығында: Глютенсіз нан – бұл күріш немесе жүгері ұнынан жасалған нан. Жүгері ұнынан жасалған жұқа нан – әлемдегі көптеген халықтардың асханасының ажырамас бір бөлшегі. Олар өте дәмді. Алайда медицина тұрғысынан қарағанда, оның кәдімгі ақ немесе қара наннан айырмашылығы жоқ. Бір ғана айырмашылығы – олардың құрамында глютен, яғни кей адамдарда ішектің қабынуын тудыратын ақуыз жоқ. Ішектің глютенмен зақымдалуы целиакия (глютенді энтеропатия) деп аталады және шамамен адамдардың 1 пайызында кездеседі. Бүгінде «желілік сарапшылардан» «ішектің тесілуі» мен улы глютен туралы әңгімелерді жиі естуге болады. Олар глютенсіз диетаны қажет етпейтін адамдарға ағзасының глютенді көтере алмайтынын дәлелдеместен немесе ол үшін IgG4 антиденелерді анықтауға арналған қан талдауын пайданалып, диетаның осы түрін ұсынып жатады. Ал шындығында целиакияны анықтау жолы мүлдем басқа. Егер сізден мұндай диагноз анықталмаса, нанның қандай ұннан жасалғанының айрмашылығы жоқ.

Біздің ойымызша: Ашытқы қосылған нан газ түзілуін тудырады, сондықтан оны жемеген дұрыс.

Шындығында: Кез келген нан газ түзілуін тудыра алады. Ішектегі бактериялар нанның құрамындағы «жеңіл көмірсулардан» газ және сүт қышқылын жасайды. Алайда мұндай құбылыс барлық адамда бола бермейді. Тек аш ішекте бактериялардың көбеюі синдромы кезінде ғана кездеседі. Өз кезегінде ол қант диабеті, семіздік және құрамында көмісулар көп тағамдарды шектен тыс мөлшерде жеумен қатар жүреді. Бұл процеске ашытқының қатысы жоқ. Сонымен қатар ол қамырды ашытқанымен, пісіру кезінде жойылып кетеді. Ал «ашытқысыз нандарда» дәл сол ашытқы пайдаланылады, алайда ұйытқы түрінде. 

Біздің ойымызша: Нанды етпен жемеген дұрыс. Бұл ас қорытылуын қиындатады. 

Шындығында: Қиындатпайды. «Тағамдарды араластырмай жеу» - ғылыми тәжірибе емес. Астың қорытылуы ұйқы безінің ферменттері арқылы жүзеге асады. Ал нанды қорытатын амилаза және етті қорытатын трипсин и липаза ферменттері қатар бөлінеді және бір-бірінің жұмысына кедергі келтірмейді. 

Біздің ойымызша: Жаңа піскен наннан бас тартқан жөн. Себебі ол да ауыр қорытылады және ішекте жайсыздық тудыруы мүмкін. 

Шындығында: Жаңа піскен нан ұзағырақ қорытылады. Жаңа піскен нанды көп жеген адамдарда ішек бітелуі болған жағдайлар белгілі. Сонымен қатар жаңа піскен нан рефлюкс (асқазан сөлінің өңешке түсуі) тудыруы мүмкін. Алайда оны белгілі бір мөлшерде ғана жесе, зияны жоқ.

Әрине, нанның зияны көп сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда оның дұрыс пайдалануды қажет ететін аспаздық құрал сияқты екенін түсіну керек. Кез келген тағамды көп жеудің өз қатері бар. Сондықтан мөлшерін біліп жеу керек. Ас атасы саналатын нан кез келген үйдің дастарханына міндетті түрде қойылады. Егер оны көп жеудің зияны қандай екенін білсеңіз, қиындықтар болмайтыны анық.

Талқылау