"Мықты бір кәріс екен деп ойладым": Отандық журналист Бейсен Құранбекпен болған қызықты оқиғасын айтты

Қазақстандық жас журналист Тәуірбек Бозекен Бейсен Құранбекпен болған қызықты оқиғасын айтып берді. Айтуынша, марқұммен телефон арқылы сөйлескен. Ол кезде күлкі ұялатқан әңгімені бүгін естелікке айналып отыр.

Бейсен Құранбек: Мен үлкен қалаларда тұрып үлгeремін, ал әзір мүмкіндік бар кезде анамның қасында болайын

Бұл туралы желідегі парақшасында жазды. 

Кешелі бері Бейсен аға туралы айтылып та, жазылып та жатыр.
Көңілің құлазып, жүрегің езіліп кете жаздайды екен. Амал нешік, қайтеміз?!

Мен қазір Бейсен ағама қатысты қызықты оқиғаны айтып берейінші.

Қалың жұрт «Айтуға оңай» бағдарламасын теледидардан асыға күтіп отыратын кез. Мен ол шақта таңғы бағдарламаның жас тілшісімін. «Таңшолпанның» эфиріне күнде бір сюжет беретінбіз. Кейде түсіретін тақырып таппай қалам. Содан, баяғы қалпымша қулыққа басам ғой, мен. Оператор мырза екеуміз камераны сайлап, объективті «Айтуға оңайдың» студиясына қарай бағыттаймыз. Менің микрофоным қолда, сұрақтар дайын. Оператор камераның шүріппесін «міне-міне» басуға әзірленіп тұр. Түсірілімнен шыққан танымал тұлғаларды бір-бірден іліп әкетіп, сұрақтарды жаудырамын кеп. Оны байқап қалған Бейсен ағам «Әй, батырым...» деп қасымнан жымиып өтіп кететін.
«Айтуға оңайдың» қызметкерлері бір күнде 3-4 тақырыптың аясын қамтып түсірілім жасаса, мен «Таңшолпанға» 10-15 сюжет әзірлеп, мәз болып қайтатынмын. Ұлттық арнада ертең «Айтуға оңайдың» съемкасы дегенде, ең бірінші болып мен қуанытын едім.

Бір күні продюсерім Гүлжан Орынбай алқынып-жұлқынып кабинетке кіріп келді де:

- 1 мамыр таяп қалды. Керемет бір сюжет жасау керек. Тәуірбек, сен жасайсың! Алматыда бір кәріс бар. Қазақшаға судай енді. Күй шертіп, ән шырқайды. Қысқасы соны тауып ал. А, айтпақшы, жақында «Айтуға оңайға» келді, ол кісі...» деп тапсырманы шегелеп тастады.

- Бейсен ағама, қонаққа келсе болды онда,-деп қуанып кеттім. Бірден «Айтуға оңайда» жұмыс істейтін әкімші қыздардың біріне телефон соғып, әлгі кәрістің нөмірін сұрап алдым. Сөйтсем олар, қателесіп өнерпаз кәріс емес, журналист Бейсен ағамның телефон нөмірін беріпті.

Ойымда ештеңе жоқ. Бірден телефон шалдым. Өзімше жалған ұлтшылдығым тасып, «қазаққа деген құрметі қандай екен?» деп тексеріп көрмек болып:

-Ассалаумағалейкүм, аға,-деп хәл сұрасып ем.

-Уәғәлейкүмассалам, батырым, - дейді тұтқаның арғы жағынан, кәріс мырза. Ішімнен «Мә, расында қазақшаға судай екен» деп қоям.

-Аға, «Таңшолпан» бағдарламасынан хабарласып тұрмын. 1 мамыр келе жатыр. Сізден құттықтау жазып алып, сюжет жасасақ деген жоспар бар,-дедім ғой жаңағы, кәріс деп ойлап тұрған, Бейсен ағама.

-Мен, ондайға көп жоқпын, бауырым. Оның үстіне қазір жұмыс қауырт болып жатыр,-деп тартыншақтай бастады.

-Жоқ, аға, еш қысылмаңыз! Керек десеңіз кешкісін сіздің үйіңізге барып түсірілім жасайық. Қазақшаңыз да жақсы екен. Сізді домбыраның құлағында ойнайды деп естідім,-деп сұхбатқа келісім беру үшін мақтай бастадым.


Бейсен Құранбек: Құдайдан апам, әкем, шешем үшеуіне он-он жылдан 30 жасымды берші деп жалындым


-Иә, домбыраны бала кезден шертеміз. Енді, қазақша сөлемегенде орысша сөйлемейміз ғой, - деп күліп жіберді. Мен ішімнен "мынау бір мықты кәріс екен" деп топшыладым.

- Қазір қайдасыз, аға?! Тым болмаса, сізден тек құттықтау жазып алайықшы,-деп едім:

- Жарайды, келіңдер! Жұмыстамын ғой, «Ұлттық арнада»,-дегенде 20 секундтай ойға шомып кеттім.

- Аға, сіз Олег Кимсіз бе?-деп едім.

- Жоқ а, Бейсенмін ғой...,-дегенде не күлерімді, не жыларымды білмей қалдым.

- Мә, мен қателесіп кеттім, кешіріңіз, Бейсен аға...-дегенше:

- Сен, Тәуірбек батырсың, бейй?,-деп күліп жіберді.

Ертесіне, Бейсен ағаммен дәлізде арқа-жарқа болып, күлісіп көрістік.

Кейін, ағамен Астандағы «Казмедиа орталығының» жеделсатысында кездесіп қалдық. «Сен ешкімге айтпай, Астанаға кетіп қалыпсың ғой...» деп жылы шырай танытты.
2017 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасын тәмамдап Ұлттық арнаның «Таңшопанына» қайтып келдім. Бір сәті түсіп «Айтуға оңайдың» мерекелік түсіріліміне қатысқам. Бірақ сол кезде Бейсен ағаммен соңғы рет дидарласуым, соңғы рет жүздесуім деп ойламаппын. Бақұл бол, аға.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр