Мектептің ішінде де қауіп барын көріп отырмыз - Үкімет басшысы
Бүгін үкімет отырысында Петропавл қаласындағы мектепте болған оқыс оқиға қаралды. Үкімет басшысы осы мәселеге байланысты бірнеше министрлікке тапсырма берді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Бұл – өте қауіпті жағдай. Халықтың арасында үлкен алаңдаушылық тудырды. Балаларының қауіпсіздігіне алаңдамайтын отбасы жоқ. Мектептің ішінде де қауіптің барын көріп отырмыз. Сондықтан, бұл мәселені қайта қарап, оқу орындарына тексеру жүргізу қажет”, - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы аталған оқиғаның алдағы уақытта қайталанбауы үшін бірнеше министрлікке тапсырма берді.
“Бейнекамералардың санын көбейтіп, мектепке кіреберіс жерлерде бақылауды күшейту мәселесін қарау керек. Ішкі істер министрлігі келісілген ұсыныстарды енгізсін. Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккен балаларды емдеуді ерекше бақылауға алсын. Оқу-ағарту министрлігі Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, қауіпсіздік сабақтарын әзірлеуі керек”, - деді Әлихан Смайылов.
Еске салсақ, Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, бірнеше баланы жарақаттаған болатын.
“Осы факті бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Заңды өкілі анасы болып анықталды. Күдіктінің психикалық денсаулығында проблема болған. Алматы қаласының Республиалық психикалық денсаулық ғылыми-тәжірибелік орталығы жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырға рұқсат берген. Тергеу барысы бақылауға алынды, оның нәтижелері бойынша қылмыс мен заңды бұзудың себептері мен жағдайларының алдын алу туралы ұсыным енгізіледі”, - деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев үкімет отырысында.