Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр пәтерді жалға берушілерге арналған қор құру бастамасын ұсынды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеке жалға беру қорын құру бастамасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қазақстанда жеке жалға беру қорын құруды ұсынды. 

Оның айтуынша, жеке жалдау қорларына инвестиция салатын адамдар тұрақты табыс ала алар еді.

"Қазіргі жалға беру қорларынан адамдар баспана алады. Бір пәтер, екі, үш, содан кейін олар жалға алушыларды іздейді. Қарым-қатынас барлық жағдайда құқықтық салада жасала бермейді, шарттарға келіседі. Сосын жалға алушылардан кейін үй иесінде проблемалар пайда болады. Оны қайтадан жөндеу қаажет болады”, – дейді министр. 

Айтуынша, мұның бәрі – бітпейтін циклдер. 

“Ал біздің айтып отырғанымыз ыңғайлы жағдай жасау үшін ұсынылып отыр. Тұрғындар ақша салып, пәтер сатып алып, жалға бере алатындай жеке жалға беру қорын құрайық. Оның ішінде мемлекет те жалға берілетін тұрғын үйлерді пайдаланады. Бұл жылжымайтын мүліктен түсетін тұрақты табыс және оған бәрі: журналистер де, мұғалімдер де, мемлекеттік қызметкерлер де қатыса алады. Ал қорды басқару ай сайын немесе тоқсан сайын қосымша табыспен қамтамасыз етер еді", –  деді министр. 

Оның айтуынша, мұндай қор пәтер иелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жалға алушыларды іздеу сияқты "бас ауруынан арылуға" көмектеседі.

"Мұны басқалар жасайды. Сіздің ақшаңыз 100 пайыз жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген. Біз пайда шамамен тоғыз пайыз болады деп есептедік. Егер инвестиция болса, онда бұл дұрыс ұсыныс болады. Егер болмаса, онда жүйе жұмыс істемейді", – деді Өскенбаев.

Министр бұл идея әлі мемлекеттік органдармен келісілмегенін атап өтті.

Талқылау