Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Электр велосипедін мас күйде айдағаны үшін қазақстандық ер адам қамауға алынды

электровелосипед
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысының Меркі ауданында алкогольдік масаң күйде электр велосипедін басқарған ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сот оның кінәсін толық дәлелденген деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Меркі аудандық соты алкогольдік масаң күйде электр велосипедін басқарған азаматқа қатысты әкімшілік істі қарады.

Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың шілде айында жүргізуші куәлігі жоқ азамат Ш. Меркі ауылында "Evestar" маркалы электр велосипедін мас күйде басқарған.

Сотта оның кінәсі әкімшілік хаттамамен, тараптардың түсініктемелерімен, полиция қызметкерінің баянатымен және медициналық куәландыру қорытындысымен дәлелденді. Құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.

Сондай-ақ ол заң талаптарын білмегендіктен жүргізуші куәлігін алмағанын айтқан.

Сот Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабының 6-бөлігі (Көлік құралын масаң күйде басқару немесе оны масаң адамға басқаруға беру) бойынша азаматты кінәлі деп танып, оған 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Астанада Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов мас күйде көлік жүргізіп ұсталған еді.

Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Олимпиада чемпионы, 2013 жылғы әлем чемпионы, 2010 және 2014 жылдардағы Азия ойындарының жеңімпазы, сондай-ақ Азияның екі дүркін чемпионы (2013, 2015).

Айым Атамбаева
Жұма, 07 Тамыз, 2026 16:26