Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұят әрі көңіл қаларлық оқиға": Жетісу облысының әкімі Талдықорған полиция бастығының ұсталуына қатысты ойын айтты

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев 27 жастағы қызды зорлады деп күдікке ілінген Талдықорған қалалық ІІБ бастығының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

марат күштібаев

Ол бұл жайлы Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтты.

“Мен бұл жерде ешнәрсе айтпаймын, ақталғандай болғым келмейді. Мұндай әрекетті қоғам сенім артқан, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ететін мемлекеттік құқық қорғау органының басшысы жасап отырса. Ұят әрі көңіл қаларлық оқиға. Мұндай адамдар полиция қатарында болмауы тиіс. 10 күн бұрын облысымызға Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері келіп, қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілді”, – деді Жетісу облысының әкімі журналистердің сұрағына жауап беріп тұрып.

Облыс әкімі атап өткендей, Жетісу облыстық ІІД бастығы мен оның екі орынбасары қызметінен босатылған.



“Қалған екі орынбасар өздерінің лауазымдық қызметтеріне толық сәйкес емес деген шешім қабылданды. Енді облыстық ішкі істер департаментінің басшысы қызметіне жаңа азамат келді. Қалалық ішкі істер бөлімінің бастығы лауазымына адам іздеп жатырмыз. Министр екеуміз офицерлердің жалпы штабымен, қала мен облыстағы штабтармен, ішкі істер департаментімен жеке кездесу өткіздік. Бұл еркін әңгіме болды”, – деді Бейбіт Исабаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Талдықорған полициясының басшысы зорлады деген күдікпен ұсталған болатын. Кейін ол екі айға қамауға алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының 2-бөлігі ("Адамның қызметтік міндеттерін атқару кезінде жасаған зорлау") бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Талқылау